Құдайбердиев Шәкәрім

Шәкәрімнің бірінші некесі – Мәуен Бесбайқызы

Мәуен Бесбайқызы – Шәкәрімнің үлкен әйелі. Төркіні – Торғай руы ішінде Байтөре ауылындағы Бесбайдың қызы. «Мәуен әжеміз мінезі шайпау, бір беткей, аузына келгенін қақпай айта салатын адам екен. Тек қажыны ғана тыңдапты, сол кісіге ғана бағыныпты. Әжеміз өте сабырлы, ұқыпты адам болған көрінеді. Көшер алдында ел әбігер болып жүкті тиеп жүрсе, бұл кісі асықпай сандықтарын жинастырып отырыпты – деп естелік айтады. Кәмила Қапырқызы. Шәкәрім ноғай ауылындағы Айғаншаға ғашық болып, құда түсіп алмақ болған кезде, қыз әкесі ноғайлардың әйел үстіне қыз бермейтін әдетімен келісім бермейтін болады. Шәкәрім сенімді екі жолдасымен өз келісімін берген Айғаншаны алып қашады. Бұл іске Абай араласып, қалың мал, айып-пұлын төлеп, қыз берісіп, қыз алысатын мың жылдық құда болып келіседі. Айғаншаны алып қашып келгенде Мәуен бәйбіше «Келдің бе қарағым» деп бетінен сүйіп қарсы алған екен. Қайтымы тез, кең пейіл Мәуен қыз шешесі артынан қуып келгенде «мұны көргенше» деп бар дүниесін алып, жеке бөлініп кетіпті. Шәкәрімнің Мәуеннен көрген балалары – Әбусуфиян (Суфиян) және Ахмедтауфиқ. Ахмедтауфиқ ерте қайтыс болған. Ахмедтауфиқ туралы деректер жоқтың қасы.

 

Шәкәрімнің бірінші некесі – Мәуен Бесбайқызынан туған балалары 

Әбусуфиян (Суфиян) (1865-1925)

 

Әбусуфиян – Шәкәрімнің үлкен бәйбішесі Мәуеннен туған баласы. Шәкәрімнің тұңғышы Әбусуфиян заманында жезтаңдай әнші болған.  Оның алғашқы әйелі Зағипа бай ауылының қызы болған. Зағипадан туған қыз екі жасқа келгенде қайтыс болады. Ел ішіндегі бір әңгімеде, Мәуен бәйбіше қайтыс болған немересінің мәйітін құшақтап отырып, ұзақ уақыт ешкімге бермей қойыпты. «Жаз мезгілі, мәйіт бұзылып кетеді» деп ренжіген ағайын-туыстардың айтқанына көнбейді. Еріксізден Төлеухан мен Жәліш Мәуеннің қолындағы мәйітті күшпен жұлып алып, жерлепті. Мәуен бәйбіше болса, келіндеріне «Төлеухан мен Жәлішке ас бермеңдер» деп бұйырған екен. Кіндігінен тараған жалғыз қызы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Зағипа да дүние салады. Әбусуфиянның келіндей алған әйелі Сапурадан Мәймәна деген қызы, Талғатбек атты ұлы туады. Мәймәнадан туған Ғазиза мен Мәмпәсидің, Талғатбектің Берігінен қазір ұрпақтар бар. Суфиянның жеңгелей алған әйелінен Шәміл, Ғалия, Қалима туған. Шәкәрімнің осы немерелерінен де ұрпақтары бар. Олар қазір Абай ауданы, Семей қаласында, Қарағанды облысында, Балқашта тұрады.

Шәкәрімнің екінші некесі – Айғанша Махмұтқызы

Айғанша Махмұтқызы – Шәкәрімнің сүйіп қосылған екінші әйелі. Шәкәрім Айғаншадан бес ұл, үш қыз көрген. Олар: Ғабдулғафур (Ғафур), Ғабдулла (Қабыш), Жебірейіл, Ғабдулаха (Ахат), Зият, Жәкім, Кәми, Гүллар.

