Жәленов Кәрім (1889-1938)
Жәленов Кәрім 1889 жылы Орал облысы, Жымпиты уезі, Байғұтты болысы, 4-ауылда туған. Батыс Алашорданың қайраткері, әдіскер-математик, қазақтың алғашқы ауылшаруашылық мамандарының бірі. Үш жылдық орыс-қазақ мектебін, екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. Болыстық басқармада хатшы болып жұмыс істеді. 1905-1908 жылдары Орал шаруашылық мектебін, 1908-1914 жылдары Орал реальдық әскер училищесін бітірді. Училищеде М.Х.Мырзағалиевпен бірге жастар үйірмесіне қатысты. Жаз айларында Орал қаласы маңындағы Зеленов станицасында бай қазақ Астраханинге жалданып жұмыс істеді. 1914 жылы Воронеж ауылшаруашылық институтына түскен. 1916 жылы Б.Жанқадамов, М.Балтанов, М.Баймұхамедовтармен бірге қазақтан майданға адам алуды кейінге қалдыруды сұрап Петроградқа барған Жайық сырты қазақтары делегациясының құрамында болды. Оқуын аяқтамастан Түркістан генерал-губернаторлығы мен Бүкілресей Земство одағының және «Қазақ» газеті маңындағы ұлт зиялыларының шақыруымен тылдағы қазақ жігіттеріне жөн-жоба көрсететін мыңбасы, жүзбасы оқығандардың қатарында Батыс майданына келіп, осындағы 9 қос (жұмыс дружинасы) Кіші жүз жігіттеріне басшылық етуге қатысты. Сол жылы наурыз-сәуір айларында Жайық сырты қазақтары управасының шақыруымен I Қазақ Орал облыстық съезіне әзірлік жұмыстарына қатысты. 1917 жылы сәуірдің басында Орынборда өткен Торғай және Орал облысы қазақтары съезінің делегаты. 1917 жылы сәуірдегі I Қазақ Орал облыстық съезінде Жайық сырты қазақ комитетіне мүше болып сайланған. Осы жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Мұсылмандар съезіне қатысты. Сәл кейінірек Жымпиты уездік атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметте жүріп, Уақытша үкіметтің 1917 жылы маусымдағы бұратана ұлттарға жергілікті басқару билігін земство жолымен беру жоспарында көрсетілген, қыстау бойынша уездік сайлау тізімін жасау тәртібіне орай бұрынғы әкімшілік бірліктерді қайта межелеу, саны аз руларды өз алдына болыс, ауыл етіп қоныстандыру жұмысын жүргізді.
Жайықтың сол жағалауындағы құнарлы жерлерді қазақтардан қайтарып алу мәселесін Құрылтай жиналысы негізінде, қазақтарды жерге орналастырып барып шешу жағында болды. 1918 жылы қыста Қаратөбеде өткен III Қазақ Орал облыстық съезінде кедейлерге салынатын салық ауыртпалығын жеңілдету үшін салықты түтін басына емес, ауыл-ауыл, қауым-кауым бойынша бөліп салуды ұсынған Ғ.Әлібеков тобын қолдады. Өзге мәселелер бойынша Жанша және Халел Досмұхамедовтер жағында қалды. Осы кезеңде үйде қару сактағаны үшін Казак Войско үкіметі тарапынан тұтқындалған Е.Қасаболатовты, Ә.Әлібековті, М.Х.Мырзағалиевті кепіл болып босатып алды. 1918 жылы бас кезінде өткен Орал большевиктері съезінен кейін большевиктер іс-әрекетінің жүгенсіз, анархияшыл сипатын әшкерелеп, оларға жақтас болғандар революциялық заң жолымен қатаң жазаланатыны жөнінде облатком бұйрығын шығарды. Оралда оқитын қазақ жастарының мәдени-ағарту, өзара көмек көрсету бағытындағы «Ақ ниет» ұйымының құрылтай жиналысына қатысып, ұйымға қолдау көрсетті. Ұйымды құрушы А.Арыстанов, Б.Бейсенов, А.Арғыншиев, Ғ.Ниязов, С.Жетімеков, Ө.Ипмағамбетов секілді жастарға қамқорлық жасады. 1918 жылы қаңтарда Орал қаласында қайыра өткен облыстық земство басқармасын сайлау кезінде облземуправа төрағасы Х.Досмұхамедовке орынбасар болып сайланды. 