Ақбайұлы Жақып (1876-1934)

02Ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Ақбайұлы Жақып 1876 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген.

1886 жылы Қарқаралыдағы орыс-қырғыз школына қабылданады. Мұны бітірген соң Омбы гимназиясында жеті жыл оқып, ал Том гимназиясында бір жыл оқиды.
1898-1903 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқып, оны алтын медальмен бітірген. 1903-1905 жылдары Омбы сот палатасында, округтік сотында қызмет еткен.

1905-1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында наразылық шерулеріне қатысады. II Мемлекеттік Думаға сайлануға тырысқанымен, патшалық режим оны бұл мүмкіндігінен айырады. Омбыдағы «Степной край» газетіне сол кездегі ұлт басындағы қиын ахуалдың заңдық-құқықтық жағын тереңінен қозғап жазады. Алаш қозғалысы үшін аса жауапты кезеңде ұлттың құқығын қорғай алған заңгер Ж.Ақбайұлы оқығандарға, қарапайым халыққа сауатты күресудің жолын көрсетті. Ол Омбыда жүрген қазақ жастарын өз төңірегіне топтастырып, әлемдік дамудың, демократиялық жаңғырулардың негізін түсіндірді.
1905 жылы патша атына жазылған әйгілі «Қарқаралы петициясын» заң тұрғысынан негіздеп хатқа түсірушілердің қатарында Ақбаевтың есімі ерекше аталады. Ә.Бөкейхан ұйытқы болған, Қарқаралы уезінің өкілетті 42 қазағы атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде жолданған осы хаттың Алаш қозғалысындағы орны айрықша. Осының нәтижесінде халыққа біршама еркіндік берген 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесі дүниеге келді.

1905 жылы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен басқосуда да өкіметтің теріс әрекеттерін әшкереледі. Патшаның жергілікті әкімшілігі «Үкімет заңдарын халыққа теріс түсіндіретін заңгер», «Уездік бастықтар мен болыстардың қызметіне халықты қарсы қоятын элемент» деген айыппен оны 1906 жылы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Жақып Ақбайұлына Ә.Бөкейхан бастаған тұлғалардың жәрдемі көп тиген. Төңкеріс кезеңінде де қайраткер Жетісу облысының Қапал уезіне 2 жылға жер аударылған. 1906-1918 жылдары Семей округтік сотында қызмет істейді. 1906 жылы «патша өкіметіне қарсы іс-әрекет жүргізді» деген айыппен тұтқындалып, алғаш 1908 жылы Якутияға, ал 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылады. 1910-1912 жылы Троицк қаласында айдауда болып, 1912 жылы Қарқаралыға оралады. 1915 жылы қайта тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Якутияға 5 жылға айдалайын деп тұрған жерінен әйгілі ақпан төңкерісі болып, ғайыптан құтылады. Бірақ Уақытша үкімет те оны сол 1917 жылы Семей түрмесіне жабады. Кешікпей саяси ахуал өзгереді. Ол осы жылы Алаш партиясы құрылатын I жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын II жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алашорда үкіметі -Ұлт кеңесінің мүшесі болып сайланады. 1917 жылдың шілдесінде Колчактың әскери-далалық соты оны әскери-қазақ диктатурасын құлатуға себепші болғаны үшін өлім жазасына кесті. Кеңес тұсында 1919-1927 жылдары ол Семей өңірінде жауапты қызметтер атқарады. 1927-1928 жылдары Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болды. 1929 жылы жалған айыппен ұсталып, 1930 жылы Воронежге жер аударылды.
Ж.Ақбайұлы 1934 жылы Алматы қаласында қайтыс болған.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.Әнес Ғ., Смағұлова С.- Алматы: Арыс, 2009.- б.25
Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары //Абай.- 2004.-№1.- б.61-64
Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі // География және табиғат.- 2004.- №3; 4; 5;
Жұртбай, Т. “Тұңғиық терең жарға кеткен түсіп…” : (Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және Жұмахан Кудерин) / Т. Жұртбай // Абай. – 2011. – № 5-6. – 27-63 б.;Ақиқат. – 2012. – № 9. – 48-55 б.; Ақиқат. – 2012. – № 10. – 82-90 б.
Құл-Мұхаммед, М. Алаш ардагері [Текст] : Ж. Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарастары / Құл-Мұхаммед М. – Алматы : Жеті жарғы, 1996. – 224 б.
Нұрпейiс, К. Алашорда жетекшiлерiнiң ұлттық мемлекет мәселесiне көзқарасы / К. Нұрпейiс // Отан тарихы. – 2006. – № 1. – 16-20 б.
Сәдуақасов, Қ. Әлихан әлемі [Текст] / Қ. Сәдуақасов // Егемен Қазақстан. – 2016. – 24 наурыз. – 5 б.

Тайшыбай, З. Зарқын Тайшыбай… : Жақып Ақбаев Алашорда үкіметін құрушылардың алғашқы легінде болған / З. Тайшыбай // Жұлдыздар отбасы Аңыз адам. – 2014. – № 24. – 48 б.
Темірбай А. Жақып Ақбаевтың дипломы табылды // Егемен Қазақстан.- 2003.- 16 желтоқсан.- б. 6.
Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар. – 2014. – б.22-23