Шонанұлы Телжан (1894-1938)
Шонанұлы Телжан 1894 жылы Торғай облысы Ырғыз уезі Аманкөл болысында (қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ұ.Құлымбетов атындағы ауыл) дүниеге келген. Көрнекті Алаш қайраткері, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ғалым. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қырғыз училищесінде оқып, 1912 жылы Орынбордағы мұғалімдер институтына түседі. Мұнда 4 жыл оқып, 1916 жылы мұғалім болып шығады. Мұнан кейін ол 1920 жылға дейін Тоқырауын болысындағы 3 ауылда ұстаздық етеді. Қайраткердің елеулі еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті ел көзіне ерте ілініп, 1917 жылы I Жалпықазақ сиезіне шақырылады. II Жалпықазақ сиезіне де қатысып, Алашорданың Білім комиссиясының комиссия мүшесі болып сайланады. 1920 жылы ол Семей губерниялық төңкерістік комитетінің шет ұлттар бөліміне аудармашы болып орналасады. Сол жылы Қазақ автономиялық республикасы құрылғанда, ол Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың маманы ретінде ғылыми жұмысқа тартылады. Қайраткер 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының бірінші сиезіне қатысып, нақты салалар бойынша сөз сөйлейді. 1920 жылы ол Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының жұмысына да атсалысады. 1923 жылы осы қоғамның тарих-археология секциясы мен этнография секциясы біріккенде, ғалым оның төраға серігі болып сайланады. 1926-1929 жылдары Қызылордада Халық ағарту комиссариатында жауапты қызмет атқарады. Осы шамада Қазақ мемлекеттік педагогика институтын экстерн жүйесімен бітіреді әрі сонда сабақ береді. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілінен доцент болып жұмыс істейді. Ғалым жазған «Сауаттан», «Жаңалық», «Тіл дамыту», «Оқу құралы», «Қазақ тілі», «Жаңа арна», «Бастауыш мектептеріндегі қазақ тілінің әдістемесі», «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы», «Орыстар үшін қазақша әліппе», «Қазақ тілінің оқу құралы», «Учебник казахского языка для взрослых» т.б. еңбектер халқымыздың сауатты болуына, дүниені тануына көп ықпал етті. Оның емле, әліпби, терминология жүйесі бойынша жариялаған жұмыстары сол кезде одақ көлемінде түріктанушылар тарапынан лайықты бағасын алды. Қайраткер әдебиет мәселесін де зерделеп отырды. «Абай кітабын бастыру керек», «А.Байтұрсынов», «Сәкеннің тілі туралы», «Бейімбет», «От басында» атты мақалаларында руханияттың өзекті қырларын сөз етті. Қайраткердің саяси-тарихи білік дәрежесін көрсететін іргелі еңбегі – 1926 жылы жарық көрген «Қазақ жері мәселесінің тарихы» атты зерттеуі. 1929 жылы ол «Қазақстан жағрафиясы» атты кітап жазып, өлкетану жұмысына да белсене араласты. 1934 жылы Д.Снегинмен бірге «Үйгурская поэзия» жинағын ұйғыр тілінен орыс тіліне тәржімалады. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті. Телжан Шонаұлы 1923-1937 жылдар аралығында 32 оқулық, кітап, 72 мақала жазған. 1937 жылы 19 шілдеде тұтқындалып, КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясы «үштігінің» үкімімен ату жазасына кесілді. Қайраткердің жары ғалым Шаһзада Аронқызы да сол шақта қуғын-сүргінге ұшырады. Т.Шонаұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын Ә.Тәкенов, Б.Байғалиев сынды ғалымдар зерттеген.
Әдебиеттер:
1. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.430-431
2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.350-352
3. Есқалиев С. Ұлт намысын биік ұстаған тұлға // Ана тілі. – 2014. – 4 желтоқсан
4. Шонанов Т. Бес томдық шығармала жинағы: Оқу құралдары, оқулықтар. Т. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2015. – 248 б.
5. Шонанов Т. Бес томдық шығармала жинағы: Оқу құралдары, оқулықтар. Т.2 . – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2015. – 288 б.
6. Шонанов Т. Бес томдық шығармала жинағы: Оқу құралдары, оқулықтар. Т.3. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2015. – 256 б.
7. Шонанұлы Т. Шығармалары: Оқулықтары мен оқу құралдары. Т.1. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б.
8. Шонанұлы Т. Шығармалары: Оқулықтар, оқу құралдары, зерттеулер, мұрағат материалдар Т.2. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б
9. Шонанұлы Т. Шығармалары. Т.3. Т. Шонанұлы туралы материалдар. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б.