Доcмұхамедов Халел

Халел Досмұхамедовтың жұбайы – Тоқтыбаева Сағира Жұмағалиқызы (1890-1968)

Халел Санкт-Петербургтегі Әскери-медицина академиясының соңғы курстарында оқып жүрген кезінде демалысқа елге келіп, Жымпиты ауданының қазағы Жұмағалидың үлкен қызы Сағираға 1908 жылдың 2 желтоқсанында үйленеді. Руы – Он екі ата Байұлының бір атасы – Тананың қарақұнаны. Сағира ауыл мектебінде ескіше хат таныған, ақылды, парасатты адам еді. Тәңір қосқан қосағы Халелдің басына түскен қиындықтың бәрін бірге бөліскен, рухани ең сенімді тірегіне айналды. Балаларын қатарларының алды етіп тәрбиелеп, өсірген абзал жан.

Халел мен Сағираның жеті баласы болды. Тұңғыштары Ұрқия деген сәби ерте шетінеп кетті. Ал 1920 жылы Ташкентте дүниеге келген Әзімжан деген ұл 7-8 жасында ауырып қайтыс болды. Халелден үш қыз, екі ұл тараған. Олар: Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, елге елеулі еңбек сіңірген. Бір қызығы әулеттен 13 ұрпақ ата жолын жалғап, дәрігер мамандығын иеленіпті. Досмұхамедовтер отбасына келген қиыншылық бала-шағасын тарыдай шашып жіберді.

Халелдің балалары – «халық жауының» балалары ретінде өмірдің қатігездігі мен қиыншылықтарын бастан кешіп, қабырғалары қайыспай, тағдырларына жазықсыз душар қылған мұң мен зарды қасқая тұрып, қарсы алып, асыраушы да, демеуші де, сүйеуші де, ақылшы да бола білген анасы Сағираның арқасында білім алып, халқына адал еңбек еткен шын мәніндегі асқақ жандар.

Халелдің зайыбы Сағира Жұмғалиқызы Тоқтыбаева 1968 жылы дүние салды.

Халел Досмұхамедовтың жұбайы – Тоқтыбаева Сағира Жұмағалиқызынан туған балалары

Рабиға Халелқызы (1909-1995)

Рабиға Халелқызы –  1909 жылы Тайсойғанда дүниеге келіп, 1995 жылы Алматыда балаларының қолында дүние салды.. Әкесіне ұқсап дәрігер болуды армандады. Ташкенттегі САГУ-дің медицина факультетіне оқуға түсті. Ол үшінші курста оқып жүргенде әкесі Алматыға ауысты. Әкесі сүйікті қызын жат жерде жалғыз қалдырғысы келмей, бір жылдан кейін қоймай отырып, оқудан шығарып, Алматыға өз қолына алған. Рабиға Алматыда медициналық арнайы оқу орны болмағаннан кейін ҚазПИ-дің биология факультетіне оқуға түсті.

Рабиға 1930 жылы ҚазПИ-дің физика факультетінің үздік студенті Ерғазы Әбдірахимовке тұрмысқа шықты. Халел көп студенттің ішінен Семей жақтың осы бір бұйра шашы дудыраған, жазық маңдай, аққұба, әдемі жігітінің білімге құштарлығын ұнататын.

Өте алғыр, талантты студентіне ұстаз Халел көп үміт артып, жанына жақын тартты. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы өзара сыйластық бара-бара үлкен достыққа айналды. Халекең Рабиғаға талай-талай белгілі, дәулетті әулеттердің құда түскеніне қарамай, сүйікті қызын Ерғазыға өз қолымен ақ батасын беріп ұзатқан. Жалпы Халелдің күйеу баладан жолы болған адам. Ерғазы әке орнына әке, аға орнына аға болған, Халелдің басына қара бұлт үйірілгенде де жанашырларының біріне айналған.

Институт партия ұйымы Ерғазыны халық жауының күйеу баласы деп партия қатарынан шығарып жібергенде де ауыртпалықты мойымай көтере білді.

