Жолдыбаев Молдағали (1887-1938)
Қоғам қайраткері, педагог, журналист Жолдыбаев Молдағали 1887 жылы Орал облысы, Ілбішін уезі, Қурайлы болысы, 2-ауылда туған. 1900 жылы Қарасудағы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданы) 6 сыныптық орыс-қазақ мектебін, 1910 жылы Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. 1910-18 жылдары Жұбанышкөл, Бұлдырты 4 сыныптық бірінші басқыш мектептерінде және Қарасу 6 сыныптық орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1913-14 жылдары «Айқап» журналында «Қазақтардың қазіргі халі», «Болашақ», «Ауылда», «Құрметті Әлжановқа жауап» мақалалары, 1915 жылы «Қазақ» газетінде «М. Жаңа байбақты» деген бүркеншік есіммен «Бала тәрбиесі», «Ғалымның надандықтан жеңілуі» мақалалары жарық көрген. 1917 жылы I Орал облысы қазақ съезін ұйымдастыруға қатысты. 1917 жылы шілдеде I Жалпықазақ съезін өткізуші бюроның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды, бірақ сайлау кезінде өтпей қалды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен III Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болған. Орал губерниясы ревкомы төралқасының 1920 жылы 8 шілдедегі қаулысымен Жымпиты уездік ревкомының уақытша құрамына төрағалық етті. Сол жылы жаңадан құрылған РК(б)П Жымпиты уездік кентінің алғашқы мүшелерінің бірі болып сайланды және мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, уездік комитет жанындағы сауатсыздықты жою комиссиясының төрағасы, лекторлар тобының мүшесі болды. 1921 жылы РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-22 жылдары Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының Ғылым, баспасөз және әдебиет ісін басқаратын академиялық орталығының (Қазақстанның білім ордасы) төрағасы қызметтерін атқарып, өлкедегі ғылым мен білім беру саласын, баспасөз бен әдебиетті дамыту ісіне елеулі үлес қосты. 1923-24 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы міндетін атқарды. Сонымен бір мезгілде Қазақ халық ағарту институтында, Орынбор жұмысшы факультетінде, т.б. оқу орындарында орыс және қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берді. 1927 жылы жаңадан шыға бастаған педагогикалық басылым – «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашқы редакторы болып тағайындалып, Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы әдістемелік кеңестің төрағасы болды. Осы жылдары Т.Шонановпен бірге «Рабочая книга для чтения (1-й год обучения)» оқу құралын (1929, Қызылорда), М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевпен бірігіп «ХІХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын (Алматы, 1933) және Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаевпен бірігіп 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясының» екінші бөлімін (1934, Қызылорда) жазды. 1933-37 жылдары БК(б)П ОК жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесінің қызметкері болды. ҚазПИ-де, Алматы журналистер мектебінде фольклордан, XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқыды, доцент ғалым атағына ие болды. Қаламгерлік қызметінің өн бойында өз есімімен және «V», «Сасқан» бүркеншік есімдерімен, «Сын», «Әдебиет дүниесінде», «Исатай Тайманұлы», т.б. мақалалар, «Жол-жөнекей», «Айрылу», «Тірілу», «Бес қашқын» атты әңгіме-новеллалар жазды. 1937 жылы желтоқсанда бұрын Алаш қозғалысына қатысқаны үшін «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілді. Алаш қайраткерлерімен бірге ақталған.
Әдебиеттер:
- Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.201-203
- Жолдыбаев Молдағали // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.174-175
- Қожакеев Т.Жыл құстары: ғылыми басылым. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 238 б.