Айғаншаның төркін жұрты, Қазаннан келген ноғайлар. Құнанбайға Ысқақ ноғай ұнап, оған қамқорлық етеді де, қоныс береді. Ысқақ інісі Махмұтты көшіріп әкеліп, байып «бай ауылы» аталады. Шәкәрім Махмұтқызы Айғаншаны алып қашып үйленеді. Абай ағасының ақылымен, қайын жұртының көңілін табады. Айғанша икемділігінің арқасында елге сыйлы келін болады, оны Шәкәрім елі «Май апа» деп атайды. Шәкәрім өлтірілген соң Айғанша, балалары Ғафур, Қабыш, немересі Баязит НКВД тарапынан қудаланып, азап пен қорлықтың неше түрін көреді. Айғаншаның қашан дүниеден өткені жайында мәлімет жоқ, көзі ашық ұлы Ахат та ол жайында ештеңе жазып қалдырмаған. 

 

Шәкәрімнің екінші некесі – Айғанша Махмұтқызынан туған балалары 

Ғабдулғафур  Шәкәрімұлы (1883-1930)

Ғабдулғафур (Ғафур) – Шәкәрімнің Айғаншадан туған баласы. Ғафурдың балалық шағы туралы деректер мардымсыз. Оның өмірінің соңғы сәттері туралы мағлұматтар ғана сақталған. Ел басына ауыртпашылық түсіп, қызыл саясаттың қанды қақпаны жақсыларды жалмап жатқан шақта, Алашордаға қатысы бар деген желеумен Ғафурды да тұтқынға алады. Түрменің ауыр төзгісіз жайы жазықсыз жабылған нақақ жала Шәкәрімнің баласына қатты әсер етті. Өз болашағы ғана емес, халықтың басына түскен нәубеттің  қайтымының қиын екенін түсінген әрі қөрген зорлық-зомбылыққа төзбеген Ғафур өзіне-өзі қол жұмсайды. Баласының қапаста қайтыс болғанын естіген Шәкәрім қажы Гүлләрға жоқтау жазып жібереді. Оны Гүлләр мен Ғафурдың қызы кезекпен-кезек дауыстап, сұңқылдатып айтыпты дейді. Әмен Әзиев «Шәкәрім туралы Сұлутөредегі әңгіме» атты естелігінде, шынында Шәкәрімнің күйзелісі осы Ғабдулғафурдың өлімінен басталғаны анық – деп жазады.

Ғафур Семей түрмесінде өзіне-өзі қол жұмсап өлген соң, сүйегін түрмеден алып шығып, Ырызықбайұлы Медеухан Семей-Архат-Аягөз ескі жолы үстіндегі «Ұлықыз» бекетінде жерленген.

 

Ғабдулла (Қабыш) Шәкәрімұлы (1887-1932)

Ғабдулла Шәкәрімұлы – Абайдың әдеби мектебінен үлгі алған ақын, әнші. Айғанша Ыбырайқызынан туған екінші ұлы.

Қабыштың бізге жеткен өлеңдері Абай шығармалары  өрнегінің үлгісін айқын танытады. Ахат ақсақал ағасы туралы: «Қабыштың қабілеті бәрімізден артық еді. Ол ағай өлеңді қолма-қол айтып, ойын дөп түсіретін. 33 жасында қайтыс болды».

Қабыш ашаршылық зұлматын жамылып, талма ауруы науқасынан айыға алмай, 1932 жылы қайтыс болды. Әйелі Мәшімнен Қапият атты бір қызы болған, ол детдомға өткізілген екен.

 

Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев (1900-1984)
Құдайбердиев Ахат Шәкәрімұлы – педагог, ақын, қоғам қайраткері.  1900 жылы Шыңғыстау бөктерінде туған. Ауылдағы мектеп-медреседен хат танып, Семейдегі Қазпедтехникумды 1927 жылы, ҚазПИ-ді 1935 жылы бітірген. 1927-1934 жылдары ауылындағы, 1934-1939 жылдары Шымкент қаласындағы, Жамбыл облысы аудандарындағы орта мектептерде, 1967 жылға дейін Алматы облысы мектептерінде ұстаздық еткен. Ахат 3-4 жыл бүкіл Құнанбай әулеті кешкен тағдырмен қамау, тергеу, абақты, айдауды басынан өткізген. 1969-1984 жылдары Абайдың Жидебайдағы мұражайының директоры болып қызмет етті.

