Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезовтің бірінші жары – Райхан Какенкызы (1902-1976) 

Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. Бозбала Мұхтар ауылдағы ойын-сауық кештерінің бірінде Кәкен байдың қызы Райханға ес-түссіз ғашық болып, атасы Әуездің арқасында 1917 жылы атастыру салты бойынша ол 15 жастағы Райхан есімді бойжеткенге үйленеді. 1918 жылы Мұғамиля есімді қыздары дүниеге келеді.. Бірақ, көп ұзамай болашақ ұлы жазушы ұлы сапарға бел буып, білім-ілім жолымен Семейге кетеді.Семейде жүргенінде жазушының көңілі бұзылып, басқа қызға ауған екен. Өкінішке орай, Мұхтар Әуезов Райханмен көп тұрмайды. 1920 жылы екі жас  ажырасып,  ол сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.  Ал 1919 жылы ерте қайтыс болып кеткен Шоқан есімді баласы туылады.

 

Мұхтар Әуезовтің Райхан Какенкызынан туған қызы – Мұғамиля Мұхтарқызы Әуезова (1918-2009)

Мұғамиля есейіп, уақыт өте өз әкесі,  ұлы жазушы әрі ғалым Мұхтар Омарханұлы туралы ең қызғылықты – «Мен әкемнің тұңғышымын» атты естелік кітабын жазды.  Және өз әкесінің өмір жолында кездескен бес әйелді де өзінің анасы деп қабылдайтынын айтты. Иә, ол тура солай «Анам» деп жазады… Анам Райхан, Анам Камила, Анам Капажан, Анам Валентина, Анам Фатима. Дегенмен Мұхтар Омарханұлының қызы жазушының  тұңғышы болып туғаны бекер емес. Ол өз бойындағы бүкіл баяндаушылық өнерін барынша көрсете біліп 132 беттік кітабына Қазақ елінің бүтін бір дәуірін сыйдыра біліпті. Және де осы еңбегінде әкесі Мұхтар мен анасы Райханның отбасылық өмірі туралы да сыр шерткен көрінеді. Әкем Райхан апаммен ұзақ тұрмады. Екеуі айырылсқанда Шоқан бауырым әлі емшектен шықпапты. Үш-төрт жыл бірге тұрған екеуінің мәселесін халық соты қарапты. Сол кездегі ұйғарым бойынша ұл әкеге, қыз шешеге бұйырады екен».Халықтық сот Шоқан есімді ұлды әкесіне, қызды шешесіне қалдыруға шешім қабылдайды.

«…Алайда сот үкімі шыққанша әкем екі-үш жасар мені ерінің алдына отырғызып, атқа мініп ауылдан шығып кетіп қалыпты. Іздегенде таппайды. Сөйтіп Шоқан да, мен де әкем жағында қалып қойдық» деп жазады Мұғамила Мұхтарқызы. Бірақ, иә, бірақ… біраз уақыт өткен соң Шоқан қайтыс болады.  Мұғамила Мұхтарқызы өзінің әкесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезұлының қызы деген атқа лайық нәзік жанды тұлға бола білді. 90 жыл өмір сүрген Мұғамиля апа көзі тірісінде өзін «Еңлік-Кебектің» замандасымын деп айтады екен. 2009 жылы 13 шілдеде өмірден озды.

Мұхтар Әуезовтің енінші жары – Өскенбаева Кәмила Мағауияқызы(1900-1932)

