Дулатов Міржақып (1885-1935)

16Алаштың көрнекті қайраткері Дулатов Міржақып 1885 жылы 21 қарашада Торғайдың Қызбел деген жерінде дүниеге келген. Екі жасында анасынан, он екі жасынан әкесінен айырылып, Асқар ағасының қолында өседі. 1897 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз школына қабылданып, онда бес жыл оқиды. 1902-1904 жылдары Торғай уезінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1904 жылы Омбыда Ә.Бөкейхан және А.Байтұрсынұлымен танысады. Осы кезден бастап белсенді саяси күреске араласады. Қарқаралы оқиғасынан соң, Ресей орталығында шыңдалуды көздейді. Ресейдегі кадет партиясының мүшесі ретінде 1906 жылы Петерборға аттанады. Осында мұсылман фракциясының және Еділ, Кавказ қайраткерлері ұйымдастырған жиындардың жұмысына қатысады. 1907 жылы Петербордағы татар газеті «Улфаттың» жанынан қосымша тұңғыш ұлттық рухтағы «Серке» газетін шығарысады. 1907 жылы Ресей қазақ секілді ұлттарды сайлану құқынан айырған еді. «Серке» осы мәселенің әділетсіздігін ашық айтқаны үшін жабылды. 1909 жылы Қазанның «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» атты кітабы шығады. Ұлттық манифеске баланған «Оян, қазақ!» пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрді. Әдеби білімді өз бетінше алған Міржақып: «Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. …Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. …Дүниенің ісі осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді», – деген көзқарасты ұстанып, елге қызмет жасауға жұмылған жаңа руханияттың деңгейін көтеруге атсалысты. Қаламгердің әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы XX ғасырдың басында жетекші күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етуші ағымды байытты. XX ғасырдың басындағы ілгерішіл руханият үшін Абай – сапалық деңгейге көтерілудің рәмізі болғандықтан, Міржақып та бұл құбылысқа өзінше қарады. 1908 жылы татардың «Уақыт» газетіне жазған «Ибраһим ибн Құнанбайф» атты мақаласында ол Ресей құрамындағы түрік халықтарын ұлы ақын мұрасымен, ғұмырбаянымен таныстырады. Қаламгер мұнда Абайды елшіл ақын ретінде көрсете алған. «Тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа мәшһүр етті. … Адамшылық ой-қиялы өте таза, милләтшіл, елін-жерін сүйген кісі еді», дей отырып, Міржақып ақынның осы қасиетін көрсететін өлеңінен мысал келтіреді. Дулатовтың Абай туралы екінші мақаласы Абай қазасының он жылдығын еске алу орайында 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрді.

1909-1911 жылдары қайраткер Қызылжарда сот кеңесінде қызмет жасап, мұғалімдік жұмысын жалғастырады. 1910 жылы кайраткер-қаламгердің «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. 1911 жылы Семейге келген сапарында тұтқындалып, бір жарым жыл абақтыға жабылады. 1912 жылы Орынборға келіп, саяси күреске белсене араласады. 1913 жылы жарияланған «Азамат», 1915 жылы шыққан «Терме» атты өлең жинақтары Мыржақыптың ақындық-азаматтық беделін елге аса елеулі етті. 1913-1918 жылдары ол «Қазақ» газетін шығарысуға атсалысады. Тарихтағы тұлға рөліне ерекше назар аударған қайраткер 1914 жылы Шоқан Уәлиханов туралы көлемді мақала жазады. 1917-1918 жылдары Міржақып Алаш қозғалысын жандандырып, Ресей халі ауырлағанда ел тәуелсіздігіне қатысты мәселемен шұғылданды. 1917 жылы маусым мен желтоқсанда шақырылған жалпықазақ сиездерінің жұмысына қатынасты. Кеңес өкіметі орнаған соң біраз уақыт Орынбордағы газет-журналдарда қызмет жасады. 20-жылдың басында Ташкенттегі «Ақжол» газетінде, Семей сот мекемесінде жұмыс істеді. 1921 жылы Қазақ мемлекеттік баспасының бөлімін басқарды. Қайраткер 1922-1926 жылдары Орынборда Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО, 1920 жылы ашылған) ұстаздық етеді. Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының мүшесі болады. Осыған қосымша Қазақстан мемлекеттік баспасында, «Еңбекшіл қазақта» қызмет атқарады. 1924 жылы Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезіне қатысып, сөз сөйлейді. Екі бөлімді «Есеп құралын», «Балқия» атты пьесасын, библиографиялық көрсеткішін жарыққа шығарды. Кеңестік тоталитарлық жүйе оны 1928 жылы тұтқындады. 1930 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының жұмысына жер аударды. Қайраткер 1935 жылы 5 қазанда Сосновец жерінде дүние салды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сүйегі туған жеріне әкелініп жерленді.

Әдебиеттер:

1. Дулатов Міржақып // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.159-161
2. Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.143-147
3. Дулатов М. Шығармалары: өлең, жырлар, әңгімелер, пьеса, көсемсөздер мен сын-зерттеу мақалалары. – Алматы: Ана тілі, 2010. – 400 б.
4. Галиев В. З. Ұлтты оятқан кітап: Міржақып Дулатұлы және оның “Оян, қазақ! ” кітабының ізімен. – Алматы: Мектеп, 2013. – 416 б.
5. Дулатқызы Г. М. Алаштың сөнбес жұлдыздары: естелік-эссе. – Алматы: Мектеп, 2012. – 392 б.
6. Жолдасбеков М. Ахметті ардақтап, Міржақыпты үлгі етсек // Тәуелсіздік тағылымы. – Астана: Күлтегін, 2012. – б.303-308