Ел тағдырын, халықтың әлеуметтік хал-ахуалын терең толғайтын көптеген өлең-жырлары, кең тынысты туындылары бар.

Ахат Шәкәрім қажының туған ұлы ғана емес, шәкірті де. Ол өзінің күллі шығармашылығында әкесі, әрі рухани ұстазы Шәкәрім мұрасына жиі жүгініп отырады. Ахат ақыннан қалған әдеби мұра мол. 1915-1928 жылдар аралығында 130-ға тарта лирикалық өлеңдер жазған. 15 жасынан өлең жаза бастаған. Оның «Төлеутайға», «Қоқанға», «Құрдастарға» сияқты өлеңдері түрі жағынан ауыз әдебиетіне аса жақын.

Қазақ мәдениетінің Абай, Шәкәрім тәрізді аса ірі қайраткерлері тәрбиесінде болу Ахатты туған ел әдебиетінің арғы-бергі мұраларымен танысып қана қоймай, оның өзіндік ақындық талантымен ерте оянып, қалыптасуына жағдай жасады. Ол нағыз реалистік поэзияның ақыны болды, шыншыл өмір құбылыстарын жырлады.

Шәкәрімнің барлық балалары, немерелері қамауға алынып, жазықсыз жапа шегіп, жантүршігерлік күн кешеді. Түрмеде жатқан Ахат әкесінің қаза болғанын естіп бір уыс топырақ сала алмай, қайғының уын ішеді. Абақтыдан босап Шымкент, Жамбыл жақта мектептерде мұғалім болып жүрген Ахат “халық жауы”,”бандиттің баласы” деген жалалы жалған айып тағылып 1937 жылы 13 октябрьде Сібірге айдалады. Қамауда тергеу, ұрып-соғу, азаптау, қорлыққа шыдамаған ол әкесінің әдеби мұралары мен әндерінің құрып кетпеуі үшін, оны жинап 2 том қолжазба етіп көшіріп, мұражай, кітапханалар мен сенімді адамдарға таратқан. Шәкәрімнің кінәсіз екенін үкімет басшыларына әркез жазып, оны ақтау, шығармаларын жарыққа шығару ісімен толассыз шұғылданып, арызданады. Қазақтың зиялы азаматтарының қолдауымен 1958 жылы 29 октябрьде СССР Мемлекеттік қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған “Шәкәрім Құдайбердиев ақталды” деген қуанышты хабар алады.

1961 жылы 30 жылдан артық құр құдықта жатып қалған әкесінің сүйегін қазып, түгендеп жинап, қайта арулап ұлы ұстазы Абай зиратының жанына жерлейді.

Саналы өмірі ұлы Абай мен Шәкәрімді насихаттауға арналған Ахат Құдайбердиевтің мұражай қорында арабша жазылған шығармалар мен естеліктерді кирилица жазу таңбасына қотарып, жазғандары бар, үнтаспаға құнды естелік қалдырған.

1984 жылы 26 маусымда Ахаттың өзінің өсиет, тілегі бойынша Семейдегі Абай мұражайының негізгі қорына қабылданған 36 құжат, 51 қолжазба шығармалар (поэма 7318 жол, өлең 25431 жол, прозалық шығармалар, естелік-әңгімелер 813 бет), Шәкәрімнің жалғыз суреті сақтаулы.

Абайтану, шәкәрімтануға айтарлықтай үлес қосқан Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің өмірі мен еңбегі толық жинақталып, зерттелмегенімен, медицина ғылымының докторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.Т.Әлиакпаровтың құрастырып бастыруымен “Ахат” (1997), “Ақын аманаты” (2000) атты кітаптар шығарылып, сазгер журналист А.Ахметжанов облыстық “Семей таңы” газеті мен республикалық “Абай” журналына Ақаңның музыкалық шығармалары жөнінде естеліктер жазып келеді. Ақын, сазгер, шежіре жазушы, ұстаз Ахат Құдайбердиевтің 100 жылдық мерейтойы Семей өңірінде, Абай ауылында аталып өтті.
Ахат Шәкәрімұлы «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

1984 жылы Семей қаласында өмірден озды. Жидебайда әкесі Шәкәрім қажының жанына жерленген.