1931 жылы Ерғазы мен Рабиғаның тұңғыштары Болат дүниеге келді. Болат Ерғазыұлы Әбдірахимов нағашы атасының жолын қуып, Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірді. Медицина ғылымының кандидаты, доцент. Зайыбы Азат, медицина ғылымының докторы, профессор. Болаттың екі қызы бар, үлкені Дариға, медицина ғылымының кандидаты, дәрігер, екіншісі Гауһар – тарихшы. Болат 1995 жылы ауыр науқастан дүние салды.

1934 жылы Ерғазының отбасына екінші Дина есімді сәби қосылды. Дина Ерғазықызы Әбдірахимова 1957 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің орыс бөлімшесін үздік бітірген соң, аз уақыт мамандығы бойынша жұмыс істеп жүріп, комсомол жұмысына ауысты. Алғыр да іскер жас ұйымдастырушылық қабілетімен тым тез көзге түсті. Кейін жұмыс бабымен Қарағандыға жоғарылатылып, облыстық атқару комитетінің хатшылығына дейінгі үлкен еңбек жолынан өтті. Дина Ерғазықызы ҚР әлеуметтік қамсыздандыру министрі болып қызмет атқарды. Екі рет республика парламентінің депутаттығына сайланды. Халел Досмұхамедұлы Қорының президенті. Жұбайы Мағрып Әкімбеков тау-кен инженері. Екінші мамандығы экономист, Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын бітірген. Көп жылдар мемлекеттік жабдықтау комитетінде жауапты қызметте болды. Ұлдары – Сұлтан тарихшы, ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірген. Мәскеудің Әлеуметтану институтының аспирантурасында оқып, аяқтады.

Рабиғаның үшінші қызы Римма 1938 жылы дүниеге келді. 1961 жылы Алматы медицина институтын үздік бітірген соң, жолдамамен Көкшетау облысында бөлімше дәрігері болып еңбек жолын бастады. Кейін Қарағандыға ауысып, қатардағы гинеколог-акушерден қаланың бас гинеколог дәрігеріне дейін өсіп, жемісті еңбек етті. Қарағанды медицина институтында сабақ берді. Жұбайы Марғұлан Қамиев инженер. Техника ғылымының кандидаты. Қыздары Ботакөз дәрігер, ұлы Дәурен инженер.

Соғыс аяқталатын жылы Ерғазы мен Рабиғаның отбасында ұлы Мұрат дүниеге келді. Мамандығы – физика пәнінің мұғалімі. Шағын құрылыс мекемесін басқарды. Зайыбы Галя – экономист, екі қызы бар. Үлкені Зәуре – дәрігер, кішісі Әсел.

Мұраттан кейін 1947 жылы Әлия дүниеге келді. Ол Мәскеудің Менделеев атындағы химия-технология институтын бітірген. Қазір Менделеев атындағы ғылыми-техникалық қоғамы төрағасының орынбасары. Ұлы Тимур Мәскеудегі авиация институтында  оқыды.

1950 жылы дүниеге келген қызы Әсия Мәскеудің Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын бітірді. Жұбайы Ермахан Бегенов экономист. Екі қызы бар. Үлкені Анар Мәскеудегі мемлекеттік Орджоникидзе атындағы басқару академиясының студенті болған, екіншісі Әнел, Бүкілресейлік Герасимов атындағы кинематография институтының экономика факультетін бітірді.

Әділхан Халелұлы (1912-1970)

 

Әділхан Халелұлы – 1912 жылы дүниеге келген. Ол Алматыдағы № 14 орта мектепте оқыған. Дайындық курсын үздік бітірген. Бірақ отызыншы жылы әкесін тергеуге алуына байланысты Әділхан әрі қарай оқуын жалғастыра алмай, Балықшы одағы деген мекемеде жұмыс істейді. Тек 1932 жылы әкесімен бірге Воронежге жер ауып барған соң ғана медицина институтына оқуға түседі. Бірақ 1937 жылы Кеңес Одағында жаппай қудалау қайтадан басталып, қара тізімге іліккен Әділхан оқудан шығарылады.

