Міржақып Дулатов

Міржақып Дулатовтың жұбайы – Ғайнижамал Досымбекова (1895-1940) 

Ғайнижамалдың ата-анасы Баймұрат пен Қанипа.  Әкесі Баймұрат Досымбек дәрігер болған. Олар  Омбыда, Любинский даңғылында (қазіргі Ленин даңғылы), астық базарының жанындағы ағаш үйде тұрған.

Досымбековтер отбасында Сара (1892-1972), Ғайнижамал (1895-1940), Гүлшахра (1900-1933) есімді үш қыз дүниеге келген.  Әкесі қайтыс болғаннан кейін, олардың ағасы Оматай Ғайнижамалдың анасы мен әпкелеріне қамқорлық жасаған. Сара мен Ғайнижамал үйде мұғаліммен бірге оқып, ал ең кішісі 1917 жылы Гимназияны бітірген.

29 жастағы Міржақып Дулатовпен Ғанижамал 19 жасында танысады. Үйленгенге дейін Міржақып болашақ қалыңдыққа: «Гая, біз қосылмас бұрын көптеген мәселелерді шешуіміз керек» – дейді.

«Жақаңмен қосылу тойымыз Омбыда 1914 жылдың 14 мамырында өтіпті. Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойға қатысқандар: шешем — Қанипа, үлкен әжеміз, ақ батасын берген Әйеміз еді (ол кісіні бәріміз «Әйе» дейтінбіз). Омар ағам (Оматай) мен Батиха жеңгем, оның туыстары Досмұхамбет Кемеңгеровтерден: Қошмұхамбет (Қошке) — Батиханың немере інісі, өзінің сіңлісі — Рахима (Ботанай) — менің айырылмас досым, Зейнеп (оны «Япон» дейтінбіз) менің бөлем шешемнің Мүслима деген сіңлісінен туған. Японның күйеуі Қартқожа Тоғанбаев, Гуля, жездем Ерқосай Мұқышев, апам Ғалия мен Омбы мешітінің имамы Ғалым Әбдірахимовтың ұлы Сұлтан, қарындасы, менің құрбым — Халима және Айдархан Тұрлыбаев. Семинария оқушылары — Мағжан, Сәкен, Сәдуақас Шорманов әйелдерімен, Асфендияр Шорманов, ауыл шаруашылығы мектебінде оқитын — Бірмұхамбет (Біркей) Айбасов, жас жігіт Мұхтар Саматов, Қуанышев деген купецтің қыздары — Әмина мен Жәмила, Сафа Шонаев, ағайынды Асылбек, Мұсылманбек (Мүси), Мұратбек Сейітовтер, Омбының атақты дәрігері Нечаев, Оспан Төлепов (Японның ағасы), бәрін атап айтар болсам, кiсiлер толып жатыр. Тойымыздан кейін Омбыда кідірмей, Орынборға жүріп кеттік», – дейді Ғайнижамал Досымбекова естелігінде.

Дулатовтардың бірінші қызы – Гүлнар (1915), одан кейін Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925) туды. Ақынның балаларының кейбір суреттері сақталса да, олардың өмірі ұзақ болған жоқ. Гүлнардан басқа барлық балалар нәресте кезінде қайтыс болған. 1928 жылы әкесі тұтқындалған кезде Гүлнар небәрі 12 жаста еді, ол әкесінің барлық мұрасын бір қорапқа жинап, оларды құпия ұстаған.

Міржақып Дулатов түрмеде отырып, Горькийдің әйелі Е.Пешковаға Ғайнижамалмен кездесуге рұқсат алуға көмектесуін сұрап хат жазған. Екі айдан кейін ол кездесуге рұқсат алған. 1934 жылы Гайнижамал үлкен қиындықтармен Сосновец аралына ұлы Әлібекпен бірге келген. Міржақып өзінің қиын жағдайға тап болғанын сезіп, Ғайнижамалға елге оралуға кеңес берген. 1935 жыл олардың ұлы Әлібек аурудан қайтыс болғанда, Архангельскіде сүргіннен жаңа оралған Ахмет Байтұрсынов Ғайнижамалға келіп, көңіл айтып, Міржақыпқа Әлібектің өлімі туралы жазбауын өтінген.

1935 жылы қараша айында М.Дулатовтың дүниеден өткендігі туралы НКВД-ның қағазын алады. Отыз жыл қуғынға түскен М.Дулатов сол кезде небәрі елу жаста еді. Ғайнижамал осы қайғыдан кейін ұзақ өмір сүрмей 1940 жылы қайтыс болған.

Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова (1915-2013)

«Мен  – Гүлнар Міржақып пен Ғайнижамал Дулатовтардың тұңғыш перзентімін. 1915 жылы қарашаның төртінші жұлдызында дүниеге келіппін. Туған қалам Орынбор болғанымен, әкем туу туралы куәлігімді елден басқа біреулер арқылы алдырған екен. Төлқұжатымда: «Қостанай облысы. Торғай. Қазіргі Жангелді ауданы» деп көрсетілген. Міржақыптан қалған жалғыз болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнар Дулатова болып өмір сүріп келемін», – дейді Гүлнар Дулатова өзінің естелігінде.

Гүлнар Дулатова 48 жыл дәрігерлік қызметте болды. Ұлы Ерлан Сатыбалдиевтің айтуынша «халық жауының» фамилиясымен Қазақстанда оқи алмайсың» деген Қаныш Сәтбаевтың кеңесінен кейін 1930 жылдары Томск қаласына кетіп, сондағы мемлекеттік университеттің медицина факультетіне оқуға түскен.

Бұл университеттің әскери-дәрігерлік факультетін анамыздың нағашы атасы Баймұрат та бітіріп, Омбы қаласында төңкеріске дейін клиника ұстаған және Қаныш Сәтбаевтың өзі де сол университетте оқыған. Анамыз кейін оқуын Алматыда медицина университетінде жалғастырды, – дейді Ерлан Сатыбалдиев.

«Балалық дәуренімнің қасіретсіз күндері көп болған жоқ» дейтін Гүлнар Дулатова 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді де, кейінгі тоқырау жылдарын да, Қазақстан тәуелсіздігін де көзімен көріп, куәгер болды. Ол өз естеліктерінде Алаш қайраткерлерінің қалай ұсталғанын, «халық жауының» қызына кейбір қазақ оқығандарының көзқарасы қалай болғанын да ашық жазды.

Г.Міржақыпқызы «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, т.б. туралы деректерді алғаш жариялаушы. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Қостанайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптар, суреттер, хаттар мен құжаттар, сынды т.б. көптеген экспонаттар тапсырған. Баспасөзде Г.Міржақыпқызының очерктері мен эсселері 1988 жылдан бастап жариялана бастады.

1995-1999 жылдары «Свет истины» («Шындық шырағы») екі томдық кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, Гүлнар әкесінің «Оян, қазақ!» кітабын, екі томдық шығармалар жинағы мен бес томдық шығармалар жинағын құрастырушыларының бірі.

Гүлнар Міржақыпқызы әке жолын қуып, қолына қалам алып, артына мол мұра қалдырды. Ол 1988 жылдан бастап кешегі күнге дейін мерзімді баспасөз беттеріне көптеген мақалалар, очерктер, естелік-эсселер жазып тұрды. Оның қарымды қаламынан туған Алаш арыстарының өмір белестері суреттелген «Алаштың сөнбес жұлдыздары» (2010 ж.), «Шындық шырағы»  (2012 ж.) атты жеке кітаптары жарыққа шықты.

Қазақстан және шетел ғалымдарының әдеби, тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен үлес қосты. . Мәселен, ол әдебиет және тарихтанушы Томохико Уяма ( Жапония), Исанбике Валиди Тоған (Түркия), Хасан Уралтай (Германия), Марат Әбсеметов, Сабира Иманбаева ( Қазақстан) сынды зерттеушілердің жұмысына қатысты. 2010 жылы республикада медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Алтын медалі берілді. Гүлнәр Міржақыпқызы сондай-ақ айрықша еңбегі үшін 2011 жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейханов атындағы тәуелсіз қоғамдық төсбелгімен марапатталды.

Гүлнар Дулатова 98 жасында 2013 жылдың ақпан айында дүниеден өткен. 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Дулатов М. Оян, қазақ!: (босқын қырғыз бауырларыма арнадым) // Ақиқат. – 2019. – №2. – Б.3.
  2. Дулатова Г. Шындық шырағы. – Алматы: Мектеп, 2013. -166 б.
  3. Дулатқызы Г. М. Алаштың сөнбес жұлдыздары: естелік-эссе. – Алматы: Мектеп, 2012. – 392 б.
  4. Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010. – 341 б.

Интернет ресурстары

https://e-history.kz/ru/news/show/4873/

https://egemen.kz/article/19978-gulnar-mirdgaqypqyzy-dulatova