Қошке Кемеңгерұлы

Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгерұлының бірінші әйелі – Зура Мұхамеджанқызы (т.ж.б. – 1924) 

Қошке Кемеңгерұлының бірінші әйелі Зура Мұхамеджанқызының туған жылы белгісіз. Ол 1924 жылы наурызда бала туу кезінде қайтыс болған.

 

Қошмұхамбет (Қошке)Кемеңгерұлының екінші әйелі – Гүлсім Жәмиқызы (1904 – 1988)

Қошке Кемеңгерұлының екінші әйелі – Гүлсім Жәмиқызы 1904 жылы дүниеге келген. Омбы зиялысының қызы. 1925 жылы Көшке Кеменгерұлына тұрмысқа шығып, одан Зайра (1926-2011), Нарманбет (1927-2008), Сәуле (1928-1993) есімді үш перзент сүйеді. Қошке Кемеңгерұлы 1937 жылы оққа ұшқанда, оның аяулы жары Гүлсім Жәмиқызы  мен үш баласы Зайра, Нарманбет, Сәуле ел басына зауал боп келген зұлмат жылдардың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Олар «халық жауының отбасы» деген жалған жалаға көп жыл төзіп жүруге мәжбүр болды. Сібірге айдалса да, абақтыға қамалса да, қызметте қысым көрсе де, ардақты жар, абзал әке есіміне кір келтірмеді, бәріне төзіп шыдады, жарқын күннен үміт жібін үзбеді. 1937 жылы жазықсыз атылған Қошке Кемеңгерұлы жиырма жылдан кейін ақталды. Гүлсім Жәмиқызы дереу оның шығармаларын жинақтауға кіріседі. 1965 жылы жұбайы Гүлсім Жәмиқызы М.Әуезов, Ә.Марғұландардың жәрдемімен шағын «Алтын сақина» жинағын жариялайды. Гүлсім Жәмиқызы өте қайратты кісі болды. Қиындыққа ешқашан мойымайтын. Ауыртпалық көрдім деп айтпаған адам болған. Өмірдің соңына дейін тұрмыс құрмай, отбасын сақтап өткен.

Қошкенің жары Гүлсім 1988 жылы қайтыс болды.

 

Қошмұхамбет Кемеңгерұлының екінші әйелі Гүлсім Жәмиқызынан тараған ұрпақтары

Зайра Қошмұхамбетқызы Кемеңгерова (1926-2010)

Зайра Қошмұхамбетқызы – Омбы облысының Әдес (Одесское) ауданындағы Қаржас ауылында туған. Омбы қаласында Қазақ педагогикалық училищесін және М.Горький атындағы Омбы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген, оқу ісінің үздігі. Омбы қаласында жоғарғы оқу орнын бітірген алғашқы қазақ қыздарының бірі. Өзі оқыған училищеде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Осы оқу орнында елуінші жылдары кейін отандық білім беру ісі мен ғылымына елеулі үлес қосқан ғалымдар ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі С.Исаев, ф.ғ.д., профессор Қ.Есенов, т.ғ.д., профессор Ә.Құдайбергенов сынды тұлғалар З.Қошкеқызы алдынан білім алды. З.Қошкеқызы Алматы облысының Ұзынағаш аулында ұзақ жыл мектепте орыс тілінің мұғалімі қызметін атқарды. Әулеттің қилы тағдыры жайында жазған өлеңдері қолжазба дәптерінде сақталған. «Арман ағысы» атты өлеңдер жинағы 2006 жылы жарық көрді. Күйеуі Сұлтанбекпен Қарлығаш, Сәуле, Гүлмира, Раушан, Дариға есімді қыздар тәрбиелеген. Бұл күнде ұрпақтары Алматы облысы мен Алматы қаласында тұрады.

