Мұқанов Мұхамбетқали

Мұқанов Мұхамбетқали Машқалиұлы Орал облысы, Орал уезі, Төменгі Барбастау болысы, Құлтай ауылында туған. Батыс Алшорданың (Ойыл уәлаяты) мүшесі. Тегі – қарақалпақ этниктер тобының бөкеней бөлімі. Әкесі кедей шаруадан шыққан, еті тірі, сауатты адам болған. Үлкен ұлы Мұхамбетқали ауыл молдасынан сауат ашып, болысты орыс-қазақ мектебін бітірген. Кіші інісі Есқали Орал мұғалімдер семинариясында оқыған. Мұқанов ел ішіндегі қоғамдық қызметке ерте араласты, әсіресе 1905 жылы 1-орыс революциясы тұсында Б.Қаратаевтың өз елінің сауатты, пікірлі азаматы Әнжан Жұбаналиннің жанында жүріп, әлеуметтік іске қатысты. 1905 жылдың соңына қарай I Мемлекеттік Думаға Жайық қазақтарынан депутат сайлау науқанына ұйытқы болды. Қазақ даласындағы тұңғыш саяси ұйым – «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру, оның бағдарламасын әзірлеу ісіне атсалысты 1905 жылы желтоқсанда қазақ кадетгер партиясы ресімделген бес облыстың (Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу) Орал қаласындағы делегаттық сиезін ұйымдастырушылардың бірі. Осы бас қосуда Б.Қаратаев, Ғ.Бердиев, Х.Досмұхамедов, Ы.Тоқберлинов, М.Рақымберлиевпен бірге партияның 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне кірді. Жайық сырты қазақтарының өміріне сауда-кәсіпкерлік капитал дендей еніп, қоғам сауатты адамдарды керек ете бастаған 1910 жылдар шамасында Қараоба болысының управителі Жайтілеу Арғыншиевтің орнына Мұқанов болыс болып сайланды. 1917 жылы сәуірде өткен I Орал болысы қазақ сиезінде інісі Есқали Мұқанов Жайық сырты қазақтары комитетіне мүше, ал Мұқанов 1-Қараоба болысы земство управасының төрағасы Әбдіхалық Нысановқа орынбасар болып сайланды. 1917 жылы шілдеде Ойыл болысында өткен II Орал облыстық қазақ сиезіне және Жайық сырты қазақтары земство управасы жиналысына қатысты. 1-Қараоба болысынан барған делегаттар екіге бөлініп, болыстық управа милициясының бастығы Ә.Әйтиев пен дәрігер Н.Ипмағамбетов бастаған топ Жанша және Халел Досмұхамедовтер тобына карсы шықты. М.Мұқанов Темірхан Сарыбөпиев, Керей Нармағамбетов, Нысанов сияқты өзге делегаттармен бірге Досмұхамамедовтерді қолдады. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен IV Орал облысы қазақ сиезінде Қараоба, Барбастау, Бөрлі, Кіндікті, Қарағаш атырабындағы отырықшы қазақ ауылдары атынан Ойыл облысы Уақытша үкіметінің (Ойыл уәлаяты үкіметі) мүшелігіне сайланды. Алайда 1918-19 жылдары ақ казактар мен Қызыл армияның алма-кезек жеңісі мен жеңілістері тұсында екі жақтан да табылды. 1918 жылы Орал ревкомы мен Қызыл армия командованиесінің тапсырмаларын орындаған Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, М.Импағамбетов үштігі ұйымдастырған барлаушылар тобы кұрамында Қалмакбай Жүрсінов, Ақтанғали және Мұқанғали Қаметов, Уәли Жауырбаевтармен бірге Пугачев, Озинка, Соболев, Бузулук өңірінен майдан шебіне дейінгі аралықта барлау жұмыстарын жүргізді. Соған қарамастан Б.Қаратаев 1919 жылы ақпанда большевиктік «Яицкая правда» газетінде жариялаған алашордашылар тізімінде Мұқановты Батыс Алашорданың үкімет мүшесі деп көрсетті. 1919 жылы көктемде Ілшібіндегі Чапаев дивизиясы талқандалған шақта Жайықтың Бұхар бетіндегі Батыс Алашорда штабынан Самар бетке өтіп, Чапаев дивизиясы құрамындағы майдандық ревком төрағасы Әйтиевтің жанында болды. Ал 1919 жылы маусым айында К.Есенғалиев басқарған Алаш милиция отряды Бұлақсай ауылында М.Ипмағамбетов, С.Бекмағамбетовпен бірге Мұқановты да тұтқындады. Жымпитыға әкелінген соң Батыс Алашорда басшылығы алдыңғы екі тұтқынды Ойыл түрмесіне жөнелтіп, Мұқановты босатты. Осындай фактілер ақ казактар мен большевиктер текетірескен аумалы-төкпелі кезеңде қазақ қайраткерлері қолданған белгілі бір тактикалық әдіс-амалдан хабар береді. Бұған Батыс Алашорда жауапты қызметкерлері қатарында Орынбор қаласына әкелінгені қосымша дәлел. 1920 жылы ақпан айынан бастап Қазақ өлкелік халық ағарту комиссариатында байланыс қызметкері (вестовой), ал інісі Есқали айтылмыш комиссириаттың қазақ мектептері секциясының қызметкері. Мұқановтың бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.

Әдебиеттер:

1. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – б.311-313
2. Мұқанов Мұхамбетқали / Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.244-245