Мұхтар Әуезов Педучилищенің бітіру кешінде Өскенбаева Кәмиламен танысады. Кәмила – Абайдың немересі, Мағауияның қызы. Оқыған кербез қызға қолқа салу үшін Ділдәға жалынып-жалпайып, араға ағайын-туыстарды араластырып, тоғыз дүре сыбағасын алып, әйтеуір не керек, арманы Кәмилаға қол жеткізіп, отау тігеді. Екеуі қол ұстасып Ленинградқа барады. Ленинград – бүгінгі Петербор қаласы, бұл қаланың табиғаты өзі түсініксіз, аспанында бұлыңғыр бұлт қарайып тұрады, анда-санда жылауық аспаны көз жасын сығымдап алады. Бұл ауа-райы талдырмаш сұлу Кәмиланың денсаулығына жаға қоймағандықтан Мұхтар оны елге жіберген болатын. Кәмила апаның екі баласы да бірінен соң бірі шетінеп кеткен көрінеді. Екеуі де қыз бала еді. Аралары бір-бір жарым жылдан. Сол уақыттарда Кәмила жарының Ленинградтан келмегеніне ашуланып, ішқұсадан аза тұтып, ашығып дүние салады. Ауылдағы асылынан айырылған соң, Мұхаң күнәсінен арылу үшін «Абай жолы» романында қазақ қыздарының өзгеше қасиетін көрсету арқылы кешірім сұраған болады. Бірақ, ол Кәмилаға жасаған қиянатын өмір бойы ұмыта алмай, өзін-өзі кінәлап өткен-ді.

Мұхтар Әуезовтің үшінші жары –  Кузьмина Валентина Николаевна (1904 – 1977)

Мұхтар Әуезовтың әйелі Валентина Николаевнаның атасы Ломоносовпен туыс болған деген деректер бар. (Кузьминдер Архангельск губерниясынан шыққан). 1923 жылы қазан айында Мұхтар Әуезов Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Әлеуметтік ғылымдар факультетінің әдеби-лингвистикалық кафедрасының славян-орыс бөлімінде Мұхтар Әуезов пен оның болашақ жары Валентина Николаевна Кузьмина кездесіп танысады. Таныстықтары махаббатқа ұласып, екуі отау құрады. 1928 жылдың тамызында Ленинград университетін бітіргеннен кейін жас отбасы Ташкентке көшіп келеді. Ташкентке келген соң Мұхтар Әуезов білімін Орта Азия мемлекеттік университетінің Шығыс факультеті жанындағы аспирантурада жалғастырады. Ал жұбайы Валентина Николаевна училищеде орыс тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол Валентинамен өмірінің соңына дейін өмір сүреді, кейін Валентина Николаевна Әуезов мұражайын құру кезінде үйінің сол қалпында сақталуына ықпал етеді. Ал олардың қызы Лейла осы мұражайдың директоры болады. Бірде Мұхтар Әуезов әйелі Валентинаға хат жазып, оған бір нәрсе болған жағдайда ғана басып шығаруды өтінеді. Ол күйеуі қайтыс болғаннан кейін бұл хабарды ашады. Міне, сол жерде: “Валечка, қымбаттым! Бір күні біз бір-бірімізді жоғалтатын сәт болады. Бірақ мен сенің өмірден менің алдымда кеткеніңді қаламаймын. Осылай болса, балалар үшін, біздің отбасымыз үшін дұрыс болар еді сен, менің таза, батыл адамым, сүйікті балаларымның алтын анасы… Мен осындай жазабаны алдағы тағдырымда күтпеген бұрылыс болған жағдайда сендер білсін деп қалдырып отырмын. Бұл хат әрқашан сізбен бірге болсын, менің сүйіктім! Махаббатпен сенің Мұхтарың”,  – деп жазылған.

Мұхтар Әуезов пен Валентина Николаевна Кузьминадан тараған ұрпақ:  Елдес (1927-1928), Лейла (1929- 1993), Ернар (1935 -1995), Елдар (1941-1944).

 

Мұхтар Әуезовтің Валентина Кузьминадан туған қызы –  Лейла Мұхтарқызы Әуезова (1929-1993)

Әуезова Лейла Мұхтарқызы  – тарихшы, жазушы, М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші маман, әкесінің ғылыми-зерттеушілік қызметін зерделеді, қазақ кеңес әдебиетінің жетістіктерін насихаттаумен айналысты, тарих ғылымдарының кандидаты (1958), тарих ғылымдарының докторы (1975).

