Жоба туралы
2017 жылы – «Алаш» автономиясының негізі қаланғанына және Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл. Осынау мемлекеттік және халықаралық маңызы зор мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «Алаш» электрондық кітапханасын құру жобасын қолға алып, біршама көлемді жұмыстар атқарды. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы Қазақстан көлемінде ғана емес, шет мемлекеттердің де тарихи-мәдени және білім мекемелерінен мазмұнды материалдар жинастырылды.
Электрондық кітапхананың мақсаты – Алаш қайраткерлерінің барлық мұралары мен олардың шығармашылығы туралы басылымдарды, қазіргі заманғы алаштанушылардың ғылыми еңбектерін еліміздегі және шетелдердегі кітапханалар мен архивтерден, музейлер мен жеке авторлардың қорынан жинастырып, қазақ және орыс тілдерінде сандық форматта Интернет пайдаланушыларына кеңінен ұсыну, ақпаратқа қолжетімділігін арттыру.
Электрондық кітапхана қорының басым көпшілігін әдебиеттер мен Қазақстан көлемінде шыққан мерзімді басылымдардың көшірмелері құрайды. Кітапхана қорына басылымдарды орналастыру Қазақстан Республикасының авторлық құқық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды.
Бұл жобаның сәтті орындалуына қол ұшын берген отандық кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттар, сондай-ақ, шетелдік мұражайлар мен мұрағаттардың мамандарына алғысымыз шексіз. Біздің бастаманы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, еліміздегі облыстық кітапханалар мен мұражайлар, мұрағаттар және Бішкек, Қазан қалаларындағы мемлекеттік архивтер қолдады. Барлығы 10 кітапхана, оның ішінде 3 жоғарғы оқу орнының кітапханалары, 17 мұражай, 8 мұрағат серіктес болды.
Жобаны жүзеге асыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылды.
Бірінші кезеңде – әрине, ХХ ғасырдың басында Мәскеуден, Орынбордан, Қызылордадан жарық көрген алаш қайраткерлерінің құнды мұралары сақталған көне кітапханамыздың сирек қорында бар мол әдебиеттер қоры, алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің жазбаларында жарияланған мақалалар қоры, сондай-ақ, бүгінгі алаштанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері жинақталды. Өз кітапханамыздың қорынан табылған әдебиеттердің тізімін жасап, өзімізде жоқ кітаптарды еліміздегі басқа кітапханалардын қорларынан берулерін өтініп, серіктес болуға шақырған хаттар жолданды.
Екінші кезеңде – жинақталған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалардың электронды көшірмесі жасалынып, кітапхананың электрондық каталогындағы «Алаш» деректер қорына орналастырылды. Алаш тақырыбында зерттеу еңбектері жарық көрген жеке авторлармен авторлық келісім-шарттар жасалды.
Үшінші кезеңде электронды кітапхана қорын маңызды да ерекше басылымдармен толықтыру мақсатында еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі ірі мұражайлар мен мұрағаттарға серіктес болып жұмыс жасауды ұсынған және біздің қорда жоқ кітаптар мен түрлі құжаттардың сандық көшірмесін берулерін өтінген хаттар жолданды. Нәтижесінде алынған құнды құжаттардың көшірмесі сұрыпталып, электронды кітапхананың қоры толықты.
Төртінші кезеңде электронды кітапхана интерфейсін жасау, оның құрылымы, түрлі айдарларды ақпаратпен толықтыру шаралары атқарылды. Алашорда үкіметінің белсенді қайраткерлері, мүшелері, кандидаттары, оқу комиссариатының мүшелері туралы және олардың есімдерімен аталған нысандар туралы ақпараттар рет-ретімен орналастырылды. Электрондық кітапхананың технологиялық негізі – Абай атындағы кітапхананың электронды каталогында құрылған «Алаш» деректер қоры болып табылады. WordPress бағдарламалық қамту программасы электрондық кітапхананың веб-нұсқасын құруға арналған платформа болды.
Электрондық кітапханада Алаш қайраткерлерінің шығармалары, олар туралы жазылған ғылыми еңбектер және республикалық, облыстық, қалалық мерзімді басылымдар беттерінде жария көрген мақалалар, архивтер мен музейлерден және алаштанушылардың жеке архивінен алынған құнды құжаттар қамтылған.
«Алаш» электронды кітапханасының жобасы осымен аяқталды деуге болмайды. Алаш туралы басылымдардың толық мәтініне деген ашық қолжетімділікті арттыру шаралары тереңірек қарастырылатын болады. Авторлармен, баспалармен келісім-шартқа отыру, еліміздің және шетелдердің кітапханалары, мұражайлары мен мұрағаттарынан құнды құжаттар мен басылымдарды іздеу жұмыстары жалғаса береді.