Райымжан Мәрсеков

Райымжан Мәрсековтің екінші жұбайы – Рахима Мәрсекова

Райымжан Мәрсеков студент кезінде үйленіп, бірінші некесінен Гүлғасыл, Гүлжазира есімді қыздары дүниеге келген. Бірақ оқу бітірген соң, әйелінен ажырасып, 1914 жылы Семей қаласында Рахима атты қызға үйленген.

Гүлғасыл Райымжан Мәрсековтің анасының тәрбиесінде қалады да, Гүлжазира туған анасымен бірге кетеді. Рахима ханым Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың әйелдері Бадрисафа, Ғайнижамалдармен аралас-құралас болған. Рахима ханым 1917 жылы 20 ақпанда Семей қаласында ауырып қайтыс болады. Рахиманың қайтыс болуына қайғырып, Ахмет, Бәдрисафа, Міржақып, Ғайнижамалдар Райымжанға «Райымжан мырзаға, һәм сүйікті анасынан жастай айырылған балаларына көңіл айтып, Рахима ханым Райымжанға адал жар, жолдас еді. Біз тілектес дос-жарандар қайғыға ортақпыз деп» – деп телеграмма салады. Рахима ханымнан Жаһаншах (Жанша)  атты ұл бала қалған.

 

Райымжан Мәрсековтің үшінші жұбайы – Бекметова Гүлнәз (Гүлнәзи-бұлбұл)    

Райымжан Мәрсеков 1922 жылы өз қолымен толтырған жеке қызмет ісіне  Гүлнәз есімді әйелінің бар екенін жазған. Гүлнәздің шын аты Гүлнәзи-бұлбұл. Әкесі Ғабдулғазы Бекметов Омбы кадет корпусын бітірген, поковник шеніндегі әскери адам. Ол Семей мен Ақмола облыстарындағы қазақтар арасында зор беделге ие болған азамат. Гүлнәздан Гүлрауза есімді қыз баласы болады. Гүлнәз өле-өлгенше Райымжанды күтумен, іздеумен өткен. Райымжан Мәрсеков 1922 жылы Қытайға қашқан кезде оның отбасы Семей қаласында қалып қояды.

Райымжан Қытайдан Семейге жасырын қайтып келіп, отбасын – әйелі мен қызын алып кетпекші болған, бірақ аңдушылардың кесірінен алып кете алмаған.  Райымжан аңдушылардың көрсетуімен қолға түсіп, Сібірге айдалып бара жатқан жерінен қашып шығып, қайта Қытай топырағын басады.

Сөйтіп,  әйелі Гүлнәз бен Гүлрауза қызын жат жерге алып өтудің еш мүмкіндігі болмай қалады, өйткені, Райымжанды үнемі аңду оның отбасына үлкен кесірін тигізген.

Райымжан Мәрсековтің төртінші жұбайы – Байбосынқызы Нұржамал (Нұржәміш)   

Большевиктік үкімет тарапынан қуғын көріп, тәркілеуге ұшыраған Р.Мәрсеков 1922 жылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Соңғы анкетасындағы мәліметтерінде өз жасының 43-те, әйелі – Гүлназибұлбұл, Жанша атты ұлы, Гүлғасыл, Гүлрауза атты қыздары барын жазған.

Р.Мәрсеков 1922 жылы Қытайға қашып өтеді. Басқан ізі аңдулы болған Р.Мәрсеков отбасын Қытайға алып өте алмаған. Алғаш Алтай аймағына өткен ол, кейіннен Мамырбек төренің баласы Қызыр үкірдай ауылында тұрып Алаш партиясының ең басты мақсаттарының бірі – халықты өнер-білімге үйрету ісімен айналысты. Жүрген жерінде туған халқына сая бола білген ел ардақтысы Райымжанның беделі зор болды.

