Есенғұлов Ғұмар (1886-1930)

17Батыс Алаш-Орда қайраткері, қазақтың жоғары білімді алғашқы дәрігерлерінің бірі Есенғұлов Ғұмар  1886 жылы 15-ші мамырда Орал облысы, Темір уезінде дүниеге келген. Әкесі Қожахмет елдегі көзі ашық адамдардың бірі болған. Ғ.Есенғұлов  болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал реальдық әскер училищесін тәмамдаған. Училищеден соң курстастары Б.Бейсенов, Ы.Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. 1914-1916 жылы Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор, 1916 жылы Орынбор қаласындағы Жедел жәрдем стансасында дәрігер қызметін атқарды. 1917 жылы сәуірдің басында Орынбор қаласында өткен Торғай және Орал облысы қазақтарының сиезінде қаралатын мәселелерді әзірлеп, өтетін орны мен уақытын лайықтап, жұртқа хабар беретін айрықша бюроның құрамына кірді. 1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен I Қазақ Орал облыстық сиезінде Жайық сырты облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. Сол жылы 21-26 шілде аралығында өткен II Жалпықазақ сиезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген жеті кандидаттың бірі. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 11 қыркүйектегі орталық Алаш-Орда үкіметінің Уфа мәжілісінің қаулысымен Уақытша үкімет берген құқықтарды уақытша пайдалана отырып жергілікті земстволық басқару ісіне бақылау жасайтын Алаш-Орда Темір уездік комиссары міндеті қоса жүктелді. Қызметте жүріп 1918 жылы күзде қазақтардан қашып Темірге келген Ә.Әйтиевке, М.Ипмағамбетовке Уақытша үкімет комиссарының қолы қойылып, мөрі басылған куәлік табыстап, елге жетулеріне көмектесті. Осы тұста Ташкенттен Жұрын, Темір, Орал арқылы Орынборға бет алып бара жатқан Мұстафа Шоқайға жәрдемдесті. Большевик И.Құрмановтың идеяластарына қарсы күреске қатысты, 1919 жылы маусым айында Батыс Алаш-Орданың Халық әскері бөлімшелерін Орал Войско үкіметі жағында ұрыс қимылдарына қатыстырмау мақсатында Темір, Ырғыз бағытына алып келген Ж.Досмұхамедовке көмектесті. Ізімбет стансасы маңында қызылдарды атағымен қашырған Ж.Досмұхамедовтің 300 жігітін халық жасағы – сойылмен қаруланған «запас кісілер» есебінен 3 мыңға жеткізіп, үрей туғызған әскери тактикалық шараны ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың I армиясы алғаннан кейін Кеңестер жағына 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта кұру ісіне атсалысты. Темір кентінде эпидемиялық дәрігер болып істеді. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін Эпидемиялық отряд меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК(б)П Қазақ облыстық бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниялық атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт қызметін атқарды. Ғ.Есенғұлов 1929 жылы ПХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.

Әдебиеттер :

  1. Есенғұлов Ғұмар // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.170-171
  2. Есенғұлов Ғұмар // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.153-154
  3. Есенғұлов Ғұмар // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы: «Арыс» 2002. – Б.249-250