Әлімбеков Имам (1883-1937)

5Алаш қайраткерлерінің бірі – Имам Әлімбеков  1885 жылы бұрынғы Семей губерниясы Қарқаралы уезінің Ақсары болысында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Имаммағзұм. Бірақ та ел-жұрты оны Имам деп атап кеткен.

Жалпы Имам Әлімбековтің қоғамдық-саяси өміріне қатысты бір деректе, оның Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Семей мұғалімдер семинариясында Әбікей Сәтбаевпен бірге оқып, кейін сонда оқытушылық қызмет жасағаны сөз болады [«Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. 45-46 беттер]. Ұлт зиялысы Әбікей Сәтбаев 1926 жылдың 20 мамырында өз қолымен толтырған автобиографиясында «1907 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітірдім» деп жазады. [Из личного дела А. Сатпаева. Семипалатинский ЦДНИ. Фонд-415, дело-510, опись-02] Жалпы Имам Әлімбековтың ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі туралы деректер негізінен оның алғаш Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Әбікей Сәтбаевтармен етене жақын таныс, сыралғы дос, қызметтес болған жылдарды қамтитынын айғақтайды. Бұл арада алдымен Ахаң мен Имамның арасындағы педагогикалық-шығармашылық байланысты және олардың жеке отбасылық өміріндегі ұқсас жайды айта кеткен жөн бе деп санаймын. Біріншіден, Имам Әлімбеков Семей мұғалімдер семинариясын Әбікей Сәтбаевпен қатар оқып бітіріп, одан Ахмет Байтұрсыновпен Қарқаралы мектептерінде бірге қызмет атқарады. Осы уақытта ол Ахаңнан тәлім алып, өзінің шығармашылық қабілетін ұштағанға ұқсайды. Екіншіден, жеке отбасылық ұқсастықтар жайында айтар болсақ, сол кездегі патшалық Ресейдің Мәскеу, Петербург, Қазан және т.б. университеттерін бітірген қазақ оқығандарының көбіне жұбайлары орыс не татар, ноғай, башқұрт ұлтынан болып келетін. Тіпті, Алаш көсемдері Әлихан мен Ахметтің әйелдері де орыс қыздары болатын. Мысалы, академик Рабиға Сыздықова Ахмет Байтұрсынов туралы монографиялық зерттеу еңбегінде: «Көп ұзамай А. Байтұрсынов Омбыдан Қарқаралыға келіп, әуелі екі кластық орыс-қазақ мектебінде, кейін училищеде сабақ береді…. Самодержавиеге қарсы пікірлер білдіріп, іс-әрекеттер жүргізіп отыр деген айыппен ұсталып, 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып шығады.

1909 жылы 1 маусымда А. Байтұрсыновты Семей губернаторы Тройницкийдің жарлығымен тағы да тұтқынға алып, әуелі Қарқаралы түрмесіне, кейін Семей түрмесіне қамайды… А. Байтұрсыновтың жұбайы Александра атты орыс әйелі ешкімі жоқ пәтерде жүрген жетім қыз болатын (тіпті, фамилиясы да белгісіз еді). Ахмет түрмеде жатқанда, тамақ тасып, кір-қоңын жуып оған қызмет көрсетеді. Ар-ұяты, адамгершілігі зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңілді аттап кетуді ар санап, түрмеден шыққан соң, сол жетім қызға үйленеді. Ол кезде өзге діндегі әйелмен мұсылманның некесін қиғызу қиын іс болғандықтан, Александраға Бадрисафа деген мұсылманша ат беріп, татар қызы еді деп некеге отырады. Ахаңмен бірге көп қиындық кешіп өткен Бадрисафа 1943 жылы қайтыс болған» деп жазады. Ал енді Имамның нағашысы Мақат Рахманұлы «Ахаңның Имам деген досы болған» мақаласында осы жылдары Имам Әлімбеков те Варвара есімді орыс қызына үйленіп, мұсылманша атын Бәтима деп қойып, Семейдегі Ахмет Риза мешітінде некесін қидырғанын айтады [Г. Бұхарбаева, Г. Сафарова. Имам Әлімбеков – қайта оралған есім. Қарағанды, 2005].