Інісі Шериязданның қызы Тұрдыханның айтқан әңгімесіне құлақ түрсек, ол былай өрбиді: «Кеңес үкіметінен қысым көрген Райымжан бой жетіп қалған Гүлғасылды қасына ертіп, 1922 жылы Қытайдың Алтай өлкесіне екінші рет өтеді. Сол өңірді ертеден мекендеген қазақ байлары мен билері Райымжанның бұл жерге тұрақтап қалуы үшін қызын бір байға әйелдікке беруді талап етіп, шарт қояды. Бұған келіспеген Райымжан бір түннің ішінде қазақ жеріне кері өтпекші болады. Бірақ Ақсуат маңында ОГПУ-дың қарақшыларының қолына түсіп қалады.

Енді қуғыншылардан құтылып кеткен Райымжан Мәрсековтің одан арғы тағдырына қайтып оралар болсақ, Қытай топырағын қайта басып, Алтай тауындағы 12 абақ керейді билеген Майлыдағы төре, демократ, ақын Мамырбекұлы Қызырдың ауылын паналайды. Қызыр төре Райымжаннан орыс тілін үйренеді.

Қызыр төренің Райымжанға істеген жақсылығы ұшан-теңіз, артынан бірнеше рет қуғыншылар келсе де, Райымжанды ешкімге ұстатып бермеген, басына үй, алдына мал салыпты. Қызыр Үкірдай қайтыс болып, соңынан қудалау басталғанша – 1932 жылға дейін сол ауылда болады.

1936 жылы Шың Шицай үкіметі інісі Шерияздан екеуін тұтқындағанға дейін, орысша және төте жазумен бала оқытып, парасатты ел ағасы Қызыр үкірдайдың қолдауымен  Керей Сары руынан шыққан Байбосын дегеннің қызы Нұржамалға (Нұржәміш) үйленген. Нұржамалмен бірге 1937 жылы Қытай үкіметі тұтқынға алғанға дейін 14 жыл тату-тәтті өмір сүрген.

Шығыс Түркістанның Қытай губернаторы Ресей әкімшілігімен жүргізген келісім бойынша Алаш мүшелерін жаппай тұтқындай бастағанда, артынан аңдушылардың түскенін сезген Райымжан Құлжа маңына жылыстап, сол жақта тұрақтап қалған татар достарын паналайды. Біраздан кейін Толыда қалған отбасын алдырады. Толы аудандық үкіметке Алашордашыларды қамау туралы жарлық түскенін Қызыр төреден естіп, Құлжаға кетіп, бай татарларға жасырынып, атын өзгертіп, бұл арада да бала оқытумен айналысады. Артынан бала-шағаларын алдырғанымен көп ұзамай өзі тұтқындалып, Үрімжі қаласындағы Шың Шицай зынданына қамалған. Сол кезде аталған түрмеде жатқан інісі Шерияздан тамақ тасушылардан ағасының бар екенін сұрастырып, біліп отырған. Кейіннен ағасының із-түзсіз жоғалғанын естиді.  1937 жылы тыңшылардың көрсетуімен Райымжанды Қытай үкіметі Үрімшінің түрмесіне қамайды. 1938 жылы Қытайға қашып барған ондаған Алаш азаматымен бірге Үрімшінің Саяпіл деген жерінде өлтіріледі.

Үш-төрт жыл күткен соң Нұржамал лажсыз, сүйегі Мыржас-Жауар Молдахан деген адамға тұрмысқа шыққан. 1962 жылы Қытайдағы ел бері өткенде Молдахан мен Нұржамал (Нұржәміш)  да өткен. Молдаханның ағайындары Қызылкесікке біржола қоныс тебеді. Ұзамай Молдахан қайтыс болады.

Семейлік қаламгер Қарпық Егізбаев «Тағылым» атты естеліктерінде Райымжанның жұбайы Нұржамалмен 1990 жылы Семейде кездесіп, әңгімелескені туралы жазыпты. Сонда 84 жастағы Нұржамал әжейдің әңгімесінен төмендегідей үзінді келтірейік. «Өмірімнің ең бақытты шағы – Райымжанмен өткізген 14 жыл болды. Ол кісінің ақылға, білімге, мінезге байлығы мені тәнті ететін. 17 жасымда қосылдым. Райымжан 40 жаста екен. Жас айырмашылығымыз алшақ болса да, аса сыйласымды болдық. Қызыр Үкіртай бас қосқан кезде маған: «Қарындасым, асылды бағалай біл, сыйлай біл», – деген еді. Қызыр төреден бастап қайда жүрсе де, Райымжанды ел құрметпен қарсы алатын. Қасына ақын, әнші, күйшілерді топтап ертіп жүретін. Өзі де шебер домбырашы, гармоншы, әнші еді», – дейді кейуана.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында Нұржамал әжей өмірден өткен.

