Ғаббасов Халел (1888-1931)

06Ғаббасов Халел (Халиулла) Ахметжанұлы – (1888 ж. Семей облысы Семей уезі Шаған болысы – 1931, Мәскеу) – Алаш қозғалысының қайраткері. 1898-1909 жылдары Семейде приход, орыс-қазақ мектептерінде, гимназияда оқыған.
1910 жылға дейін Сейтен болысында мұғалім болып қызмет атқарды. 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, 1911 жылы студенттер ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылған.

Осы жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1915 жылы алтын медальмен бітіріп шықты. 1915-1917 жылдары Орталық ұсақ кредит басқармасының Семей қаласындағы бөлімшесінде есепші, Мемлекеттік банктің Семей облыстық бөлімшесінде инспектор қызметтерін атқарған. 1917 жылы Семей облыстық Қазақ комитеті төрағасының орынбасары, облыстық земство басқармасының мүшесі, ал 1917-1919 жылдары «Сарыарқа» газетінің редакторы болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігіне айналып, 1917 жылы 21-28 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне Семейден Григотий Потанин, Әлімхан Ермеков, Биахмет Сәрсенов, Мұқыш Поштаев, Ахметжан Қозыбағаров, Жақып Ақбаевтармен бірге делегат болып қатысады. 1917 жылы қазан айынан Алаш партиясы Семей облыстық комитетінің төрағасы қызметіне сайланған.

Х.Ғаббасов ІІ Жалпықазақ сиезінде Алаш милициясын құрі туралы баяндама жасайды. 1918 жылы қаңтардан Семей облыстық жер басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде болады. 1918 ж. 20 наурызда Алашорда үкіметінің тапсыруымен телеграф арқылы И.В.Сталинмен тікелей байланысқа шығып, қазақ автономиясын құру туралы сөйлеседі. Онда ұлттарға өзін-өзі билеу құқығын беруді талап етті. Кеңес үкіметі тұсында білімін, қайрат-жігерін қазақ халқының мүддесіне бағыттады. 1920 ж. губ. рев. комитетте қызметкер, губ. рев. земство басқармасы алқасының мүшесі, Қазақ рев. комитетінде өкіл, 1921-1923 жылдары Халел Ахметжанұлы Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің жанынан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу үшін құрылған төтенше комиссияның мүшесі, губерниялық атқару комитеті жер бөлімінің меңгерушісі болды.
1924-1925 жылдары ол Жаңа-Семей (Алаш) ауданында ауыл-шаруашылық одағында қызмет атқара жүріп, қоғамдық-мәдени шараларға қызу араласты. 1924 жылдың 29 желтоқсанында География қоғамының ұйымдастырумен өткен Абайды еске алу кешінде Х.Ғаббасов «Абайдың өмірбаяны» жайында, М.Әуезов «Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы» баяндамаларын жасайды. 1926 жылдың ақпанында Халел Ғаббасов Қазақ АКСР Жоспарлау комиссариатына қызметке шақырылды. Онда ол Төралқа мүшесі, ғылыми қызметкер болды. Алашорда басшыларына кеңес үкіметі заң жүзінде рахымшылық жасағанымен, алайда саяси қуғын-сүргін тоқталмады. Социалистік қоғамға «жат элементтер» деген желеумен оларға әрдайым сенімсіздік көрсетіліп, жауапты қызметтерден шеттетіліп отырды. Олар заң, құқық қорғау органдарының үнемі қатаң бақылауында жүрді. Әсіресе, бұл саяси қысым көрсетушілік Ф.Голощекиннің Қазақстанда билік құрған кезінде мейлінше асқына түсті. 1930 жылы Халел Ғаббасов сол кездегі қазақтын астанасы Қызылордада мемлекеттік мекемеде қызмет істеп жүрген жерінен Шыңғыстаудағы ағайын-туыстарына демалысқа келгенде «халықты қарулы көтерліске үндеді, ағылшын барлауына құпия мәліметтерді беріп, астыртын байланыс жасады» деген жаламен тұтқындалып, қамауға алынды. Ақыры, ол небәрі 43 жасында Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының «үштігінің» қаулысы бойынша «халық жауы» ретінде айыпталып, 1931 жылғы сәуірдегі шешімімен өлім жазасына кесілді. Шешім Мәскеу түрмесінде жүзеге асырылды. Ал 1988 жылы ісінде қылмыстық нышан болмағандықтан ақталды.

Әдебиеттер:

1. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.142-143
2. Алаш. Адашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.128-129
3. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917 ж. – мамыр 1920. Т.2. – Алматы: Алаш, 2005. – Б.134
4. Алаш туы тігілген өңір (Алашорданың 100 жылдығына орай) / құраст. М.Қ. Каримов, М.Қ. Асылбеков, Н.С. Нанбекова. – Семей, 2015. – 311 б.
5. Әбдешев М№ “Алаш Орда” министрлігі = Министры “Алаш Орды”. – Алматы, 2008. – 114 с.
6. Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары : Ұлылар шыққан орта // Абай. – 2004. – №1. – Б.61-64
7. Белгібаев М. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі / М Белгібаев, Ж Әділбекқызы // География және табиғат. – 2004. – №3. – Б.5-15
8. Жұртбай Т. Ұраным-Алаш: Т. 1. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – Б.204
9. “Қазақ ауылына – азаматтық соғыс жариялады !…” : Жер жегісі / Т Жұртбай // Ақиқат. – 2010. – №10. – Б. 41-49
10. Ожанова Ж. Халел Ғаббасов // Қазақ тарихы. – 2004. – №4. – Б. 101-108
11. Сләмов А. Бір жарым жылдағы өшпес із: алашорда-90 // Ертіс өңірі. – 2007. – 16 мамыр. – Б.11
12. Сыдыков Е. Шәкәрім және алашорда: ғылыми жинақ. – Новосибирс : Талер-пресс, 2008. – 192 б.
13. Тайжігіт , Берікхан. Берікбол ақсақал Халел Ғаббасовтың туысы / Б. Тайжігіт // Ертіс өңірі. – 2016. – 5 қазан. – Б. 10
14. Теміров Б. Алаш қозғалысының қайраткері // Абай. – 2016. – №3. – Б.34-42
15. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б.139
16. Фотообъективтегі ақиқат: Алаш әлемінен көрініс // Алаштану. – 2008. – №1. – Б.140-147
17. Шаяхметов Н. “Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін” : Оқу құрал. – Алматы: Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университеті, 2001. – 149 с.
18. Ыбырайымова М. “Сарыарқа” газетінде көтерілген мәселелер: Баспасөз тарихынан / М Ыбырайымова // Қазақ тарихы. – 1999. – №4-5. – Б. 67-68
19. Құл-Мұхаммед М. “Алаш” бағдарламасы: қиянат пен ақиқат. – Алматы : Атамұра, 2000. – 240 б.

https://kk.wikipedia.org/wiki

https://vk.com/

https://e-history.kz/

http://alash.semeylib.kz/