 

Нарманбет Қошмұхамбетұлы Кемеңгеров (1927-2009)

Нарманбет Қошмұхамбетұлы (1927-2009)Қ.Кемеңгерұлы Ташкентте қызмет еткен кезде осы қалада туған. Омбы қаласында Қазақ педагогикалық училищесін және М.Горький атындағы Омбы педагогикалық институтының алдымен филология, кейін тарих факультеттерін бітірген. Омбы облысының Әдес (Одесское) ауданындағы Қаржас ауылындағы мектепте (1944-1956), Шарбақкөл ауданындағы Томар орта мектебінде (1956-1997) тарих, орыс тілі, қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген. Осы уақыттың ішінде мектеп директорының орынбасары, директоры қызметін атқарып, оқу-ағарту ісінің үздігі атанған. «Құрмет белгісі» орденінің иегері. А.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік ғылыми кітапханасында 1996 жылы Қ.Кемеңгерұлының 100 жылдығына арналған халықаралық конференцияны ұйымдастырылған. Н.Қошкеұлы «Дүниежүзі қазақтары құрылтайының» үш мәрте делегаты болып, алқалы жиындарға Омбы облысы атынан қатысты. 2003 жылы атамекенге оралды. Елу үш жылдық ұстаздық еңбек жолында қалың қауым шәкірт тәрбиеледі. Олардың арасында кейін Қазақ еліне есімі танымал болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Б.Тұрсынбаев, Ж.Кәрібжанов, С.Әлібаев сынды тұлғалар бар. Нарманбет Қошкеұлының өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Жұбайы Қапиза Қадірқызымен Гүлнар, Ризабек, Қаршыға есімді екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді.

 

Сәуле Қошмұхамбетқызы Кемеңгерова (1928-1993)

 Сәуле Қошмұхамбетқызы – Қошке Кемеңгерұлының кенже қызы, Ташкент қаласында туған. Әке жолымен дәрігерлік мамандықты таңдап, Омбы қаласында ауруханада ұзақ жыл қызмет істеді. Жолдасы Риза екеуі Қамария, Нүрания, Ромин есімді екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Өмірінің соңғы жылдарында өлең жазып, шығармашылықпен айналысты. Қолжазба дәптерінде сақталған туындыларында ата-анасына сағынышы, отбасы тағдырына қатысты ойлары көркем бейнеленген.

 

Ризабек Нарманбетұлы – Қошмұхамбет Кемеңгеровтың немересі (1953)

Ризабек Нарманбетұлы әке жолын жалғап ұстаздық еткен, Ресей Федерациясы халық ағарту ісінің үздігі. Омбы облысының Одесса ауданы  Қаржас ауылында дүниеге келген.  1974 жылы Омбы педагогикалық институтының филология факультетінде білім алған. 1987-1989 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының күндізгі аспирантурасында оқып, бітірген. 1974-2003 жылдар аралығында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Омбы облысы, Шербақұл ауданындағы Томар орта мектебінің директоры қызметтерін атқарған. Домбыра, мандолин, баян сияқты музыкалық аспаптарда шебер ойнайды.Ол ұзақ жылдар бойы Томар орта мектебінің көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, домбырашылардың отбасылық ансамблін ұйымдастырған. 1984 және 1987 жылдары   бірінші және екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы конкурстарының лауреаты атанған. 2004 – 2011 жылдары Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Ш.Уәлиханов  атындағы көпсалалы колледжде орыс тілі мұғалімі болып жұмыс істеген. 2012 – 2020 жылдары Еуразия гуманитарлық институтының қазақ және орыс филологиясы кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарған.  Ол Қ.Кемеңгеровтің әңгімелерін орыс тіліне аударған. Қазіргі уақытта  зейнеткерлік демалыста.

 

Қайырбек Ризабекұлы – Қошмұхамбет Кемеңгеровтің шөбересі (1977)

1977 жылы Омбы облысы, Шарбақкөл ауданы, Жанан ауылында дүниеге келді. Туған аулында Томар орта мектебін (1994), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті Қазақ филологиясы факультетін (1998) «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасында ізденуші-стажер ретінде бастады (1998-2000). Осы уақытта Ресейдің Омбы облыстық мемлекеттік архиві, А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік кітапханасы, Омбы Өлкетану музейінің кітапханасы және ҚР Орталық Мемлекеттік архиві, ҚР Ұлттық кітапханасы, ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қорларында жұмыс істеп, Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері туралы құжаттар мен деректерді, диссертациясына материал жинады. Баспасөзде, ғылыми жинақтарда Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, А.Тұрлыбайұлы, О.Әлжанұлы, Ж.Ақпайұлы,  Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, С.Сейфоллаұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Әуезұлы, С.Садуақасұлы, Б.Айбасұлы, Қ.Тоғамбайұлы сынды Алаш қайраткерлері жайында ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, ректор көмекшісі, ректор кеңесшісі қызметін атқарды (2001–2010). Филология факультетінің студенттеріне арнап «Алаш дәуір әдебиеті» атты пәннің оқу-әдістемелік кешенін әзірлеп, дәріс оқыды. Халықаралық Түркі академиясында ғылыми қызметкер, Ғылым бөлімінің басшысы болды (2011–2014). 2014 жылдың шілде айынан – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті. Қазіргі уақытта университетте қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

2016 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде тіркелді.

