Жұмабаев Мағжан

Мағжан Жұмабаевтың бірінші жары  –  Зейнеп Тастемірова  (т.ж.б. – 1919)

Зейнеп Шоқанқызы Тастемірова  (Шешесі Қа­ди­ша –  Шоқан Уәлихановтың інісі Жақыптың қызы) 1918 жылы Мағжан Жұмабаевқа тұрмысқа шығады. Зейнеп адамгершілікті жоғары бағалайтын, ер сылайтын, ауыр мінезді, сабырлы жан болады. Бұл Мағжан отбасының ынтымақты болып тұруына үлкен әсер етті. Олар Омбыда тұрған кезде қазақ мұғалімдерін дайындайтын курс ашылып, Мағжан оның директоры болып тағайындалған-ды. Кейін бұл курс Қызылжар педучилишесінің негізі болды.  1919 жылы 10 ақпанда баладан қайтыс болады. Соңында қалған,жаңа  туған нәрестенің атын «Граждан» деп Мағжанның өзі азамат соғысына байланысты қояды. Бірақ Гражданның өмірі де ұзаққа бармай, 9 айдан соң өкпеден суық тиіп, шетінеп кетеді.

 

Мағжан Жұмабаевтың екінші жары –  Зылиха Жұмабаева (1894-1991)

Зылиха Жұмабаева 1894 жылы қаңтар айының 26-сында Қызылжар қаласында дүниеге келген. Әкесі – Құрманбай, анасы – Жәмилә. Інісі – Сабыржан 1897 жылы туған. Әкесі Зылиханың 5 жасында дүние салады.

Кызылжарда қазақ мектебінің болмауынан Зылиханы сол жылы татар мектебіне оқуға береді де, оқуды өте ыстық ынтамен оқыған ол татар, орыс, араб тілдерін жақсы игеріп, оқушы құрбыларының алды болады. Бірақ бұл қуанышы көпке бармайды, ол алтыншы класты аяқтағаннан кейін, анасы Жәмилә оны мектептен шығарып алып, үйде ас пісіруге, киім тігуге, кесте тоқуға үйретеді. Кешкі демалыс сағаттарында сыртқа шығып қыздармен ойнайды, гармонь тартып үйренеді. Әсіресе, ол гармоньді жақсы тартатын, өзімен бір бөлмеде тұратын Ғанипа деген қыздан гармонь тартуды үйреніп жүрді. Осындай кешкі сауықтардың бірінде көрші Міржақып Дулатовтың үйіне келіп, орыс тілінен сабақ оқып жүрген жас Мағжан терезеден Зылиханы көріп, оған ынтызары ауады.

Уфаның Ғалия медресесіне түсуге дайындалып жүрген Мағжан бір күні нағашысының үлкен баласы Ғалымжанға: «Мына хатты Зылихаға апарып бер», – деп тапсырады. Ол хат мынадай: «Қарындас Зылиха! Осы хатты алғандығыңызды білдіріп, хат жазуыңызды күтем. Мен биыл оқуға кетем, егерде көңіл қосып, мақұл көрсеңіз, мені күтуге қалай қарайсыз?». Мағжан. 1910 жыл. Июль.

Бұл хатқа жауап бере алмаған Зылиха ретін тауып көңіліне Мағжан ұнайтындығын да айта алмай, мазасы кетеді. Мағжан қыздың хатты алғанына іштей риза болады да, Уфаға оқуға түсуге жүріп кетеді. Ол Ғалия медрессесіне оқуға түседі.

1913 жылы қаңтар айының 23 күні шешесі Зылиханы өзі сүймеген, сырласпаған Хасан, Мұхамедияров деген саудагер башкұрт жігітіне тұрмысқа береді.

1919 жылы Хасан сүзек ауруынан Ақмолада кайтыс болады. 1920 жылы қазан айында Зылиха күйеуінің жылын өткізіп, Кызылжарға, төркін жұртына қайта көшеді.

Мағжан Жұмабаев алғашқы, бала жасынан сүйген Зылиханы  ұмытпайды. Оның жолдасының өмірден өткенін және Зылиханың үйіне қайтып келіп отырғанынан сырттай хабардар  ол Рабиғаны (Зылиханың досы) ертіп, бір күні Зылихаға көңіл айтуға келеді.

