Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытовтың бірінші некесі – Волкова Вера Александровна(т.ж.б. – ө.ж.б.)

Жүсіпбек Аймауытов алғашқы жұбайы орыс  ұлтынан Вера Александровна Волковамен Орынборда кездескен. Жүсіпбек Аймауытов пен Волкова Верадан ұлдары Бектұр және Жанақ туған. Вера Александровна Ж.Аймауытовтың  билік органдарының көрген көптеген қысымдарынан  қорқып, өзіне қауіп төндірмеуге шешім қабылдап, күйеуі мен ұлдарын тастап, Орынборға кетті деген нұсқа бар. Тағдырлары жараспаған қос жұп ажырасқаннан кейін Жүсіпбек Аймауытов 4 жастағы Бектұр мен 1 жастағы Жанақты туған бауыры Жақыпбектің қолына әкелген. Вера Волкованың кейінгі тағдыры туралы деректер табылмады. 

Жүсіпбек Аймауытовтың бірінші некесі – Волкова Вера Александровнадан туған балалары

 Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов (1916 – ө.ж.б.)

Бектұр Аймауытов 1916 жылы дүниеге келген.

Бектұр бала кезінен сурет салуға, сызу сызуға шебер болып, физика, математика сабақтарынан  үздік болған. Мектепте Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатовамен бірге оқыған.

Бектұр мен Жанақтың кішкентай кездерінде  әйгілі Мәшһүр Жүсіп арнайы келіп, олардың бастарынан сипап, еркелетіп, хал-жағдайларын біліп тұрған екен. Мәшһүр Жүсіптің «Жүсіпбек, Бектұр, Жанақ аманбысың», – деп басталатын өлеңі де бар.

Әкесі Жүсіпбек Аймауытов ұсталып кеткеннен кейін Аймауытовтар отбасы нағашыларын паналап, алдымен Шымкентте сонан кейін Ақтөбеге қоныс аударған.

Бектұр Аймауытов өзінің әңгімесінде «Әкемді ұстап алып кеткен соң үйімізде жан бағу мәселесі қиындап кетті. Ашаршылықтың араны ашылып тұрған кез еді. Өгей шешем Евгения Кириловна Қызылорда қаласындағы бас дәріханаға жұмысқа орналасты. Мамандығы аптекашы еді. Үлкен қалаларда жаппай ФЗО (фабрика-завод жеті жылдық мектебі) ашылып жатқан кез. Өгей шешем мені шақырып алып: «Уақыт өзгеріп жатыр. Буының қатпаса да өз жаныңды өзің бағып, нан тауып жейтін уақыт келді. Білім алуың керек. Таксира Бақтыгереевна  ертең Уфа қаласына жүргелі отыр. Сонымен бірге Уфаға барасың. ФЗО-ға түсуіңе көмек береді. Оның үстіне бұл жақта қудалау қаупі бар» деген соң Уфаға тартып отырдым.   ФЗО-ға қабылданып, электро-монтер мамандығы бойынша үш жыл оқыдым. Бұл кезде үйіміз Шымкентке көшіп кеткен. Жұмысқа орналасып, алғашқы айлығымды өгей шешеме беріп, қуанттым», – дейді.

Бектұрдың соңынан «Алашорданың баласы» деп шырақ алып түскен соң, ізін жасырып, Түркіменстанға өтіп кетеді. Онда малдәрігерлік педтехникумға түсіп оқып жүргенде «Қызылізшілер тағы да соңына түсіп, Шымкентке келіп, одан тікелей Қазанға өтіп кетеді.  Қазан қаласында өз мамандығы бойынша әскери зауытта өз мамандығы бойынша әскери зауытта электромонтер болып жұмыс істеп жүрген кезінде шошқа бағуға көндіреді. Шошқаның торайын өлтірдің, өзің «Алашорданың баласы екенсің» деген желеумен 1937 жылы желтоқсан айында 10 жылға сотталып, 1948 жылы айдаудан қайтады.  Содан үнемі қара жұмысқа жегілетін шахтерлар қаласы бар Кемерево облысына қоныс аударып, ең ауыр жұмыстарға жегіліп, зейнетке шығады.

1965 жылы ғана 1935 жылғы Евдокия атты орыс ұлтының қызына   үйленіп, 1966 жылы ұлы Виктор, сонан кейін қызы Рима дүниеге келеді.  Ұлы Кемеровадағы политехникалық институтта оқыған. Қызы Рима латыш ұлтына тұрмасқа шығады.

1994 жылы 78 жасында Қазақстанға өзінің туған жері Баянауылға келіп, ата-бабасының рухына тағзым етеді. Туған ауылына келіп, әкесі туған, тұрған үйінің жұрнағын халыққа өзі тауып берген.  Сол өңірдегі жеке-жеке орналасқан ауылдың жұрнақтарын, көпшілік білмейтін орындарды халыққа таныстырған.

Бектур өзінің ағасы Жанақ мен қарындасы Муза жайынан көп жылға дейін хабарсыз болады. Бектұр Жүсіпбекұлы екі жыл бойы Алматыдағы қариялар үйінде тұрған.

