Сарбөпин Нұғыман (1890-1918)
Сарбөпин Нұғыман (1890, Орал облысы, Ілбішін уезі, Соналы болысы, қазір Қаратөбе ауданы – 1918) – Алаш қозғалысына қатысушы, қазақтың арнаулы білімді алғашқы әскери мамандарының бірі. Әкесі Жайық сырты қазақтары тарихында өзіндік орны бар, Соналы болысының ұзақ жыл аға сұлтаны, управителі болған, әдетте ұрпақтарына мирасқорлық жолмен берілетін қазақтан алғаш дворян атағын иеленушілердің бірі – Мұхамеджан Сарғожин. Патша өкіметі тарапынан өз әулетінен шыққандардың Санкт-Петербург, Мәскеу әскери жоғары оқу орындарына түсуіне рұқсат алған Мұхамеджан немере інісі, кейін патша армиясының полковнигі шенін алған Сабыр Сарғожиннен кейін ұлы Нұғыманды Санкт-Петербургтегі Александр Кавалерия училищесіне түсіреді. Арғы атасы, Исатай-Махамбет көтерілісі тарихынан мәлім старшина Сарбөпенің атына жазылған Нұғыман 1910 жылы шамасында училищені бітірген соң, Ресей-Қытай шекарасында тұрған 553-жаяу әскер полкына қызметке жіберілді.
1914-1917 жылдары 1-дүниежүзілік соғысқа қатысты. 553-полк құрамында мұсылмандардан құралған жеке ротаны басқарды. Соғысты штаб-капитан шенінде аяқтап, Батыс майданнан Мәскеуге келді. Ондағы Уақытша үкімет органы жанынан құрылған мұсылман комиссиясына қызметке тұру жөнінде ұсыныс жасалғанына қарамастан, 1917 жылы жазға салым Орынборға келді. Осында А.Кенжин, Н.Төреғұлов, Т.Жаманмұрынов, М.Сейдалин, М.Есболовтардың ұйытқы болуымен ашылған «Еркін дала» ұйымына Ж.Жәнібеков, Т.Тұрмағамбетов, С.Кәдірбаев қатарлы жастармен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов секілді қайраткерлермен бірге мүше болып кіреді.
Қауым бағдарламасына сәйкес мәдени-ағарту жұмыстарымен, мектеп, баспасөз органдарын ашу, оқу құралдарын шығару, драмалық үйірмелер құру, шәкірттерге жәрдем беру ісімен шұғылданды. Орынборда Кеңес өкіметі орнаған 1918 жылдың басында Ә.Жангелдиннің, Н.Төреғұловтың Кеңес жағында кызмет ету жөніндегі ұсынысын қабылдамастан, Оралдағы Алаш қозғалысына қосылу ниетімен жолға шықты. Елге апаратын жол бойындағы Елек қаласы большевиктер қолына көшкендіктен Орынбор маңындағы 1-Бөрте болысының 3-ауылында амалсыз кідірген Сарбөпинді орынборлық казак Н.Каширин отрядының бір бөлік тобы «Орал казактарымыз» деп алдаусыратып ұстап алып, қорлап өлтірді. Сол 3-ауыл маңында жерленген.
Әдебиеттер:
1.Сарбөпин Нұғыман // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.349-350.
2. Сарбөпин Нұғыман // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.273-274
3.Сарбөпин Нұғыман // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы, 2002. – б.458