Бораев Оразәли (1898-1938)

14«Алаш» қозғалысының өкілі, қоғам қайраткері Бораев Оразәли 1898 жылы Сырдария облысы Қазалы уезінің Заңғар болысы №2 ауылында туған. 1918 жылы Қазалы қаласындағы балалар коммунасының нұсқаушысы, Ырғыз қаласында жер басқармасының көшірмешісі қызметтерінде болып,  1919-1920 жылдары жұмысшы-шаруа Қызыл әскерінің құрамындағы 2-ші Қазақ Қостанай кавалериялық полкінде қызмет атқарған. 1920 жылы сәуірден Орынбордағы командалы кавалерияның курсында оқыған. 1920 жылы қазаннан 8-ші кавалериялық бригаданың 16-шы дүнген полкінде кызмет еткен. Қазақ ОАҚ-ң мүшесі, БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің мүшелігіне кандидат болған. Алашорда үкіметі тұсында 1922-1924 жылдары Ташкенттен Түркістан РК ЖО ОК-ң нұсқаушысы, Төрткөл қаласының Қарақалпақ облкомитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, уездік жер бөлімінің меңгерушісі, Қазалы қаласы уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. 1924-1926 жылдары Ташкент каласының мемлекеттік мүлік және жерге орналастыру бөлімінің меңгерушісі, Әулие-ата уезінің атқару комитетінің төрағасы, 1927-1929 жылдары Қазақ ет өнімдері басқармасының төрағасы, Көкшетау округтік атқару комитетінің төрағасы және Петропавл округі атқару комитеті төрғасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1929 жылы округтар жойылған соң О.Бораев Ақмола қаласы «Қарағандыкөмір» тресі басқармасының орынбасарлығына тағайындалған. 1930-1933 жылдары Бүкілодақтық жоспарлау академиясының тыңдаушысы болған. 1933 жылдың тамызы – 1934 жылдың ақпаны аралығында ҚАКСР егін шаруашылығы Халкомының орынбасары, 1934 жылы ақпаннан Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы Жер баскармасының басшысы кызметін атқарған. 1935-1936 жылдары Семей қаласында Шығыс Қазакстан обкомының сауда бөлімінің меңгерушісі, ал 1936 жылдың тамызынан 1937 жылдың қазаны аралығында ҚазКСР Әділет Халық комиссары. 1937 жылы қазанда «халық жауы» деп ұсталып, 1938 жылы ақпан айында атылған. О.Бораевтің есімі 1959 жылы каңтарда толықтай ақталған.

 Әдебиеттер:

Бораев Оразәли // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.104