Жанақ Жүсіпбекұлы Аймауытов (1920 – ө.ж.б.) 

Жүсіпбек Аймауытовтың екінші ұлы — Жанақ 1920 жылы 18 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен есеп-қисапқа өте жүйрік болған.  Әкесін ұстап әкеткенде Жанық небәрі  9 жаста болған.  Жанақ өзінің атын өзгертуге мәжбүр болып, Евгений Юрьевич болып атанған. Алайда, бұл оны қудалаудан құтқарған жоқ. 1941 жылы оны «халық жауының ұлы» деп танып, еңбек армиясына жіберілген. Соғыстан кейін «Қуғынға ұшырап кетпеймін бе?» деген қорқынышпен тұрмыстың қиыншылықтары оның бейбіт өмір сүруіне кедергі жасады.
Ол Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп, «алған білімімді жалғастырамын» деп, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің физико-математика факультетіне оқуға түседі.

“Менің әкем-нағыз адам, азамат, қоғам қайраткері. Мен оның талантты жазушы, үлгілі педагог, ақын, аудармашы болғанын мақтан тұтамын”, — деп жазды Жанақ.

Ол Қырғызстанның Бішкек қаласының маңындаға Новопавловка селосында тұрған.

Жанақтың әйелі Вера орыс ұлтынан болған. Екі қызы Валентина мен Надежда Москвада тұрған. Ұлы Владимир Ленинград әскери округінде офицер болған.

 

Жүсіпбек Аймауытовтың екінші некесі – Сермұхамедова Евгения Қарабатырқызы (1897- 1987) 

Жүсіпбек Аймауытов болашақ қызы Музаның анасымен Қазанда кездескен. Екінші жұбайы – Сермұхамедова Евгения Қарабатырқызының анасы – орыс, әкесі – қазақ ұлтынан. Ол белгілі мал дәрігері Қарабатыр Сермұхамедов. Аймауытов  “Ақ жол” газетінен шеттетілген кезде екінші жарын өзімен бірге Шымкентке алып кетіп, педагогикалық колледжде жұмыс істеген. Сол кезде ұлдары Бектұр мен Жанақ та әкесі Жүсіпбек пен Евгения Қарабатырқызының тәрбиесінде болады.

1931 жылы Жүсіпбек атылып кеткеннен кейін Евгения Кириловна Қызылорда қаласындағы бас дәріханаға өз мамандығы бойынша  аптекашы  болып жұмысқа орналасады.

Евгения Қарабатырқызы отбасылық суреттер мен Жүсіпбектің жеке заттарын ұзақ уақыт сақтап, 1991 жылы Павлодар қаласына барып, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне тапсырған.

Жүсіпбек Аймауытовтың екінші некесі – Сермұхамедова Евгения Қарабатырқызынан туған балалары 

Мағрипа (Маруа, Муза) Жүсіпбекқызы Аймауытова (1926)

 

Ж.Аймауытовтың екінші некесінен 1926 жылы 3 мамырда Орынбор қаласында Мағрипа (Маруа,Муза) деген қызы дүниеге келген. Сүйікті әкесі оны еркелетіп Муза деп атаған.

Жазушының қызы Мағрипа Жүсіпбекқызы 1929 жылы небәрі төрт жаста болса да, ол әкесін қалай тұтқындағанын, бүкіл үйді қалай өзгерткенін есіне алады… “Анамнан  әкемнің ерекше дарынды адам екенін білдім. Әкем үстел басында отырады, жұмыс істейді, үстелде жасыл шамшырағы бар шам бар”, – деп жадында қалған әсерлерін жазады.

Мағрипа мектепті сәтті оқығаннан кейін Ташкент жоғары кәсіподақ мектебіне түсіп, кейін ВЦСПС жанындағы Мәскеу жоғары кәсіподақ мектебінде оқуын жалғастырып, экономист мамандығын алып шығады. “Ақтөберентген” АҚ бөлім бастығы болып жұмыс істеп, геология қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы болады. Ақтөбеге мұнай барлау экспедициясының бағыты бойынша келген экономист Львов тұрғыны Степан Степанович Сахноға тұрмысқа шыққан. Отбасында Наталья мен Татьяна есімді қыздары болды.  Осы екі қызынан Оля, Саша, Анна, Мария атты Жүсіпбектің ұрпақтары бар.

Немерелері Қазақстанда, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында тұрады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Аймауытов Ж. Өз жайымнан мағлұмат / Ж. Аймауытов, А Әлдибекова // Аңыз адам. – 2014. – №17. – Б. 8-10
  2. Әлімбаев М. Бектұр Аймауытов, қайдасың сен?// Лениншіл жас. – 1990. – 12 сәуір. – Б. 2.
  3. Оралбаев Ә. Аймауытовтың қызы Ақтөбеде тұрады // Лениншіл жас. – 1990. – 17 сәуір. – Б. 3.
  4. Тасымбеков А. Жоғалып табылған асылдың сынығы // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 28 қазан. – Б. 10-11