 

Райымжан Мәрсековтің ұрпақтары

Райымжан Мәрсеков пен Нұржамал Байбосынқызы тату-тәтті өмір сүріп, Күлихан, Күлсипат,  Сәлихан атты үш қыз және Жаһанхан  (Жікен) есімді ұл көрген.

Үш қыздың біреуі Сәлихан Қытайда қайтыс болған. Тұрмыс құрған балалы-шағалы екі қызы Күлсипат, Күлихан Шығыс Түркістанда тұрып жатқан деген дерек бар. 1932 жылы туған, әкесінен бес жаста қалған жалғыз ұлы Жаһанханды (Жікенді) кейінгі жолдасы Молдаханның атына жаздырып, елге ертіп келеді. Ол жақта туыстары Жікеннің Райымжан баласы екенін сездірмеуді қатты ескерткен екен.

Жаһанхан (Жікен) Ақсуат ауданы, Қызылкесік ауылында ұзақ жылдар шопан болып еңбек етіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында өмірден өткен. Жаһанхан зайыбы Зейнелхан Бейшалқызымен Мұратбек, Ережепбай, Тілеубай, Төлбай, Ораз, Бейсенбай, Қанат есімді жеті ұл, Төлеухан, Жұмағұл, Сәбетхан, Нұргүл атты төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Зейнелхан апа да қайтыс болған. Қазір балалары Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында тұрады.

Ұланнан шыққан Алаш арысының рухын асқақтатып, отбасылық әулетінің сабақтастығын мәлім ететін жағдай – ақылды Нұржамалдың туған жеріне өтісімен, Райымжанның ата жұртта қалған, бірінші некесінен туған Гүлғасыл атты үлкен қызын іздеп, Семейден тапқандығы. Жасы сол кезде тоқсанға таяған Гүлғасыл 6 бала  тәрбиелеп өсірген, ұлағатты әулеттің тірегі болған. Ол ұзақ жылдар Семей қаласында тұрып, қайтыс болған. Олардан өрбіген ондаған немере-шөберелері бар. Әкесінің шаңырағы ретінде танылған Гүлғасыл Нұржамалмен, Жікенмен жақсы қатынаста болыпты.

Нұржамал апа Гүлғасылдан туған жиендерін мақтанышпен айтып отырған. Жиендерінің бірі Қайырбеков Марат өмірінің ақырына дейін 20 жылдай Аягөз ет комбинатының директоры, облысқа танымал абыройлы азамат болған. Марқұм Рәуілі – Алматыда ұшқыш мамандығын игерген, Софиясы ұзақ жылдар Семей педучилищесінде оқытушылық қызмет істеп зейнеткерлікке шығып, қайтыс болды. Сара Төлегенқызы қазір Семейде, жоғары санатты адам дәрігері болып, зейнетке шыққан. Болат, Кәміл жиендерінің өзі де бүгінде балалы-шағалы болып, бұл дүниеден өтті.

Райымжан Мәрсековтің үшінші жары Гүлнәздан туған Гүлраузадан Раиса, Қарлығаш, Саида атты қыздары мен Серік атты ұлы бар.   

 

Әдебиеттер тізімі:

Мәрсеков Р. Қазақ қайда бара жатыр? – Алматы. – Центр Азии, 2014. – 368 б.

Мәрсекова Т.Ш. Кешулер. Автобиографиялық эссе.- Алматы, Мерей. – 2014. – 278 б.

Мағзұмов М. «Ұлтым!» деген ұлдарды ұмытуға болмайды  // Дидар 2019. – 3 тамыз. – Б. 5