Жанқадамов Бижанғали (1889 – 1937)

19Батыс Алаш-Орда қайраткері, қазақ халқының алғашқы жоғарғы білімді мал дәрігерлерінің бірі Жанқадамов Бижанғали 1889 жылы Батыс Қазақстан  облысы Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында туған. Әкесі Әбілқас орта шаруалы адам болған. Б.Жанқадамов болыстық орыс-қазақ училищесін, Орал реальдық әскер училищесін бітірген (1906-1912 ж. шамасы). 1912-1917 жылы аралығында Қазан ветеринарлық институтында оқып, оны мал дәрігері маманы деген дипломмен тәмамдады. 1915 жылы қаражат жоқтықтан оқуын үзіп алғандығы жөнінде курстасы Мұқаш Боштаев «Қазақ» газетіне жазды. 1916 жылы К.Жәленов, М.Балтанов, М.Баймұхамедовпен бірге қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттері болып майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетінде хат жариялағандардың бірі. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейханның шақыруымен құрамында А.Кенжин, Б.Сүлеев, Е.Омаров, Е.Бірімжанов, т.б. бар қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастыруға қатысты. «Қазақ» газетіне тыл жұмысындағы жігіттердің жай-күйінен мақала жазды («Жолсыз әуре қылмаңдар», 1917, 1 сәуір, № 224). Сол жылы сәуір ортасында Орал қаласында өткен I Қазақ Орал облыстық сиезінің делегаты. Осы сиезде Орал облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылы күзде II Қазақ облыстық сиезі шешімімен жүргізілген земство сайлауында С.Омаров, К.Отаров, Ғ.Жетпісов тәрізді ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына К.Жәленовпен баламалы негізде түсіп, басым дауыспен төраға болып сайланды.1917 жылы күзде облыстық земство төрағасын сайлау кезінде қазақ оқығандары арасындағы топқа бөлінген күрестен өзін аулақ ұстады. Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократиялық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толығынан атқаруына қол жеткізуге күш салды. Ойыл облысында үкімет пен земство билігінің қосарланбай, екі билік органының ара-жігі дәл ажыратылуын жақтады. Осындай тура ды шыншыл, принципшіл мінезімен ел ықыласына бөленіп, аз уақытта Ойыл облысы басшылары санатына енді. 1918 жылы 22-25 тамыз аралығында Комуч пен Уақытша Сібір үкіметі тарихи қыркүйек Мемлекеттік кеңесі қарсаңында Челябі қаласында өткізген кеңеске Мұстафа Шоқаев Жанша және  Халел Досмұхамедовтар мен бірге Ойыл уәлаяты земствосы атынан өкіл болып қатысты. 26 тамызда делегацияның күш салуымен айтылмыш кеңесте Комуч Алаш-Орда үкіметін таныды.  Б.Жанқадамов 1918 жылы 8-11-қыркүйек аралығында өткен Уфа мемлекеттік кеңесіне қатысты. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі тұсында Жанқадамов уездік земство ауруханасы үйінде Х.Досмұхамедовтің, И.Қашқынбаевтың, М.Балтановтың, т.б. қатысуымен өткен кеңесте Ойыл облысы бойынша билік тұтқасын уақытша облыстық земство басқармасына беру жағында болды. 1919 жылы ақпанда больчевиктік «Яицкая правда» газетінде Б.Қаратаев жариялаған Батыс Алаш-Орда қызметкерлерінің №1-тізімінде аталды. 1919 жылы күзге қарай екінші рет өткізілген земство сайлауынан кейін қараша айында Батыс Алаш-Орда үкіметінің Ойыл облыстық земство управасы жанындағы комиссары болып тағайындалды. Сол шамада көшкен үкімет мекемелерімен бірге Ойыл бекінісіне келді. 30 қылыштан тұратын жедел отряд басқарып, Ершовтың ақ партизандар отрядымен бірге тарлау операцияларына және Қызыл Армияның шолғыншы отрядтарымен болған ұсақ қақтығыстарға қатысты. 1919 жылы желтоқсанның басында Қызыл-Қоға маңындағы Миялы жайлауында тұрған Ж.Досмұхамедұлының Жымпиты отряды мен қызылдардың I Армиясы құрамындағы 3-Татар атқыштар полкі арасында келіссөзге жүрген екі делегаттың бірі. Татар полкінің командирі Х.Мәулідов пен әскери комиссары Ғ.Қасымовқа Батыс Алаш-Орда  үкіметінің Қызыл-Қоғада тұрған Елек қазақ корпусын бірлескен тұтқиыл шабуылмен алу жоспарын жеткізді. Қызылдар екінші парламенттерді кепілге ұстап қалып, Жанқадамовты «З-Татар полкінде бірқатар уақыт болған, Кеңес үкіметінің аз халықтар жөніндегі саясатымен жете танысқан, сондықтан Батыс Алаш-Орда  үкіметіне мән-жайды толық түсіндіріп бере алатын адам» ретінде қайтарды. Бұдан кейін Жанқадамов Қызыл-Қоғадағы қалыптасқан жағдайды талқылау үшін жиналған земстволық және қалалық өзін-өзі басқару орындары, саяси және қоғамдық ұйымдары өкілдері, ақсақалдар мен діни иелері кеңесіне (1920 ж. 10 желтоқсан) қатысты. Шын мәнінде, сәл кейінірек, 27 желтоқсанда түнде Батыс Алаш-Орда  үкіметі Жанқадамов бұрын Ойылға жеткізген әскери қимыл жоспарын дербес жүзеге асырып, тұтас Елек корпусын өз күшімен қолға түсірді. Батыс Алаш-Орда  үкіметі таратылған соң Жанқадамов өзге үкімет мүшелерімен бірге елден аулақ ұсталды. 1920 жылы Орынборға әкелінді. Сол жылы 1 шілдеден Қазәсревкомның Редакциялық коллегиясында аударма комиссиясын басқарды. 1920 жылы аяқ шенінде елге оралып, 1924 жылға дейін Жымпиты уезіне қарасты Қалдығайты, Көкөзек болыстарында әртүрлі Кеңес қызметінде болды. 1920 жылдың аяғы мен 1930 жылдың басында Тайпақ ауданында мал дәрігері қызметін атқарды. «Халық жауларына» қарсы науқан өршіген 1936 жылдың басында қызметінен босатылды. 1937 жылы жазда Орал қаласында тұтқындалды. ІІХК Батыс Қазақстан облыстық басқармасы үштігінің қаулысымен 1937 жылы  екінші желтоқсанда атылды. Б.Жанқадамовтың есімі ҚР Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылы 16 қыркүйектегі ұйғарымымен ақталды.

Әдебиеттер:

  1. Жанқадамов Бижанғали // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.181-184
  2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.161-163
  3. Елеукенов Ш. Алашшыл азамат тағдыры // Жұлдыз. – 1993. – №1
  4. Хасанов К. Ақтаңдақта атылған азаматтар. – Чапаев селосы, 1996. – 55 Б.
  5. Хасанов К. Бижан Жанқадамов. – Орал, 2008. – 66 Б.