Әділхан Ұлы Отан соғысы басталысымен өзі сұранып, майданға аттанды. Майданда алғы шепте дҽрігер болып жүріп, қатты жараланып, бірнеше ай госпитальде жатады. Соғыстан ауыр жарақатпен оралған Әділхан Алматы медицина институтына түсіп, 1947 жылы бітіріп шықты. Ол ұзақ жылдар бойы Қызылордадағы алапес ауруын емдейтін ауруханада еңбек етті. Құрметті демалысқа шыққан Тағдыр тауқыметін көп көрген Әділхан 1970 жылы дүние салды. Зайыбы Рашида 1993 жылы қайтыс болды. Жалғыз ұлдары Марат 1952 жылы туған, бизнеспен айналысқан. Жұбайы Ғалия екеуінің Гүлназ есімді қызы бар.

Сәуле Халелқызы (1916-ө.ж.б)

Сәуле Халелқызы – 1916 жылы туған. Ол 1935 жылы Воронеж қаласында дайындық курсын бітіріп, Буденный атындағы мемлекеттік университеттің биология факультетіне оқуға түседі. Алайда келесі жылы Сәуле де оқудан шығарылады. Ол 1938 жылы қаңтар айында Воронеждің зооветеринарлық институтын бітірген Тілеужан Әлиев деген жігітке тұрмысқа шығады. Сол жылы наурыз айында Тілеужан Воронеж облысының бір совхозына жұмысқа орналасып, отбасын көшіріп әкетеді. Осы жылғы шілде айында Халекең тұтқындалып, Алматыға жөнелтілген соң Сағира жеңгей соңынан баруға жиналады. Ата-анасының басына ауыр күн туғанда ең алғашқы қамқор қолын созған Тілеужан мен Сәуле еді. Әкесінің ұсталғанын естіген бойда Сәуле жұбайын ертіп Воронежге  келіп, сіңлісі Қарашаш пен інісі Төлені көшіріп алып кетті. Жалпы Сәуле Халел балаларының ішіндегі алысты жақын қылатын бауырмалдығымен ерекшеленеді. Ол Қарашаш пен Төленің қатардан қалмай білім алуларына көп еңбек сіңірді.

Сәуле мен Тілеужан 1939 жылы Орал облысының Жымпиты ауданына көшіп барды. Екеуінің бауырынан сегіз бала өсіп-өрбіді. Алайда Сұлтанбек пен Сапарбек деген ұлдары жас кездерінде сүзекпен ауырып, қайтыс болды.

Үлкен қыздары Әнәпия 1945 жылы туған. Халық шаруашылығы институтын бітіген соң, жолдамамен Жезқазған облысына жұмысқа барды. Жұбайы Серік Мыстанов кенші, кейін ауырып қайтыс болды. Екеуінен Айгүл, Алма, Ерболат, Айнұр есімді балалары бар.

Екінші қыздары Айман 1946 жылы дҥниеге келген. ҚазМУ-дің биология факультетін бітірген соң, Бақанасқа барып, жұмысқа орналасты. Қазір сонда обаға қарсы күресетін лабораторияны басқарады.

Қыздарының кішісі – Шолпан 1950 жылы туған. Тілеужан мен Сәуленің балаларының ішіндегі ең зерегі. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Оқуды бітірген соң ол да Бақанасқа, аудандық ауруханаға жолдама алды. Жоғары категориялы дәрігер.

Ұлдан үлкені Төлеген 1953 жылы дүниеге келген. Ол да Алматы медицина институтын бітірген. Талдықорған қаласындағы қан құю станциясында еңбек еткен. Оның жұбайы Дина дәрігер, Талдықорған медициналық училищесінде сабақ берді. Екеуінен туған үлкен ұлы Данияр педагогика институтын бітірді. Кішісі Дамир

Сәуленің екінші ұлы Алтай 1954 жылы туған. Қарағандының кооператив институтын бітірген. Зайыбының аты Гүлнар, екеуінен Әнуар, Дариға есімді екі бала бар.