Ахат Шәкәрімұлы бірінші әйелі Сағиладан Рух атты бір ұл және бір қыз көрген, есейіп қалған олар аштық жылдары Семейде Шәкенің қызы Райханның үйінде көз жұмады. Өзі 1931 жылы бес жылға сотталып, одан соң да елге жолай алмай, Алматы жаққа орныққанда екінші әйелі Хадишаға (Қаден) үйленген. Хадишадан – Сара (1928 ж., әкесі бөлек), ұлы Фзули (1942-1983). Сарадан – Ләззат (1950 ж.), Фзулиден – Дәулет (1982 ж.) сынды ұрпақтары тарайды. Бәрі де Алматыда тұрады. 1967 жылы Ахат Батима шешейге үйленіп, осы кісінің қолында дүниеден өтті.

 

Зият Шәкәрімұлы (1908-1937) 

Зият Шәкәрімұлы – ақын, драматург. Әкесі Шәкәрімнің Кеңес өкіметінің қудалау саясатына ұшыраған 1928-1931 жылдары,  Зият болашағын ойлап, Қытай жеріне кетуге мәжбүр болған.

Жастайынан зерек,  сауатты жігіт 1934  жылы Шығыс Түркістандағы Сарысүмбе қаласында қысқа мерізімді  оқытушылар курсын бітіріп,  Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет істейді.

1935 жылы қазіргі Шыңжаң  ұйғыр автономиялы районының орталығы Үрімжі қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ойын-сауық меңгерушісі және Шынжаң газетінің қазақ редакциясының әдебиет бөлімін басқарады. Мамыр төңкерісіне арналған әнұранды Мұқаш Жәкеұлымен  бірлесе отырып, қазақ тілінде аударып жастарға кеңінен таратты.  Сонымен қатар бір талай лирикалық өлеңдер жазып, ақындығымен де танылады.

Зият та ағасы Ахат сияқты зерделі, үлкен парасатты болып өседі. Қытай қазақтары арасында  танылады. Және де шекара асып келгендердің арасында Шәкәрім қажыны танитындар да Зиятқа қол ұшын береді.  Ол әкесінің мұрасын насихаттап,  өзі де өлең жазып, ән шығарған. Ел ішінде ағарту саласында белсендік танытып,   ойын-сауық істерін жолға қоюмен шұғылданады.   «Аюбай, Үкірдай» деген атпен аймақта тұңғыш рет  пьеса жазып, оны Сарысүмбеде сахнаға қойғызады. Туынды  надан байлардың дөрекелігі мен зорлық-зомбылығын әшкерелейді. Бұдан дейін жастарды ғылым мен білімге үндеу мақсатына арналған “Шал мен баланың айтысы” атты пьесасын да сахнаға қойған.

Сондай-ақ, мұнда қызмет істеп жүріп, режиссер  ретінде «Қарагөз», «Шұға»,  «Қалқаман мен Мамыр», «Жалбыр»  сияқты пьесаларды сахнаға шығарады.  “Шәкәрімнің қайғылы өліміне байланысты арнауы” (1932), “Қоңыр aт” (1935) туындыларының авторы. Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдері мен шығармаларын халық арасына кеңінен насихаттайды.  Мектеп оқушыларына Абай мен Шәкәрім әндерін үйретуге ерекше назар аударады.

Зияттың өмірі Қытай жеріне барғанда оңай болмайды,   көп қиыншылық көріп, әкесінің өлімін естиді. Басына түскен қайғы-қасіретін өлең арқылы қағазға түсіреді.  Әкесіне арнап, Шәуешек қаласында «Сілбе» деген дастан жазады.

1937 жылы Зият қазақтың сол кездегі бірталай  зиялыларымен бірге Шынжаңдағы Сталинмен ауыз жаласқан  Шың  Шысай үкіметі жағынан тұтқындалып, содан қайта оралмайды. Бір деректерге қарағанда ол  1937 жылы Үрімжіде атылды десе, енді бір деректерде 1940 жылы Үрімжі қаласының шығысындағы Саяпыл көлінің жағасында тірідей көмілді  деген сөз бар.

