Молдабайұлы Әнияр (1856 – 1934)

2Молдабайұлы Әнияр (Ануар) Қожабайұлы – Шыңғыс болысында дүниеге келген. Абайдың замандасы және қамқорлығында болған. Семей интернатында, кейін №5 қалалық училищеде оқыған. Абайдың талап етуімен Анияр Ресейде оқып, адвокат куәлігін алған соң елге оралады.

Кейіннен пошта бөлімінде жұмыс істеп, Ташкент қаласына, соңынан Әндіжанға іс-сапарға жіберіледі. Қайта оралған соң, Семейде Мемлекеттік банкте 1919 ж. зейнетке шыққанға дейін тілмәш болып қызмет істейді.

1917 жылы «Алаш» партиясына кіреді. 1917 ж. сәуір-мамырында А.Молдабаев Семей облыстық қазақ комитеті съезіне қатысып,оған мүше болып сайланады. Алаш облыстық комитетінің қазынашысы, Семей облысы Земствосы жиналысының мүшесі, Семей уездік қазақ соты жиналысының мүшесі және Земск банкі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.dom aniyara moldabayeva

Семей қаласында Ә.Молдабаев көпес Москвиннің үйін сатып алады. Абай және балалары Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай Семейге келгенде осы үйге тоқтаған. 20-жылдары мұнда  М. Әуэзов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов тұрды. Ә. Молдабаев ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтармен жақсы таныс болған.

Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың Семейдегі мұражай-үйі 1944-1967 жж. Әнияр Молдабаев үйінде орналасты. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде салынған  осы жеке үй Абай мұражайы болуға ыңғайлы еді.  Оның тұңғыш директоры жас әдебиетші Қайым Мұхаметханов болды.

1997 жылы қыркүйекте М.О.Әуезовтың туғанына 100-жыл толуына орай осы Әнияр Молдабаевтың мемориалды үйінде “Алаш арыстары және Мұхтар Әуэзов” мұражай экспозициясы ашылды.

 Әдебиеттер:

  1. Молдабаев Әнияр // Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.243.
  2. Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.310
  3. Ғабдулина А. Әнияр Молдабаевтың үйі: мұражай // Үш анық. – 2000. – №23. – Б.3
  4. Молдабаев С. Әкем Әнияр Абайдың тәрбиелеп өсірген адамы // Абай. – 2016. – №3. – Б.84-87
  5. Мүфтиұлы М. Әнияр Молдабаев // Абай. – 2009. – № 3. – Б.24-30
  6. Тәтіғұлов Ә. Текті тұлғалар тұяғы // Егемен Қазақстан. – 2000. – 2 қыркүйек. – Б.4

Интернет-сілтемелер

Дом-музей Абая Кунанбаева [Электронный ресурс]: [о Молдабаеве А.] // culturemap.kz : сайт. – Режим доступа: http://culturemap.kz/ru/object/dom-muzeiy-abaya-kunanbaeva