Сәуле мен Тілеужанның кенжелері Мәлік 1956 жылы дүниеге келді. Құрылысшы. Келінінің есімі Шолпан. Бұлардан Асқар, Динара, Зәуре деген немерелері бар.

Қарашаш Халелқызы (1923-ө.ж.б)

Қарашаш Халелқызы – 1923 жылы дүниеге келді. Әке-шешесі оны еркелетіп Тайжан деп атап кеткен. Воронежде әкесі  тұтқындалғанда Қарашаш 15 жасар жас өспірім еді. Мектепті Сәуле мен Тілеужанның үйінен бітірген соң, Қарашаш педагогикалық училищеде оқиды, одан соң Алматыдағы екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға түсіп, оны 1943 жылы бітіріп шығады. Бір жыл Орал облысы Жымпиты ауданындағы Бұлдырты орта мектебінде мұғалім болады. Содан соң 1944 жылы ҚазПИ-ге келіп оқуға түседі. Екі жылдан кейін институтты үздік бітіріп шыққан соң Алматыдағы юристер институтына орыс тілінің оқытушысы болып жұмысқа орналасады. Алайда көп кешікпей, “халық жауының ағайындарына арамызда орын жоқ” деген солақай ұран қайта көтеріле бастайды. Ақыры институттың бір топ мұғалімі қара тізімге ілініп, жұмыстан шығарылады.

Сол кезде Қарашаш анасы Сағира және ҚазМУ-дың студенті, інісі Төле үшеуі Жас коммунарлар мен Чайковский атындағы көшелердің қиылысындағы оқытушылар жатақханасының бір бөлмесінде тұрған.

Кейіннен қасиетті Түркістанда Қарашаш алты жыл еңбек етті. Сол 1958 жылы ақталған Халел Досмұхамедұлының отбасы Алматыға қайтып оралды.

Қарашаш Халелқызы Алматыға оралған соң соқырлар қоғамының журналында редактордың орынбасары, кейін Ғылым академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып істеді. Филология ғылымының кандидаты.

Досмұхамедов Төле Халелұлы (1929-1995)

Досмұхамедов Төле Халелұлы –  Халелдіңең кенжесі 1929 жылы 12 желтоқсан күні Алматыда дүниеге келді. 1955 жылы ҚазМУ-дің биология факультетінің топырақтану бөлімін бітірді. Университеттен кейін Ғылым академиясының топырақ зерттеу институтына жұмысқа орналасып, өмірінің аяғына дейін бір жерде жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты. 1985 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды. Зайыбы Роза. Жалғыз ұлдары Азамат медицина институтын бітірді. 1995 жылы кенеттен қайтыс болды.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ағартушы Халел: жинақ / құраст. Ғ. Қабдолқайырұлы. – Алматы: Арыс, 2004. – Б. 87-98
  2. Алашорда үкіметі // Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. – Алматы: Санат, 1996. – 93-б.
  3. Ахметов С. Халел Досмұхамедұлы және Батыс Алаш-орда // Қазақ тарихы. – 2004. – № 3. – Б. 91-101
  4. Әлімханова.Р. Халел басқарған «Талап» қауымы. // Ақиқат. – 1998. – №3. – Б. 62-64
  5. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы еңбектері. – Астана: Астана-полиграфия, 2008. – 400 б
  6. Досмұхамедұлы Х. Аламан / құраст. Ғ. Әнесов, А. Мектепов, Ш. Кәрімов. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 176 б
  7. Қамзабекұлы Д. Халел. Брюсов. Мағжан // Парасат. – 1995. – № 10. – Б. 6
  8. Нұрпейісов К., Құлкенов М., Хабижанов Б., Мектепов А. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. – Алматы: Санат, 1996.
  9. Тұғыры биік тұлға: [халқымыздың көрнектi қоғам қайраткерi, ғалым, жаратылыстанушы, дәрiгер Халел Досмұхамедұлына арналады] / құраст. В.Қ. Күзембаева, Р.Әлмұханова . К.К. Әбуғалиева . – Алматы, 2008. – Б.188-192