Абайұлы Тұрағұл
Тұрағұл Абайұлының ұрпақтарына келсек, әйелдері Миса мен Сақыпжамалдан Ақылия, Жебрәйіл, Қалиман, Зүбайыр, Мәкен есімді перзенттер сүйгені белгілі.
Тұрағұлдың балалары:
Ақылия (Ақыш) Тұрағұлқызы Оразбаева (1901-1990) – Тұрағұлдың қызы, Абайдың өз қолында өскен немересі. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң, Оразбайдың Медеу деген баласынан туған Санияз есімді немересіне тұрмысқа шыққан. Жастардың 1917 жылы шілденің 7-сі күні Ойқұдықта өткен некелесу тойында М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасы қойылды. Ақылия Алматыдағы Қазақстан Республикасының опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы апалы-сіңілі Уәсила екеуі Абай ауылы, Абай заманы, Тобықты елі киім үлгілерін тігетін бірден-бір шебер болды. 1990 жылы Алматы қаласында 90 жасына қараған шағында өмірден өтті. Соңына өмірден көрген-білгені туралы естелік жазып қалдырған. Ақылияның естеліктері Абай музейінде сақтаулы.
Жебрәйіл Тұрағұлұлы (1904-1930) – Абайдың немересі. Ол Семейдегі орысша мектепті бітірген, қазақша, орысша сауатты болған. Домбыра тартып, ән салған. Ел арасында Абайдың, Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін насихаттаған. 1917 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы бірінші рет қойылғанда Жебрәйіл «Жапал» болып ойнаған. Абай әндерін ел ішінде таратушы домбырашы, әнші баласы Жебрәйіл Томск политехникалық институтында оқып жүргенде қудалауға ұшырап, оқудан шығарылды. Одан соң 1928-1929 жылдары мал-мүлкі тәркіге түсіп, жер аударылды. Содан соң Жебеш әкесінің артынан Шымкентке келіп, одан Ташкентке барып, М.Әуезовтің үйіне тоқтайды. Ол кезде Даниял Кәкітайұлы Ысқақовта Ташкентте тұратын. Жебештің жазылмасына көздері жеткен соң, Мұхтар мен Даниял Жебешті ауруханадан алып шығып, бір оңаша үйге орналастырады. Дәл сол күні Мұхтар мен Даниял тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. Бірнеше күннен кейін Жебеш қайтыс болады. Сөйтіп Жебештен өлі айрылып, Мұхтардан тірі айрылған Тұрағұл қалың қайғыға батып, қан жылап құлазып қалады.
Қалиман Тұрағұлқызы (1904-1989) – Абайдың немересі. Ахмет Әуезовке тұрмысқа шыққан. Абайдың 125 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, сонда сөйлеген сөздері, естеліктері магнитофон таспаларына жазылып алынған. Бұл естеліктері Абай музейінде сақтаулы.
Зүбайыр Тұрағұл (1907-1933) – Абайдың немересі. Зүбайырдың әйелі Қанағат (Кәкен) Жуантаяқ Тобықты Азубайдың қызы. Одан Кенесары (1928-1933) туған. Зүбайыр балалық жастық шағын Абайды көзі көрген ет жақын адамдарының арасында өткізген. 1928 жылы бай-феодалдың тұқымы, әкесі алашордаға қатысы бар деген айып тағылып, әулетімен бірге жер аударылған. Ол 4-5 жылдай қырғыз елінде, Мерке (Жамбыл) маңында, Шымкент, Ташкентте тұрған. 1933 жылы күзде Бішкекте қайтыс болған.
Мәкен (Мағрипа) Тұрағұлқызы Мұхаметжанова (1912-2000) – Тұрағұлдың кенже қызы. Мәкен жастайынан өнерге жақын болған, әкесі Тұрағұлдан ақын атасы туралы естелік-әңгімелерді көп естіп, Абай әндерін ыждағаттылықпен үйреніп өскен. М.Әуезов Мәкеннің орындауындағы Абай әндерін зор сүйіспеншілікпен тыңдап, 1930 жылдары А.Жұбанов нотаға түсірген. Солардың бірі – «Онегиннің Татьянаға жазған хатының» алғашқы нұсқасы «Абайдың музыкалық творчествосы» (1954) атты жинақта жарық көрді. Кейін Мәкен Тұрағұлқызының орындауындағы Абай әндерін музыка мамандары Б.Г.Ерзакович, А.Серікбаева, Қ.Жүзбасов нотаға түсіріп, магнитафон таспасына жазып алған. «Өнер» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Айттым сәлем Қаламқас» жинағына Абайдың Мәкен орындап жаздырған 19 әні енді. Абайдың немересі Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ радиосында қызмет атқарған. 1990 жылдары Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін және тарихта мәңгі қалсын деген ниетпен Шымкентте мемориалды тақта орнатқан. Бір ерекшелігі, ол мемориалды тақтада тек Тұрағұлдың ғана емес, Абайдың өзге де ұрпақтарының қай жылы, қай жерде жерленгені туралы ақпарат берілген.
Жебрәйіл баласы Алпарыстан (Алпаш) (1922-1990) – Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл, Абайдың інісі Оспанның баласы болмағандықтан Алпашты Оспанның атына жаздырған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып, 1990 жылы дүние салған.
Тұрағұлдың Кенесары деген немересінен ешқандай дерек жоқ.
Әдебиеттер:
Абай: энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы «Атамұра», 1995. -720 б.
Ерсәлімов Б. Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары. – Семей: Ғалам-Шар, 2005. – 416 б.
Кенемолдин М. Тұрағұл Абайұлы және Алашорда үкіметі // https://arqau.kz/kz/article/turagul-abayuli-jane-alashorda-ukimeti.html#gsc.tab=0