Қайырбек Ризабекұлының негізгі еңбектері:

–         Атамның аманаты. Алматы: Жазушы. – 2002. –  68 б.;

–         Омбыда оқыған қазақтар (Алаш қайраткерлері туралы зерттеулер мен мақалалар). Қызылжар. – 2007. – 218 б.;

–         Алаш дәуір әдебиеті (оқу құралы). – Көкшетау. – 2008. – 80 б.;

–         Олжабай Нұралыұлы. Монография. Қызылжар. – 2010. – 200 б.;

–         Ақмола облысы. Энциклопедия: Қазақ энциклопедиясы. – Алматы, ¬– 2009, 510 б. (ред. коллегия, құрастырушы, тезистер авторы Қ.Кемеңгер).

–         Түркі дүниесі. Халықаралық альманах. Астана: Фолиант. 2012. – 524 б. (жауапты редактор Қ.Кемеңгер);

–         Әлихан әлемі. Көрсеткіш, мақалалар. Алматы: 2016. – 228 б.

–         Алаш қозғалысы (оқушыларға арналған анықтамалық, телавтор Қ.Кемеңгер). Алматы: 2017.

–         Әлихан Бөкейхан. Энциклопедия / Бас ред. Ж.Тойбаева. (ред. мүшесі, мақалалар авторы Қ.Кемеңгер): – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2018. – 784 бет.

–         Татаро-казахские литературные взаимосвязи и творчество Магжана Жумабаева. Сост. А.М.Закирьянов, К.Р.Кеменгер. Казань, ИЯИЛ им. Г.Ибрагимова, 2018. – 124 с. : 4 л. ил.

–         «Мәңгілік Ел» құндылықтары және Алаш идеясы. Оқу құралы. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2019. – 380 бет. (телавтор Қ.Кемеңгер).

–         Ақ жол (газеті). Көптомдық. Құраст. Х.Есенқарақызы. (16-20, 24, 25 томдарды редакциялаған Қ.Кемеңгер):  – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020.

–         Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект. Ұжымдық монография. – Нұр-Сұлтан: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2020. – 407 б. (баспаға дайындаған, телавтор Қ.Кемеңгер).

–         Рухани жаңғыру: Алаш идеясы және мемлекетшілдік. Ұжымдық монография. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020. – 320 б. (телавтор Қ.Кемеңгер).

–         Рухани жаңғыру мен алаш идеяларының тарихи, әдеби және мәдени аспектілері. Ұжымдық жинақ (монография). Нұр-Сұлтан, 2020. – 320 б.  (телавтор Қ.Кемеңгер).

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Жұмабердіқызы Г. Алаштың бір ардағы: Деректі-ғылыми хикаят. – Алматы:Рауан, 1988.- 88 б.
  2. Жұртбай Т. «Ұраным-Алаш!..» Том 2. Тез.- Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 464 б.

Интернет ресурстары

  1. Гүлжаһан Орда. Қошке әулетінің шырғалаңы мен шырағданы https://abai.kz/post/15768
  2. Қошке Кемеңгерұлы: өмірбаяны, отбасы, жары, еңбектері https://sputnik.kz/society/20190531/10331694/Repressia-Qoshke-Kemengeruly-Gulsim-Jamiqyzy.html
  3.  Қошке Кемеңгерұлы: суреттер мен құжаттар  https://alash24.kz/news/12999
  4. Қошке Кемеңгерұлы: өмірбаяны, отбасы, жары, еңбектері…
  5.  https://kznews.kz/zhanalyqtar/qoshke-kemengeruly-omirbajany-otbasy-zhary-enbekteri/
  6.  Перзенттік парыздан – өмірлік мұратқа https://moldir-bulak.kz/?p=4574