Л.М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті, шығыстану бөлімін тәмамдады (1952). КСРО ҒА Шығыстану институтының аспиранты (1955), ҚазКСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында, (1956), М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, М.О. Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражай үйінің меңгерушісі (1962) қызметтерін атқарды.

ҚазКСР ҒА құрамында алғаш тек жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеу, жинау, оның шығармашылығының ғылыми жарияланымдарын зерделеу бойынша ғана емес, сонымен қатар қазақ кеңес әдебиетінің жетістіктерін насихаттаудағы маңызды әдістемелік орталыққа айналған М.О. Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражайын құру бойынша үлкен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар жүргізді. Қазақ әдебиеттануындағы жаңа сала – ауезовтанудың қалыптасуына зор үлес қосты.

1980 ж. «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихы мәселелері» және жазушының шығармашылығы туралы жүргізген көлемді жұмыстары үшін ҚазКСР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Мәскеу қаласында «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде жарық көрген М. Әуезовтың 5 томдық шығармалар жинағының алғашқысын, жазушының қазақ тіліндегі 20 томдық шығармалар жинағын, жазушының жарыққа шықпаған бірнеше еңбектерін, ол жайында жазылған замандастарының естеліктер жинағын, оның еңбектері жөнінде библиографиялық көрсеткішті және т.б. даярлауға және басып шығаруға атсалысқан. Лейла Әуезова Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевқа тұрмысқа шыққан.

 

Мұхтар Әуезовтің ВалентинаКузьминадан туған ұлы –  Ернар Мұхтарұлы Әуезов (1935-1995)

Ернар Мұхтарұлы 1969 жылы Алакөлдің жұмбақ шағаласын әлемдік зоология ғылымына танытты. Қызыл кітапқа енгізді. Оған «реликті шағала» деген ат берді. Ұзақ та қажырлы еңбектің арқасында зоология ғылымының кандидаты, орнитолог-ғалым болды. Өмірінің соңына дейін осы салада әртүрлі қызметтер атқара  жүріп, ғылымнан қол үзбеген. Ернардың Лола және Асқар деген екі баласы бар. Олар да Әуезов әулеттерін жалғастырып жатыр. Ернар Мұхтарұлы 1966 жылы ҚазМУ-дың зоология факультетін бітіріп, 1966-88 жылдары ҚР ҰҒА-ның Зоология институтында қызмет істеген. Өмірінің соңына дейін жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі басқармада жұмыс істеп, олардың қоныс аудару мәселесімен айналысқан. Ернар Мұхтарұлы 80-ге жуық ғылыми еңбек жазып, «Қазақстан құстары» атты бес томдық басылымды шығаруға қатысқан. Ернардың шағын, ыңғайлы бөлмесі қазіргі М.Әуезов мұражай-үйінің екінші қабатында орналасқан. Балалық шағының 10 жылға жуық уақыты осы үйде өткен. Онда «Абай» жолының 1,2 кітабы жазылған жазушының жасыл шұғамен жартылай қапталған жұмыс үстелі тұр. Үстінде жазушының мерейтойына сыйлаған екі салт атты қазақтың мүсінінің біреуі (Артемий Обер. ХІХ ғ.), үстел шамдалы, египеттік жазу приборы және құстарға байланысты ғылыми, әдеби кітаптары жатыр. Кіріп келгенде сол жақ қабырғада Ернардың кітап шкафы, ішіне Мұхтар Омарханұлы шетелдерде болғанда Ернарға әкелген сувенир сыйлықтары бар. Оның үстінде әке мен анасының Ыстықкөлде түскен суреті және екі құстың тұлыбы тұр: бірі – қырғауыл, екіншісі – тұғырда отырған қыран бүркіт. Қабырғада фламинго (қоқиқаз) картинасы ілінген. Одан төмен үстінде теңіз жұлдызы қойылған күйтабақ ойнатқышты Rafsodia маркалы радиоқабылдағыш. Еденде түрікмен кілемі. Бұғы бейнелі қабырға кілемшесі мен төсегі. Осы кішігірім зоология бөлмесінде болашақ қазақтың орнитолог-ғалымы өскен.

