Танашев Уәлитхан (1887-1968)

12

Танашев Уалитхан – Алашорданың күрескер азаматы, көрнекті қоғам қайраткері. Ол 1887 жылы Атырауда туған. Арғы атасы Бекпембет би Атырау қазақтарына аты шыққан, балықшылықпен шұғылданып, елді кәсіпке үйреткен, елге сыйлы дәулетті адам екен. Оның Шолтыр, Танаш атты екі ұлы болады, Уәлитхан осы Танаштың немересі екен. Танашев 1899-1908 ж. Астрахан гимназиясынан сегіз сыныптык білім алады. 1909 ж. Қазан университетінің заң факультетін бітіреді. Ол 1913-1917 ж. Қазан қаласында адвокат болып жұмыс істеген. 1917 ж. туған еліне келіп, әртүрлі қызметтер атқарады. Астраханға оралған соң заңгерлікпен айналысады, сол кезден бастап төңкеріс жолына түседі. Ол өзінің ақыл-парасатын туған халқының бақытқа жету жолына арнаған. 1917 ж. 1-8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облысы қазақтарының сиезінде мәжіліс төралқасы төрағасының орынбасары болады. 1917 ж. 21 сәуірде өткен Бөкей Ордасы қазақтарының сиезінде президиум төрағасы болады. Осы сиезде ол Бөкей жер басқармасының төрағалығына сайланып, Бөкей ордасы өңірінен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкілдікке ұсынылады. Ж.Досмұхамедұлы екеуі кеңестің атқару комитетіне кіреді де, Бөкей ордасынан депутаттыққа өтеді. 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мүсылмандар сиезінің атқару комитетіне мүше болады. Киевте тамыз айында өткен бүкілресейлік мұсылмандар күрылтайына катысады. Ел сенімін арқалаған Т. Ж.Досмүхамедұлы және Ж.Ақпаевтармен бірге Петроградтағы «Шура-и исламдағы» Алашорда үкіметінің өкілі болып тағайындалады. Бұл жүмысты абыроймен аткарған Т. 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің министрі болып сайланады. 1918 ж. 8 маусымда Самара қаласында құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетінде (Комуч) ол ел мүддесін қорғауға көп күш салады. Челябіде өткен Комуч пен Сібір үкіметінің мәжілістеріне қатысады. 8-23 қыркүйек аралығында Уфадағы бүкілресейлік уақытша үкімет – Уфа дирекциясы құрылған мәжіліске қатысады. Одан соң Ә.Бөкейхан басқарған Алашорданың шүғыл мәжілісіне қатысады. Ол жиналыста Ж.Досмұхамедұлы, Х.Досмұхамедүлы, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, М.Тынышбаевтармен бірге «Ойыл уэлаяты» таратылып, Бөкей ордасы мен Ойыл уэлаяты, Маңғыстау уезі мен Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерін басқару үшін Алашорданың батыс бөлімшесін құруды қолдаған. 1918 ж. 18 қарашада Омбыдағы дирекция құлап, үкімет билігі адмирал Колчактың қолына өткен кезде Алашорда үкіметі жаңа үкіметпен келіссөз жүргізуге ниеттенді. 1919 ж. 11 ақпанда өткен ведомствоаралык құрылым жөніндегі отырыста Ә. Бөкейхан, А.Тұрлыбаев, Т. Колчак өкілдерімен келіссөзге барады. 1919 ж. Алашорда таратылып, Алаш қозғалысына қатысқандарға кешірім жасалған соң, Т-ның АКСР-ін ұйымдастыру жұмысымен және республикалық мемлекеттік баспа бөлімдерін құрумен айналысады. Орынборда қазақ әскери төңкерістік комитеті құрамында жұмыс істеп, орталық атқару комитетінің мүшесі болады. 1920 ж. 25 қыркүйекте республикалык әділет халық комиссариатының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы кезде ел үшін аса маңызды бірнеше заң актілерінің қабылдануына ықпал етеді. 1922 ж. 9 қарашадан бастап ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы ҚАСР өкілеттігі басшысының орынбасары, кейін федералдық комитетте жер мәселесі туралы жоғары бақылаудың ерекше алқасында қызмет атқарды. Осыдан кейін Танашев У. Татарстандағы Қазан қаласына қайын жұртына кетеді. 1924-1937 ж. Татар автономиясы кеңестік социалистік республикасы жоғары сотында адвокат болады. 1937 ж. бұрынғы алашордашыл қайраткер ретінде тұтқындалады. Артынан тұтқыннан босатылады. Бірақ, 1949 ж. сол айыппен тағы тұтқындалып, 1955 ж. дейін Краснояр өлкесіне жер аударылады. Бақылауда айдауда жұмыс істейді. 1957 ж. Татар АКСР-інің жоғары сот төралқасының шешімімен ақталады. Сол жылы зейнетке шығады. 1968 ж. Қазан қаласында дүние салады.

 Әдебиеттер:

  1. Әлімгереев Ө. Уәлитхан Танашев // Жас қазақ. ­ – 2008. ­- 26 қыркүйек. ­- Б.9
  2. Құл-Мұхаммед М. “Алаш” бағдарламасы: қиянат пен ақиқат. – Алматы: Атамұра, 2000. – 240 б.
  3. Орынбасарова Э. Қазақтың қамын жеген қайраткер // Абай. – 2009. – №1. –  Б. 42-44
  4. Орынбасарова Э. Батыс Алашорда көшбасшысы – Уәлитхан Танашев өмір дерегі хақында // Қазақ тарихы. – 2008. – №5-6. – Б.40-42
  5. Сүлейменова Д. Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов. – Орал: Ағартушы, 2010. – 236 б.
  6. Танашев Уәлитхан Шарафиддинұлы // Тілешов Е. Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.382-383
  7. Танашев Уалитхан / Әбдешев М. Алаш орда министрлері. – Алматы, 2008. – б.72-73
  8. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б.143-144

Интернет сілетемелер:

https://kk.wikipedia.org/wik

https://abai.kz/

https://2gis.kz/nur

http://alash.semeylib.kz/