Қадырбаев Сейдәзім (1885-1938)

20Қадырбаев Сейдәзім Құлмағанбетұлы (1885, қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы -1938, Ресей, Воронеж) – Торғай өңіріндегі Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің бірі. Алғашқылардың бірі болып заңгерлік білім игерген ұлт қайраткері. Ол 1913-1918 жылдары Орынбордағы сот кеңселерінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1918-1920 жылдары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. бірге «Алашорда» үкіметінің Торғай әскери бөлімшесіндегі көшбасшыларының бірі болды. Ал, 1922-1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Юстиция Халық Комиссариатының заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде басшы қызметтерде болды. Сол жылдарда Республика Юстиция Комиссариатын Нығмет Нұрмақов басқарғаны тарихтан белгілі. Ендеше, Қадырбаевтың Нұрмақовқа сенімді серік болғаны анық. Екеуі үзеңгілес жүріп, қазақ халқының ұлттық мүддесімен астарласқан заң жобаларын әзірлеген. Қаламгер Қ.Әлімнің «НаркомЮст» наркескені» атты мақаласында Қадырбаевтың заңгерлік қызметі жан-жақты зерделенеді. Аталған мақалада келтірілген мына бір деректен Сейдәзімнің заңгерлік біліктілігі өз заманында жоғары бағаланғанын аңғаруға болады.
1917 жылғы «ұлы төңкеріс» қарсаңында Торғай уезінен Петроградқа, Ішкі істер министрлігіне, Леонтьевке №350 жеделхат Торғай комиссары атынан жолданыпты. (Бұл деректі мақала авторы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының 17-қоры, 1-тізім, 4-іс, 66-парақтан алған. Е.М.) Онда былай делінген: «923 ауылдық, поселкелік, болыстық, үйездік, азаматтық комитеттері және олардың басқармасының атқару органдары ұйымдасып, бірігіп іс жүргізу жағдайында тұр. Съездің облыстағы 350 делегаты сайлаған облыстық басқарманың құрамын хабарлаймыз. Төрағасы – 86-Дон жүздігінің прапорщигі, жоғары білімді заңгер Ткаченко, төрағаның орынбасары – қырғыз (қазақ), Орынбор округтік сотының хатшысы Қадырбаев, басқарма хатшысы – ауыл шаруашылығы нұсқаушысы Медведев, мүшелері – орыстар Лаванов, Словохотов, Казанцев, қазақтар Байтұрсынов, Дулатов, Бегімбетов». Қадырбаевтың заңгер ретіндегі біліктілігі оған білдірілген осынау сенім арқылы танылып тұрған жоқ па?!

Сейдәзім Юстиция Комиссариатында қызмет еткен жылдарында «Қылмыс заңын» (қазіргі «қылмыстық Кодекс» – Е.М.) қазақшаға тәржімалап, шала сауатты заңгерлер үшін баға жетпес көмекші құрал жасаған. Қадырбаев аударған «Қылмыс заңы» 1923 жылы Орынборда кітап болып басылып шығып, сот жүйесі өндірісінде зор сұранысқа ие болыпты. Алайда, бір жыл өтпестен, көре алмаушы топтың ықпалымен басқа редакцияда аударылып, «Қылмыс заңы» қайта жарық көреді. Осы тұста Міржақып Дулатов «Ақ жол» газетіне сын мақала береді. «Мадияр» атты бүркеншек есіммен берілген мақалада Дулатов «Қылмыс заңының» соңғы аудармасын өткір сынға алып, Қадырбаев аудармасының ерекшелігіне тоқталады. Тіпті, кейінгі тәржімаға «Жауыздық низамнамасы» деген баға беріп, «…Сейдәзімнің кітабы мен мұның тәржімасын салыстырып, Сейдәзімдікі нашар болғанда ғана мұны басу керек еді. Қанша пұл, қанша қағаз, қанша еңбек босқа кетіп отыр» деген пікір айтады.

«Алашорда» Үкіметі серкелерінің бірі, көрнекті заңгер Сейдәзім Қадырбаев та – ақтаңдағы ашылып, ақиқаты айтылмаған, ұлт ертеңі жолындағы көшелі еңбегі көмескіліктен арыла қоймаған көсемдеріміздің бірі. Рас, «Алашорда» Үкіметі жайындағы еңбектерде Сейдәзім Құлмағамбетұлының есімі көп тізімнің ішінде аталады да, еңбегіне кеңірек шолу жасалмайды. Тек, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың «Арыстың бірі – Сейдәзім» атты естелігінде Қадырбаевтың әкесі Міржақыппен мүдделес, ұлт ұстазы Ахаңмен ақылдас болғандығы жайында нақты айтылады. «…Сейдәзім аға 1913-1918 жылдары Орынборда заң саласында ірі басшылық қызметтер атқарды. Ол сондағы «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсыновпен аға-інідей сыйласты. Ал, менің әкем Міржақыппен екеуі жастайынан бірге өскен, бірге оқыған, саналы ғұмырында сыйлас, мүдделес болған жандар еді. Түйдей құрдас әрі жерлес, бір-бірінің қадіріне сондай жетік олар туыстан бетер сыйласатын»,-деп жазады асылдың сынығы Гүлнәр апай.

Негізсіз жағылған қара күйенің салдарынан басқан іздері аңдумен, айтқан сөздері бұрмаланумен өткен «Алаш» қайраткерлерінің бірі Сейдәзім Қадырбаев Воронежге айдалғаннан қайтып оралмады. 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы 17 қазанда әйгілі «үштіктің» үкімімен тарпаң тағдыры оққа байланды. Қадырбаевтың дәл 1938 жылы 17 қазанда атылғанын растайтын құжат ұрпақтарының қолында. Ардақты ердің артынан ізденген ұрпақтарына 1963 жылы 5 қыркүйекте Воронеж облысының мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен келген ресми хатта былай делінген:

«Сообщаем, что Кадирбаев Сейдазим Кульмагамедович 11.Х.1938 г. осужден тр. УНКВД №13. Приговор исполнен 17.Х.1938г.». Жоғарыға шағымданудан жалықпаған туысқандарына Қадырбаевтың ақталғандығы туралы Воронежден сүйіншілі хабар 1966 жылы жетті.

Әдебиеттер:
1. Қадырбаев Сейдәзім Құлмағанбетұлы // Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.205
2. Сейдәзім – Алаш серкесі // http://ortalyk-kaz.kz/publ/tarikh/sejd_zim_alash_serkesi/5-1-0-1776
3. Қадырбаев Сейдәзім Құлмағанбетұлы // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.180-181