01

Алашорда Үкіметінің 100 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған эмблема 1913-1918 жылдары қазақтың кіндік қаласы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газетінің логотипі мен осы басылымдағы «Орда гербі» атты мақалада жазылған сипаттамалар негізінде жасалынды.

1918 жылы А.Байтұрсыновтың редакторлығымен басылған «Қазақ» газетіндегі аталмыш мақалада Алашорда үкіметінің эмблемасы туралы: «Киіз үй – киіз туырлықты халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: Түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жолы еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Европа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Европа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді», – деп жазылған болатын.

02

– күн – әлемге жарық, қызу беріп тұратын жұлдыз, қозғалыс, даму, өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі
– шаңырақ – киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын қасиетті ұғым. Қазақтың өз алдына тәуелсіз, бірлігі жарасқан ел болуын білдіреді.

 

03

Логотипте уық формалы қошқар мүйіз оюы халқымызда малшының материалдық әл-ауқатын білдірген.

 

 

 

 

04

Алаш – ежелгі түркі сөзі, ол бауырластар, қандастар, туыстар деген мағына береді. Көне заманда, түркі халықтары іргесі бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Күн сәулесі түскен шаңырақтың астында «Алаш» сөзі араб стилінде жазылып, киіз үй формасын жалғастырады және логотиптің негізгі ойын аяқтап, тұтас етіп көрсетеді.

 

05Логотипте қоңыр түс көрсетілген. Қоңыр түс –топырақтың және ағаш тақтаның реңі. Бұл төзімділік пен сенімділік белгісін беретін түс. Сондай–ақ, жердің түсі. Жер халықтың тіршілік орны. Осыған байланысты қазақ елінің танымында жағымды мәнде ерекшеленеді.