Зият тұтқындалған кезде жазған өлеңдері мен кітаптарын өзімен бірге алып кеткен деген сөз бар. Жинаққа Зияттың бірнеше өлеңдері мен әндері кірген. Шығыс Түркістанда Алтай аймағының органы ретінде шыққан “Алтай газетіне” арнауын шығарған.

Зияттың бірінші әйелі Күлжікеннен – бір ұл болған (аты – Мырзақазы болса керек). Аласапыранда Қытайға өткен Зият екінші рет үйленген. Зият 1936 жылдың шамасында Сейітқазы мұғалімнің қызы Мүнирамен үйленеді, одан ұл көріп, атын Мереке қояды.  Мерекеден – Нұрлан (1966), Гәуһар, Меруерт, Сәуле –Алматыда тұрады.

 

Гүлнар (Гүлләр) Шәкәрімқызы (1917-1970) 

Шәкәрімнің басына түскен күйзеліс Ғафур өлімінен басталғаны хақ. Шәкәрім қызы Гүлләрға жоқтау айтып, жазып жібереді. Бұл жоқтау ұзақ болса керек, оны Гүлләр мен Ғафурдың қызы кезек-кезек дауыстап, сұңқылдап айтыпты, – дейді.

Ақындық қабілеті бар Гүлләр әкесі жазықсыз оққа ұшқанда да жоқтау өлеңін шығарған. Қазіргі таңда 46 шумағы сақталған.

Абзал Қарсартов еш жазығы жоқ, жапан түзде шығармашылықпен айналысып жүрген Шәкәрімді атқызып қана қоймай, Шыңғыстау ауданында, қазіргі Қарауыл төбесі мен қазіргі Медеу, бұрыңғы Молдағалиев атындағы кеңшар болған жерде лагерь ұйымдастырып, оған Шәкәрімнің балалары Қабыш, қызы Гүлләр, Абайдың қызы Гүлбадан тағы басқа балаларын қамап, күні-түні қинап жауап алған. Әке тағдыры жас жүрегіне қаяу түсіріп, әрі түрменің қиыншылықты азабын көрген, әбден жәбірленген Гүлләр у ішіп, жарық өмірмен қоштасуға бет бұрады. Бірақ оны дер кезінде байқаған Абайдың қызы Күлбадан жанталаса жүгіріп, бір қойшының үйіне барып, сүт әкеліп ішкізіп, Гүлләрды аман алып қалады. Гүлләр Абзал түрмесінен әзер босап, жасырын түрде Алматы жаққа өтіп кеткен.

Гүлләрдың баласы Фатих шешесі жайлы мынадай естелік айтады: “Менің анамда да мінез болған. Жасында өте ерке, тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын болыпты. Өмір бойы сол қайсар мінезінен танбаған ол ешқандай мақтауды сүймейтін еді”.

Гүлләр Шәкәрімқызы кейін қарапайым тіршілік етті. Кеңес үкіметінің репрессия машинасы оның дарынын тұмшалап, тағдырын таптап өтті. Алайда, Гүлләр қазақ қызына тән қайсарлықпен әкесінің зор мұратын құрметтей білді. Әке өсиетіне адал болды. Әкесінің халық үшін жаралған жан екенін және қасиетті ойларының терең тағдырлық маңызын бір өлеңмен ғана айтып кетті.

Гүлләр Алматы облысы, Калинин атындағы кеңшарында тұрып, 1970 жылы қайтыс болды. Күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Гүлләрдың балалары: ұлы Фатих, қазір кәсіпкер, оның жоғары білімді қыздары Гүлмира мен Роза тұрмыста, Жиендері,немерелері Алматыда тұрады.

