Тоқтабаев Кәрім (1890-1936)
Тоқтабаев Кәрім Досжанұлы – қоғам қайраткері, Алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі. 1890 жылы бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезі, Шұбалаң болысында туған.
1909 жылы Орынбордағы қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. 1909-1912 жылдары Тосын болыстық мектебінің мұғалімі, 1912-1919 жылдары Торғай қаласындағы медресе жанындағы орыс сыныптарының меңгерушісі, Торғай жоғары бастауыш училищесінің математика және физика пәндерінің окытушысы болды. Ақпан революциясынан кейін 1917-1918 жылдары Алаш қозғалысына белсене араласып, Торғай кеңесіне мүшелікке сайланды. Кейіннен кеңес өкіметі жағына шығып, 1919-1921 жылдары Семей губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1921-1922 жылдары Көкшетау уезінің азық-түлік комиссары, Қазақ ОАК-нің Қызыл керуен уәкілі болып қызмет істеді. 1922-1924 жылдары Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары, саяси ағарту жұмыстары бас басқармасының бастығы, 1924-1925 жылдары Қазақ АКСР-і Егін шаруашылығы халық комиссариаты жерге орналастыру бас басқармасының бастығы, 1925-1927 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы, 1927-1931 жылдары Қазақ АКСР-і Халық ағарту, Егін шаруашылық комиссары қызметтерін атқарды. 1931-1933 жылдары КСРО БРОАК жанындағы Қазақстан өкілі (Мәскеу қ.), Алматы облысындағы «Дегерес» қосалқы шаруашылығының меңгерушісі болды. Алаш ісі бойынша 1933 жылы қазанда тұтқындалып, 1934 жылы сәуірде 5 жылға сотталды. 1934 жылы мамырда Воронеж қаласына жер аудару жазасымен ауыстырылып, 1936 жылы айдауда қайтыс болды. К.Тоқтабаевтың есімі 1958 жылы қаңтарда ақталды.
Әдебиеттер:
Тоқтабаев Кәрім / Әнес Ғ., Смағұлова С. Алаш.Алашорда. Энциклопедия. – Алматы:Арыс, 2009. – Б.305-306
Тоқтабаев Кәрім / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы:Сардар, 2009.– б.390-391