1920 жж. Мағжан Жұмабаевтың ұйымдастыруымен қазақ жастарына арналған «Кирклуб» атты жас өнерпаздар клубы ашылады. Зылиха да аталмыш клубқа мүше болды.

«Кирклубты» ұйымдастыру жұмысы қызу жүріп жатқанда  «Бостандық туы» газетінің Омбыға көшуіне байланысты Мағжан да сонда ауысуға мәжбүр болады. Мағжан кеткен соң-ақ, Зылиха клубқа баруын тоқтатады. Алайда, Омбыда ашылатын Сібір – Қазақстан Халықтарының съезіне Зылиха Қызылжардың «Кирклубынан» делегат болып сайланады.

Мағжан мен Зылиханың түрлі себептермен екеуінің Қызылжарда неке қиюға, загске отыруға мүмкіндіктері болмайды. Екі жақтың ата-анасы екі жастың қосылуына қарсы болады, өйткені олар туыс еді… (Зы­лиханың әкесі Құрманбай Мағжанның шешесі Гүлсімнің әкесі Әшірбекпен бір туғанын, демек, Мағжан жиен де, Зылиха нағашы). Кейінірек сол қалада кездесу үшін Мағжан Челябіге поезбен аттанып, 1922 жылы Зылиханы Челябіде 15 күн күтеді.

Зылиха Қызылжардан поезбен Челябіге барып, Зылиха 28 жасында, Мағжан 29 жасында кол ұстасып Орынборға поезбен аттанады.

Орынборда жолдастарының үйлерінде үш күн аялдаған Мағжан мен Зылиха, енді Ташкентке аттанады. Бұлар Ташкентке келген бетте Мағжанның «Педагогика» атты кітапшасына, сондай-ақ бірнеше өлеңдеріне қаламақы алады және бұл оларға үлкен материалдық көмек болған-ды.

1922-24 жылдары Мағжанның отбасы Ташкент қаласында тұрады.   Ақынды шын сүйген сұлудың өміріндегі жаңа кезең, бақытқа, сүйіспеншілік, қуанышқа толы кезең басталды. Зылиха тайып құлап, үш айлық баласына түсік тастайды. Зылиха ана болу мүмкіндігінен біржола айрылады.

Мағжанға 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалады, содан Карелияға жер аударылады. Зылиха М.Горькийге араша түсуін сұрап, хат жазады.М. Горькийдің және оның әйелі Е. Пешкованың араласуымен 1936 жылы айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан-жазықсыз 1938 жылы 19 наурызда  атылып кетеді. Мағжан Жұмабаев­тың жары Зылиха Құрманбайқызы жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамал­ған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді, кейін әдеби мұрасының шырақшысына айналды. Зылиха апай енді Мағ­жан­­ның әр кездегі баспасөз беттерін көр­ген әдеби мұрасын іздестіруді, жинастыруды қолға алады. Осы мақсатпен ол Алматы, Ташкент, Қызылорда, Орынбор, Москва, Ленинград, Омбы, Петропавл қалаларына барып, мұрағаттарды ақтарады, көз майын тауысып, біраз дүние жинайды.

Ол өзі­нің бүкіл ғұмырын Мағжанның адал атын халқына қайтаруға арнады. Зор­­лық-зомбы­лықты, азапты сүйгенімен бір­­­ге шекті. Алла тағала сол үшін оған ұзақ ғұмыр берді. Зылиха Құрманбайқызы 97 жа­сында дүние салды.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Жұмабаева З . Дариға, сол күндерде күнім қараң…// Қазақстан әйелдері. – 1989. – № 3
  2. Қабышұлы Ғ. Бір күн … // Қазақ әдебиеті. – 2003 ж. – 30 мамыр. – Б.7.
  3. Қаhарманұлы Ғ. Сүйген сұлу // Түркістан. – 1997. – 2-8 көкек.
  4. Қаhарманұлы Ғ. Мағжанның махаббаты // Қазақ әдебиеті. – 1991.- 4 қаңтар. – Б. 5.
  5. Қаhарманұлы Ғ. Сүйген сұлу (Мағжанның жары Зылиха) // Жұлдыз. – 1991. – №2. – 203 б.
  6. Сүлейменов Ж. Зылиха // Егемен Қазақстан. – 2012. – 31 қазан

Интернет ресурстары

https://egemen.kz/article/17953-zylikha

http://pushkinlibrary.kz/exhibitions/Magjan_kaz_html/Zuleyxa_about.html