Ахаң мен Имам Қарқаралыдан кейін де арадағы достық байланысын үзбеген. Олай болатыны, Әлихан Бөкейхановтың араласуымен А. Байтұрсынов 1909 жылы Семей түрмесіндегі сегіз айға созылған тас қамақтан босап, Орынборға саяси жер аударылады. 1913 жылдан сонда «Қазақ» газетін шығара бастайды. Өз кезегінде Имам да баспасөз жұмысына қызу араласып, жәрдемін жасайды. 1917 жылғы ақпан төңкерісін Орынборда Ахаңмен бірге қарсы алады. Содан 2-8 сәуірі аралығында Орынборда өткен Торғай қазақтары сьезіне қатысып, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Сейідәзім Кәдірбаев, Ғұмар Есенғұлов, Есен Тұрмұхамедов, Керей Тұрымовтармен бірге жалпы қазақ сьезін шақыру жөніндегі айырықша бюроның құрамына сайланады. Ал «Қазақ халқының тұңғыш сьезі» мақаласында «… бұл өзі қазақтың орыс қоластына кіргеннен бері зор қалыпта құрылған тұңғыш сиезі еді» деп оның саяси маңызын атап жазады.

Дегенмен ол көпұзамай Семейге қайтып оралады. Бұл туралы 1917 жылғы «Қазақ» газетінің №242 санында: «Сарыарқаны» қазақ емлесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз» деп шағын хабар да жарияланған. Осы «Сарыарқаның» жауапты шығарушы болып қызмет атқарып, 1917 жылдың 12 қыркүйегінде Семейде екінші облыстық қазақ сьезін өткізуге атсалысады. Сондай-ақ «Алаш» партиясының облыстық комитетінің құрамына еніп, Семей уездік Земствосының депутаты болып сайланады. «Сарыарқа» газетінде редакторлық қызметте жүріп, болашақ тәуелсіз қазақ автономиясын құру идеясын қолдаушылардың біріне айналады.

1918 жылдың басында Алашорда үкіметі өзінің уақытша тұрағы Семейге ат басын тіреген уақытта Имам Әлімбеков саяси күреске белсене араласып, түрлі қоғамдық жұмыстар атқарады. Алайда Семейдегі қала билігі ақ пен қызылдың қолына алма-кезек ауысып, Алаш қайраткерлерінің түпкілікті көздеген мақсатын жүзеге асыруға көп мүмкіндік бермеді.

Омбыдан қызылдардың командирі Звездовтың қарулы отрядының келуімен Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедұлы оққа ұшып, жаппай тұтқындау басталады. Мұндай кезеңде Алашорда басшыларына ақпен де, қызылмен де уақытша тіл табыса тұру керек болды. Сол себепті Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелері ақылдаса келіп, Имам Әлімбековты кеңестік революциялық штабқа астыртын қызметке жібереді. Ол өз басын қауіп-қатерге тіге жүріп, талай қазақ азаматтарын тікелей төнген ажалдан аман алып қалды.

