Қожанов Сұлтанбек (1894-1938)

28Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Қожанов Сұлтанбек 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында туған. Түркістандағы 4 сыныптық орыс-түзем бастауыш мектепті, 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құрылған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған.
1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды.

Түркістан автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты.

С.Қожанов жаңа заман амалына сай 1920 жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, үлкен қызмет баспалдақтарынан өтеді. 1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту халық комиссары, «Ақжол» газетінің редакторы болады. «Ақжол» – Түркістанның іргелі елдік газеті болды. Ол «Жаңа өріс» газетінен бастау алды. Газет 1920 жылы 7 желтоқсанда жарық көрді. Алғашқы редакторы – С.Қожанов қайраткердің беделі мен елшілдігі арқасында аз жылда мұнда М. Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, А. Байтасұлы, Б.Сүлейұлы, Т.Шонанұлы, Х.Болғанбай т.б. азаматтар топтасты. 1922 жылы Түркістан Алаш көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын лайықты атап өтті. «Шолпан», «Сана» журналдары «Ақжол» бағытын ұстанды. Аталған басылымдарда С.Қожанов «Тоқпақ», «Тарпаң», «Замандас» деген бүркеншіктермен мақала жазып тұрды. «Ақжолда» шыққан Сұлтанбектің «Жақындық па, жалақорлық па?», «Қазақша сауық кеші», «Менің жауабым», «О литературном языке и терминологии» атты еңбектерінен қаламгерлік пен өткенді танудағы ұстаным, шығармашылдықты бағамдау, руханиятты қадірлеу айқын аңғарылады. Елшіл газеттің бағыты 1925 жылы И.Сталиннің тікелей тапсырмасымен мұқият тексеріліп, ол 1926 жылы жабылды. 1921 жылы кеңестердің бүкілресейлік IX сиезінің бір үзілісінде В.И.Ленин С.Қожановты төралқаға шақырып, біршама әңгімелескен. Қайраткер 1922 жылы қази соттарын қалпына келтіру, тартып алынған вакуф жерлерді мұсылман жамағатына қайтару, жағымды дәстүрлерді қайта жолға қою секілді шетін мәселелерді қолға алып, түркістандықтардың алғысына бөленді. 1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, 1925-1926 жылдары БК/б/П ОК ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушысы, Мәскеу марксизм-ленинизм курсының тыңдаушысы, 1928 жылы БК/б/П ОК Орта Азия бюросының үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтының алғашқы директоры, 1931-1932 жылдары Орта Азия мақта орталығы басқармасының төрағасы, 1932-1933 жылдары Мәскеуде Одақтық мақта өнімдері басқармасының орынбасары, 1933-1934 жылдары КСРО ХКС мақта тобы басшысының орынбасары, 1934 жылы кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілі болып қызмет атқарады. 1928 жылы Орта Азия партия тарихы институты қайраткердің «Кеңестік Түркістан автономиясының он жылдығына» атты кітабын басып шығарды. Осында ол жаңа республика құрудың қиын өткелдері мен алдағы міндеттерді айқын жазады. Сондай-ақ, осы ұлт күрескерінің И.Сталинмен пікірталасы әлі күнге аңыз болып айтылады. Ол қиын жылдары Алаш азаматтарына да көп көмектесті. 1923 жылы Мағжанның өлең кітабына алғысөз жазып жариялады. Фольклоршы Ә.Диваевқа ерекше қолдау көрсетті. Өзі де елдің мәдени-рухани шараларына атсалысып, «Ақжол», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Шолпан» журналына сан салалы мақалалар жазады. С.Қожанов көп замандастары секілді халыққа арналған сөзін өлеңмен де жеткізді. Оның шығармашылығында «Нені айтайын?», «Кім жауапкер?», «Көреміз!», «Шынға ұқсаған пікірлер», «Бұл кім?», «Тілмаштарға бір сын» т.б. өлеңдері мен К.Бальмонт, Эзоп (Д.Бедный тәржімесі) туындыларынан қазақша сөйлеткен аудармалары бар. Қайраткер 1937 жылы 16 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 8 ақпанда атылды.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.226-227
Қожанов Сұлтанбек // Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы:Сардар, 2014. – б. 272-274
Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанов:Тарихи-ғұмырнамалық толғам. – Алматы: Арда, 2005. – 272 б.
Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанұлы (Түрмеде сөнген шырақ) / Әлмашұлы Ж. – Алматы : Қазақстан, 1994. – 128 б.
Кожанұлы С. Шығармалары / құраст. проф. А. Шәріп. — Алматы: Арыс баспасы, 2009. – 352 б.
Қожанов С. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сборник документов и материалов.- т.1. – Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2013.- 384 б.
Қойшыбаев, Б. Сұлтанбек Қожанов : (Ғұмырнамалық деректі хикаят) .-¬ Алматы : ЖШС “Қазақстан” баспа үйі, 2007. -¬ 320 б.
Зайнишев Қ. Сұлтанбек Қожанов: «Арманым – атамның сүйегін елге алып келу» // Егемен Қазақстан. – 2014. – 31 мамыр