1918 жылы наурыз-сәуірде К.Жәленов және Х.Досмұхамедовтер басқарған делегация құрамында Мәскеуге барып, Совнарком Кіші коллегиясында екі жақты келісім-шарт әзірлеу ісіне қатысты. 1918 жылы 21 мамырда Жымпитыда өткен IV Қазақ Орал облыстық съезінде съезд президиумына хатшы болып сайланды. Ойыл уәлаяты құрылғаннан кейін Жымпиты уездік земство басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Облыстық және уездік деңгейдегі земство басшысы кезінде Алаш милициясын, кейін Батыс Алашорда Халық әскерін жасақтау ісін ұйымдастырушылардың бірі болды. Батыс Алаш-Орда тізе бүккеннен кейін оның ең беделді қайраткерлерінің бірі ретінде Қазақстаннан аулақтатылып, 1920 жылы басында К.Жәленов және Х.Досмұхамедовтермен бірге Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті қарамағына жіберілді. Батыс Алаш-Орда басшылары атынан Кеңес үкіметі басшылығына тапсырылған Батыс Алашорда үкіметінің қызметі жайындағы хат-баяндаманы әзірлеп, оған қол қойғандардың қатарында болды. 1920 жылы маусымда БОАК шешімімен Орынборға, Қазәсревком қарамағына қызметке пайдалануға жіберілді. Қазәсревком Президиумының хатшысы болып істеді (1920, маусым – 1920, тамыз). 1920 жылы қыркүйекте Қазақ Халық ағарту комиссариатының қатынас қағазымен, Түркістан Кеңес Республикасының төрағасы Т.Рысқұловтың сұрауына орай Түркреспубликасы қарамағына қызметке орналасты. 1920-1923 жылдар аралығында Ташкенттегі Қазақ ағарту Агрономия бөлімінде оқытушы, Түркреспубликасы Жер Халкомының мүшесі болды. 1920 жылы тамызда Түрк республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Х.Досмұхамедов ұйымдастырған Білім комиссиясының жұмысына қатысты. I және II басқыш мектептеріне арналған физика оқулығын және арифметика оқулығының екінші бөлімін жазумен айналысты. Соңғы оқулықты 1923 жылы Ташкентте «Есеп тану» деген атпен жарыққа шығарды. 1923 жылдың басында X. Досмұхамедов, проф. А.Шмидт, Ә.Диваев, М.Жұмабаев, Н.Архангельскиймен бірге «Талап» қазақ мәдениетін көркейтушілер қауымын құрысты. Сол жылы қыста Мәскеу ауылшаруашылық кооператив институтына оқуға кетуіне байланысты «Талап» қауымы басқармасының құрамына енген жоқ. Өмірінің Ташкент кезеңінде Жәленовтың қаламынан «Химия өзгерістері», «Қазақ-қырғыз мектептері» («Сана», 1923, №1), «Емшек баласын асыраудың һәм тәрбиелеудің реті», «Өсімдіктердің түзілісі» («Шолпан», 1923, №4-5; «Шолпан», 1923, №6-8) мақалалары туды. 1921-1922 жылдары Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты өткен қазақ зиялыларының Ташкент кеңесіне қатысты. 1924 жылы Орал губерниялық жоспарлау комитетінде ауыл шаруашылығы секциясының меңгерушісі. 1924-1925 жылдары латын әліппесін тарату жөніндегі қоғам жарғысын жасады. Белсенді қызметкерлер жиналысында бір ауыздан қабылданған жарғы негізінде құрылған латын әліппесі жөніндегі комитетке мүше болды. Кейінірек Гурьев округтік мемлекеттік жоспарлау комитетінде жұмыс істеді. 1929 жылы 8 каңтарда БМСБ Гурьев округтік бөлімшесі тарапынан тұтқындалып, 1930 жылы сәуірде 5 жылға Воронежге жер аударылды. Жазаны өтеп келгеннен кейін 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылды. К.Жәленовтің есімі 1988 жылы қарашада аяқталды.
Әдебиеттер
- Жәленов Кәрім // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.189-192
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.169-171