Жалпы осы уақытта Алашорда басшылығы ақтардың жасырын ұйымымен де байланыс орнатып, оған өз адамдарын жібереді. Кейінде Семейді Колчак әскері алып, қызылдарға қызмет жасағандар қамауға түскен кезде, Имам Әлімбековты өлімнен құтқарып қалу үшін облыстық Земство басқармасының басшылары Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов пен Әбікей Сәтбаевтар Семей облысының әскери басқарушысына жазған баяндама хатында: «Большевики захватили власть и упрочились только после прихода в семипалатинск известного всем нам Звездовского отряда из Омска. К слову сказать, частью этого отряда был убить один из милиционеров из состава киргизской милиции – семинарист Гази Нурмухаметов… В начале апреля нам удалось установить, что в городе Семипалатинске работает другая организация, преследовавшая ту же цель, что и мы. В этой организации участвовали персонально известные нам лица: товарищ председателя семипалатинского окружного суда Н.В. Вайсер, председатель того же суда Ф.К. Станкевич, именовавший себя комиссаром сибирского правительства Давыдов и кроме того офицеры Герасимов, Харченко, Анциферов и др. Так как организация была обставлена глубокой тайной, то мы знали лишь Н.В. Вайсера, по предложению которого и вступили в состав организации. В целях поддержания живой связи, в эту тайную организацию мы ввели трех своих представителей: по военно-оперативной части капитана Тохтамышева, по гражданской Биахмета Сарсенова и Халиля Габбасова. При этом порядке взаимного информирования, сведения той и другой организации делались общим достоянием, это возможно было осуществить лишь через посредство тех лиц, которые были введены той или другой организациями в состав советских организаций. В этом Имам Алимбеков и др. члены областного киргизского комитета оказали неоценимые услуги общему делу» деп оның сіңірген еңбегін ерекше айтып көрсетеді.[Мартыненко Н. Алаш-Орда: Сборник документов. Алматы, «Айкап», 1992 г. 154-стр]

Алаш қайраткері Имам Әлімбеков азаматтық қарсыласу жылдары Самара қаласында өткен Сібір автономистерінің өзін-өзі билеу мәселесін қарастырған съезіне делегат ретінде қатысып, Семейдегі Алаш милициясы мен атты әскер полкін құрып, жасақтау ісіне араласады.

Алашорда үкіметі құлағаннан кейінгі кеңес уақыты тұсында туған өлкесі Қарқаралыға қайтып келіп, оқу-ағарту саласында қызмет жасайды. Бір кезде «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жинақтаған шығармашылық тәжірибесі құр босқа далаға кетпейді. Түрлі басылымдарға мақалаларын жариялап, қаламгерлік дарынын шыңдай түседі.

1930 жылдардың басында Алаш қайраткерлері «халық жауы» ретінде айыпталып, қамуға түсе бастаған кезде Имам Әлімбеков те тұтқындалады. ОГПУ үштігінің шешімімен үш жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Беломор-Балтық лагеріне жіберіледі. Одан тек 1933 жылғы Дүниежүзілік Қызыл Креске Максим Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың жолдаған өтінішінің ықпалымен мерзімінен бұрын босатылады. Бірақ та әрбір басқан қадамы үнемі НКВД қызметкерлерінің аңдуында болып, ақыры 1937 жылдың 17 наурызында қайтадан қамауға алынады. Тінту хаттамасында Имам Әлімбековтың үйінен Абай өлеңдерінің жинағы мен Алашорда тарихының очерктері тәркіленгені айтылады.

Семей облысы УНКВД үштігінің үкімімен 1937 жылы 17 қыркүйекте ату жазасына кесіледі. И.Әлімбековтың есімі 1990 жылы 15 наурызда ақталды.

Әдебиеттер:

  1. Әлімбеков Имам // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.78
  2. Әлімбеков И. // Қазақстан тарихы. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006. –  Б.97-98
  3. Әл-Карени (Каренов) Р. Алаш азаттығының ақиығы Имам Әлімбеков. – Астана: Астана ҚазЭҚХСУ, 2009. – 134 б.
  4. Имаммағзум Әлімбеков (1885-1937): Алашорда Үкіметінің құрылғанына 90 жыл. – Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, 2008. – 15 б.
  5. Имам Әлімбеков– қайта оралған есім / құраст.: Г. Бұхарбаева. – Қарағанды: Арко, 2005. – 64 б.
  6. Нұрқасымова А. Қызыл қырғын құрбандары  // Шәкәрім. – 2013. – № 2. – Б.58-61
  7. Төлепберген Б. Мәңгі жас-Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – 301 б.

 

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Имам_Әлімбеков

http://imena.pushkinlibrary.kz/kz/d-alashkz/666-.html