Төлебаев Мырзахан (т.ж.б.- ө.ж.б)

14Төлебаев Мырзахан – Алаш қозғалысының қайраткері. 1916 жылы патша жарлығымен тыл жұмысына алынған Жетісудың қазақ жігіттерін майданға бастап барып, тілмаштық қызмет атқарған деген дерек бар. Ағартушылық-демократиялық бағыт ұстанған қазақ жастарының «Еркін дала» қауымына мүше болады. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпықазақ сиезіне Жетісудан делегат болып қатысады. Осы жиында Бүкілресейлік құрылтай жиналысының депутаттығына кандидат болып ұсынылады. 1918 жылы 26 наурызда Верныйда өткен Жетісу мұсылман солдаттары, жұмысшыларының жиналысында большевиктер тұтқынындағы жергілікті Алашорда қайраткерлері О.Әлжанов, Ы.Жайнақов, С.Сабатаевты сотқа дейін облыстық мұсылман ұйымдарының кепілдігімен босату жөнінде ұсыныс қояды. Алашорданың Қапал уездік кеңесіне мүше болып жүрген кезінде жергілікті Алаш милициясын жасақтауға белсене атсалысады. 1918-1920 жылдары Азамат соғысынан титықтаған қазақтарға көмек көрсету үшін Қапал комитетін құрады. 1919 жылы 27 ақпанда «большевиктермен байланысы бар» деген желеумен Колчак үкіметі тұтқынға алады. Елі үшін туған ердің тағдырына алаңдаған М.Тынышбаев араша түсіп, Колчак үкіметінің басшыларына хат жолдап, оны босатуды талап етеді. Кейін түрмеден босатылып, елге келеді. 1913 жылы Верный қаласында Романовтар әулетінің 300 жылдығына орай Жетісу облысының ауылшаруашылық көрмесінде жергілікті қазақтардың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін (фотограф Лейбин) бөлім ұйымдастырған, көрме туралы фотоальбом құрастырған (ол әліге дейін сақтаулы). Қайраткердің кейінгі тағдыры туралы дерек кездеспейді.

Әдебиеттер:

  1. Төлебаев Мырзахан / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б. 396
  2. Төлебаев Мырзахан / Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.314

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Мырзахан_Төлебаев