Жақып Ақбаев

Жақып Ақбаевтың жары – Гүлбахор Ақбаева (Гүлбіш)

Университетті алтын медальмен тәмамдап, «Право магистрі»  деген ғылыми аттаққа ие болған Жақып Ақбаев 1903 жылы елге оралады. «Елге оралған соң  ата-анасы, жора-жолдастары «үйлен» деп, оқыған, мәдениетті, сымбатты жігітке өзіне лайық жар таңдатады. Таңдау сол кезде Қарқаралыдағы ауқатты татар байларының бірі Халиолла Бекметовтың бойжетіп отырған сұлу қызы Гүлбахорға түседі. Әкесі арқылы  Халиолла байға кісі жіберіп, сұрау салады. Болашақ қайын атасы қызы көнсе, өзінің қазақ байымен құда болуға қарсы еместігін білдіреді. Мұны естіген Жақыпты бұрын көрмеген қаланың ерке сұлуы «қазаққа бармаймын» деп қиғылық салыпты. Осы кезде үйге  Халиолла байдың рұқсатымен үстіне су жаңа фрак киіп, алтын пенснесін жалтылдатып Жақып келеді. Жігітті көріп, жүрегі орнына түскен қыз әуелгі райынан қайтып келісімін береді» деп жазады өз естелігінде Жақыптың үлкен қызы Аргуния апай.

Жақып Ақбаевтың ұрпақтары 

Жақып Ақбаевтың ұлдары Кәмілмұрат (1910-1960) пен Кәмілшат  (1916-1976) жас кездерінде қуғын-сүргінді көп көріп, жазықсыз жапаға ұшырайды. Сондықтан олар алаңсыз ғылыми жұмыстармен  айналыса алмаған. Қанқұйлы репрессия кезінде қорқытып-үркіту, үздіксіз тексеріс пен тергеуден әбден ығыр болған олар 1941 жылы соғыс басталысымен алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Соғыстан аман-сау оралысымен өмірлерінің соңына дейін мұғалімдік қызмет атқарады.

Жақып Ақбваевтың қыздары да әке  жолын қуып, бүкіл ғұмырларын ғылымға арнады.

Аргуния Ақбаева – Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітіріп, 1961 жылы химия ғылымының кандидаты атағын алған. Кейін Қыздар педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет еткен.

Наймания Ақбаева – Қазақ педагогикалық институтын тәмәмдап, 1970 жылы филология ғылымының кандидаты, 1976 жылы доцент атанған.

Андромедия Ақбаева – Москва мемлекеттік университетін бітіріп, 1967 жылы биология ғылымының  кандидаты атағын алған.

Аспазия Ақбаева – Алматы заң институтының түлегі, КСРО заң ғылымдарының докторы, Қазақ заңдары туралы монографияның авторы, қазақтың алғашқы заңгер – ғалым қыздарының бірі, әке есімін ақтауға зор еңбек сіңірген.

90 жылы Жақып Ақбаевтың қызы Аргунья Жақыпқызы келіні Сенат депутаты Бірғаным Әйтімовамен  бірлесіп әкелерін ақтау туралы көп ізденген. Ізденіс нәтижесінде отбасы әкелерінің қайтыс болғаннан кейін 1958 жылы ақталғанын біледі. Жақып Ақбаевтың балалары ұзақ жылдар бойы бұл фактіні білмеген, олар әкелерінің  мүлдем ұмытылып, қатты жазаланып, басқа арыстармен бірге ақталмағаны үшін  жылдар бойы азап шегіп жүрген. Ақталғаннан кейін Жақып Ақбаевтың  ұрпақтары әкелерінің есімінің өз Отанының бостандығы үшін қасиетті күреске өмірлерін берген ұлы адамдармен бір қатарда тұрғанын мақтан етеді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Абдрахманова Ж. Жақып Ақбаев – білікті заңгер // Заң. – 2012. – Алматы. – Б.34-35
  2. Журтбай Т. Боль моя, гордость моя-Алаш!: трилогия / пер. О.Жанайдарова.-Астана: Аударма, 2016. -1104 с.
  3. Құл-Мұхамед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: Атамұра, 1998. – Б.190, 214.
  4. Мұратқызы Ш. Жақып Ақбаевтың қолжазбасы: Ж. Ақбаевтың туғанына 145 жыл // Семей таңы. – 2021. – 23 ақпан. – Б.6

Интернет ресурстары

https://nomad.su/?a=15-201203190014

http://inkaraganda.kz/articles/143121