Сабатаев Сатылған (1874-1921)

23Сабатаев Сатылған – Алаш қозғалысының қайраткері, жоғары білімді қазақ агрономы. Ол Жетісу облысы Верный уезінде 1874 жылы 24 мамырда туған. 1895 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1898 жылы Мәскеудегі Лазаревский атындағы шығыс тілдер институтын, 1915 жылы Мәскеу ауыл шаруашылық институтын бітіріп шығады. Мұнан соң 1915 жылы Петровско-Разумовский атындағы академияны бітірген. Осы жылы Мәскеу университеті жанындағы жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының мәжілісіне қатысып, «Қазақтардың сот ісін жүргізуі», «Торғай облысы Қостанай уездік соты қазақтарының ақсақалдар және ара-ағайындық соты деген тақырыптарда баяндама жасап, жұрт назарына ілігеді. Ол Абайдың «Жаз», М.Дулатовтың «Мұң» атты өлеңдерін қара сөзбен аударып, көрнекті шығыстанушы А.Н.Веселовскийдің құрметіне Мәскеуде 1914 жылы жарық көрген «Әл-шарқият» жинағына енгізеді. 1899 жылдан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы Пішпек уездік басқармасының аудармашысы болып қызмет істейді. 1901 жылы Жаркентке ауысып, 1906 жылға дейін Жаркент уездік басқармасының аудармашысы болады. Қосымша Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде қызмет істейді. С.Сабатаевтың мамандығы мен оның мүмкіндігін ескерген сол кездегі Жетісу облыстық басшылығы 1906 жылы оны Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметке ауыстырады. Екі жыл сол мекемеде жұмыс істейді. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауылшаруашылық мекемесінде қызмет істеген. Патша үкіметі құлаған соң Алаш қозғалысына белсене араласады. Ол ұлттың бұғаудан құтылуын армандайды және сол сәт туды деп қарайды. Сондықтан өзінің бар күш-жігерін Алашорда үкіметін құруға жұмсайды. С.Сабатаевтың бұл еңбегі оның ел арасындағы беделін асырады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданады. 1918 жылы қаңтарда Верный қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші сиезіне қатысады. Содан бастап автономия кұру, милиция жасақтау жұмыстарымен айналысады. Верныйдағы Алаш зиялылары мен қазақ-орыстардың іс қимылынан қауіптенген қызылдар 1918 жылы 9 наурызда О.Әлжанов, Ы.Жайнақов, С.Сабатаев сынды Алаш азаматтарын тұтқынға алады. Ол 17 сәуірде түрмеден босатылып, Семейге кетеді. Семейге барған соң тағы да Алаш үкіметінің жұмыстарын атқарады. 1918 жылы 10-31 тамызда Алашорданың Лепсі уезінде өткен Жетісу облысы қазақтарының сиезінде облыстық комитеттің мүшесі болып сайланады. Семейде бірінші Алаш әскери полкін жасақтау ісіне қатысады. 1918 жылы 1 қараша күні Алашорда кеңесі Сібір үкіметінен С.Сабатевтың ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы болуына рұқсат алады. Кеңес үкіметі орнаған соң ол Қарқаралыда өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүреді. 1921 жылы 15 сәуірде Қарқаралы маңында Ботақара деген жерде тұқым алып келуге бара жатқан С.Сабатаевты ақтардың соңына түскен қызыл әскерлер жазықсыз атып кетті.

Әдебиеттер:

1. Сабатаев Сатылған // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.347-348
2. Сабатаев Сатылған // Алаш. Алашорда / құраст. Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.271