 

Баязит Ғабдұлғафурұлы (1908-1931) 

Баязит – Шәкәрімнің немересі, Ғабдулғафурдың баласы. 1928-1929 жылдардағы қалың елдің басына төнген нәубат Шәкәрім мен оның туыс-жақындарының барлығын шалған еді. Бай не кедей, жақсы не жаман демей барлығын қуғын құрығына алып, тұтқындап түрмеге жабады. Шәкәрім ұрпақтары азап, қорлық-зомбылық көреді. «Ал жалғыз ағайым Баязит болса түрмеден 1931 жылы босап, елге қайтып келе жатқанда Шыңғыстағы көтерілісті және әкесінің қазасын, туған-туыс, үрім-бұтақтың өлгені өліп, өлмегені түрмеде жапа шегіп, жатқанына шыдамай, барар жер, басар тау таппаған соң булығып, бес-алты күн ішерге тамақ таппай ашығып, азапқа түскен соң өзін-өзі бауыздайды. Ол Мәуен әжемнің қыстауының қасына жерленеді. Басында белгі тас бар» – дейді Кәмила Ғафурқызы «Жазалы жүрек жазылмай»  атты естелігінде.

 

Мереке Зиятұлы (1938-2016) 

Мереке Зиятұлы –Шәкәрімнің немересі. Зият Шәкәрім ұрпақтары қуғынға ұшыраған кезде әкесінің ұйғаруымен Қытайға көшуіне тура келеді. 1937 жылы Шыңжаңдағы халықтың бетке ұстар интеллигенциясын жаппай ұстап, қырғынға ұшыратқан уақытта ел жақсыларымен бірге тұтқындалады.

Мереке әкесі тұтқындалғанда іште қалған бала екен. Ол 1938 жылы 8 сәуірде Қытайда дүниеге келген. Анасы Нұртаева Мунира Сейітқазықызы Үрімжіде орысша оқыған, қытай, ұйғыр тілдерін де жетік меңгерген, Алтайдағы Сарысүмбе қаласында мұғалім болып қызмет атқарған көзі ашық, білімдар болған. Мереке анасының көмегімен алғаш хат танып, сауатын ашады. Мунира Сейітқазықызы 1946 жылы сүзек ауруынан қайтыс болғаннан кейін Мереке әкесімен бірге Қытайға келген туысы Тәкежанның Әзімбайының баласы Бердештің қолында болады. Ол 1955 жылы 10 мамырда Зайсанға қоныс аударады. 1956 жылы тамыз айында жан-жақтағы туыстарын іздеп жүрген ағасы Ахат Шәкәрімұлы Мерекені Талғарға әкеледі.

Мереке Зиятұлы Красноярск өлкесінде үш жыл әскери борышын өтейді. Алматы облысында зейнеткерлікке дейін ауыл шаруашылығында жұмыс атқарады. Атасы Шәкәрімнің өлеңдері мен поэмаларын жатқа айтатын болған. Мереке Алматы облысы, Талғар ауданында тұрады. Кейінірек туған жері Шыңғыстауға жиі келіп тұрған. Жұбайы – Клара Мұқанқызы, Нұрлан, Гаухар, Меруерт, Сәуле атты балалары бар.