 

Фатима Ғабитова (1903 – 1968)

Фатима Ғабитқызы 1903 жылы Алматы облысы, Қапалдағы көпес отбасында дүниеге келген. Ұлты татар. Қыздарға арналған орта орыс мектебін, татар қыздар мектебін, медресе және Қазақ университетінің филология факультетін бітірген.

1918 жылы Фатима 17 жасында жас ағартушы Біләл Сүлеевке қосылады. Біләлдан үш бала (Жәнібек, Фарида, Азат) сүйеді. Біләл Сүлеев бұл кездері Жетісу өңірінде қазақ балалары үшін мектеп интернаттар ашуға атсалысып жүрген. 1928 жылы Ораз Жандосов екеуі алғашқы қазақ университетінің негізін қалады.

1929 жылы Біләл облыстық білім беру басқармасына басшы болып Ақтөбеге көшіп келеді. Фатима қазақ мектебіне жұмысқа тұрады. 1930 жылдың қаңтарында он жасар қызы Фарида қайтыс болады. Сол жылы Біләлді мұғалімдер институтына ректор етіп Семейге көшіреді. Қараша айында ұлдары Азат дүниеге келеді. Қауіпсіздік органдары Біләл Сүлеевті тұтқындайды.

1932 жылы Фатима Біләлдің жақын досы ақын Илияс Жансүгіровпен отбасын құрайды. Илиястан Үміт, Ильфа, Болат деген үш перзент көреді. Илияс Жансүгіров 1937  жылы тамызда тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда атылады. Фатима өзіне төнген қауіпке қарамастан Илиястың көптеген қолжазбаларын сақтап қалады. Фатима екінші рет “Халық жауының әйелі” ретінде Алматыдан Семейге жер аударылады. Фатима Илиястың көптеген шығармаларына редактор ретінде қызмет еткен.

Біраз уақыттан кейін Алматыға оралады. Қолында 5 баласы бар жалғыз басты әйелгі Біләл мен Илиястың досы Мұхтар Әуезов қолдау көрсетеді. Арадағы сыйластық пен достық нәтижесінде Мұхтар Фатиманы жар етіп алады. Басына қара бұлт үйірілген кезде Мұхтар әйелін Меркеге туысқандарына жібереді. Фатима Ғабитқызы Мұхтар Әуезовке Мұрат есімді ұл сыйлайды. Сол жылы Фатима мен Біләлдің ұлы Жәнібек майданда қаза болады.

Мұхтар Әуезов  1937-38 репрессия жылдарынан кейін Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.

 

Мұхтар Әуезовтің Фатима Ғабитовадан туған ұлы –  Мұрат Мұхтарұлы Әуезов (1943)

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі. Ғалым М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді. КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі диссертациясын қорғады. Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Мұрат Әуезов «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы (1990), Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры (2003-2006) сынды жоғары қызметтерді атқарды. Қазір Алматы қаласында тұрады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы. – Алматы: «Атамұра» баспасы, 2011.- 688 б
  2. Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы, 1998. – 143 б.
  3. Қазақстан жазушылары: Анықтамалық / Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса – Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009.- Б.71
  4. Үш бірдей ұлы тұлғаның музасы болған Фатима Ғабитова [Мәтін] : Арыстардың музасы // Семей таңы : 2022. – 19 наурыз. – Б.6-7
  5. Храбрых О. Муза Ауэзова / О. Храбрых // Экспресс – К. – 2011.- 22 ноября.- C. 8
  6. Тәбәрікұлы С. Жүрек сөйлейді . – Алматы, 2007. – 340 б.
  7. Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері  // Семей таңы. – 2022.- 1 наурыз.- Б. 6

Интернет ресурстары:

М.Әуезов //https://semeylib.kz/?page_id=1038

Мұхтар Омарханұлы Әуезов  //https://kk.wikipedia.org/wiki

“Кінәсін мойындаған” Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер//https://sputnik.kz/20191208/

Фатима Ғабитова //https://kk.wikipedia.org/