2016 жылдың 19 қыркүйек күні Шәкәрім Құдайбердіұлының немересі, Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылының тұрғыны Мереке Зиятұлы 78 жасында дүниеден өтеді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ахметбекова А. Ахат аға мұрасы халқымен қайта қауышты // Семей таңы. – 2000. – 4 тамыз
  2. Ахметжанов А. Сом алтынның сынығы: Ахат Шәкәрімұлы туралы // Семей таңы. – 2019. – 25 қаңтар. – 2 б.
  3. Әкесі өлгенде Гүллардың айтқан жоқтауы //Абай. – 1994. – №9. – Б. 77
  4. Әлжан Л. Шәкәрім ұрпақтарының трагедиясы: ақын Шәкәрімнің балалары Ахат, Зият, Гүллар балалары туралы // Семей таңы. – 2018. – 17 шілде. – 6 б.
  5. Досаев Т. Асылдың сынығы // Семей таңы. – 2000. – 7 шілде. – 3 б.
  6. Досаев Т.Шәкәрімұлы Зият туралы // Үш анық.- 1998.- шілде
  7. Дулатов Е.Түңдікбаев М. Шәкәрімнің қызы Гүлләрдың жоқтауы // Қазақ әдебиеті.- 1989.- 7 сәуір
  8. Еспенбетов А. Асылдың тұяғы // Шәкәрім. – 2016. – №4. – Б.16-21
  9. Жанаева Ш. Ахат жайлы ақиқат // Қазақ әдебиеті. – 2008. – 5 қыркүйек. – Б. 7; Шәкәрім. – 2012. – №3-4. – Б.16-22
  10. Қабыштың әкесіне айтқаны // Абай. – 1994. – №9. – 69 б.
  11. Мағжан А. Ахат ақынның алғашқы жинағы: Ахат Шәкәрімұлының тұңғыш шығармаларының толық жинағы жарық көрді // Ертіс өңірі. – 2015. – 27 мамыр. – Б.2
  12. Мусин Т. Әлі есімде: Шәкәрімнің ұлы Ахат жайлы естелік // Семей таңы. – 1988. – 29 шілде
  13. Мұқамедханов Қ. Шәкәрім // Қазақ әдебиеті. – 1988. – 15 сәуір.
  14. Мұхамедова М. Шәкәрім ұрпақтары түскен шырғалаң // Семей таңы. – 2014. – 27 мамыр. – Б.4
  15. Өмірбекова Н. Ахат ата естеліктерінен // Абай музейінің хабаршысы. – 2017. – №3. – Б.111-115
  16. Разданұлы М. Зият Шәкәрімұлының еңбегі жөнінде // Шәкәрім. – 2016. – №2. – Б.55-60
  17. Сейсенұлы Д. Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиев туралы не білеміз ? // Егемен Қазақстан. – 2004. – 29 қыркүйек. – Б. 8
  18. Сыдыков Е. Шакарим. – М. : Молодая гвардия, 2012. – 351 б. ил. – (Жизнь замечательных людей)
  19. Сыдыков Е.Б. Шәкәрім Құдайбердіұлы / бас ред. Титенев В. – Алматы: ТОО Курсив, 2018. – 320 б.
  20. Сыдықов Е.Б. Шәкәрім: ғылыми-танымдық басылым. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 441 б
  21. Төлеков Т. Зият Шәкәрімұлы // Семей таңы. – 1993. – 13 ақпан
  22. Түгелбаев А.Ж. Зият Шәкәрімұылының туындыларынан // Шәкәрім әлемі. – 2006. – №2. – Б.20-34
  23. Уәли қажы немересі Марат. Айдынкөл мен Шалқар кім? Немесе Зият Шәкәрімұлының ажалдан арашалануы туралы // Ертіс өңірі. – 2004. – 10 маусым.
  24. Шәкәрім: энциклопедия / бас ред. Е.Сыдықов. – Семей, 2008. – 864 б.
  25. Шәкәрімұлы А. Аштық азабы // Абай. – 1994. – №9. – 69 б.
  26. Шәкәрімұлы А. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 36-38 б.
  27. Шәкәрімұлы А. Қайдасың, қайрат қайдасың?!: өлеңдер // Қазақ әдебиеті. – 1992. – 24 сәуір
  28. Шәкәрімұлы А. Менің әкем халық ұлы – Шәкәрім / Шәкәрімтану мәселелері: сериялық ғылыми жинақ. Т.1. – Алматы: Раритет, 2007. – Б.145-242
  29. Шәкәрімұлы А. Менің әкем халық ұлы – Шәкәрім // Жұлдыз. – 1992. – №11. – Б.62-65
  30. Шәкәрімұлы А. Шығармалары. – Семей: Жәрдем. – 2020. – 448 б.
  31. Шәкәрімұлы З. «Қош болғын, атамекен, қайран Шыңғыс» // Жалын. – 2005. – №2. – Б.53
  32. Шәкәрімұлы З. Әкеме. Ұлы едім. Қоштасу: өлеңдер // Абай. – 1993. – №9. – Б.79
  33. Шәкәрімұлы Зият туралы. – Абай. – 1994. – №9. – Б. 80
  34. Ізтілеуова С. Ақынның ұлы // Жалын. – 2012. – №4-10. – Б.308-312
  35. Ізтілеуова С. Сарқыншақ кенже: Гүлләр Шәкәрімқызының бір толғауы хақында // Жалын. – 2012. – №4-10. – Б. 305-308