Сырттанов Барлыбек (1866 – 1914)

Барлыбек Сырттанұлы – көрнекті саяси қайраткер, қазақтың алғашқы Конституциясының авторы, алаш қайраткері, заңгер, публицист, дәрігер-ғалым, шығыстанушы.

1866 жылдың 23 қазанында Жетісудың Қапал уезі, Арасан болысындағы Қарашоқы жайлауында дүниеге келген. Сүйегі – Орта жүздің Найман атасынан тарайтын Құлшан. Әкесі Сырттан – қазақтың аты шыққан батыры.

1874 – 1876 жылдары Қапал қаласындағы қазақ балаларына арналған даярлық пансионатында сауат ашқан. 1876 – 1886 жылдары Верный ер балаларға арналған классикалық гимназиясында оқыған.

1886 жылы Жетісу әскери губернаторы тағайындаған стипендия негізінде Санкт-Петербург Императорлық университетінің шығыстану факультетіне оқуға қабылданады. Барлыбек шығыстану мамандығында оқыса да, қосымша құқық, заңтану және медицина ғылымдарын да игерген. Мәселен, ол студенттік жылдарында В.А.Жуковский, А.П.Васильев, И.Н.Березин, Н.И.Веселоский, В.Р.Розен сынды атақты ғалымдардан дәріс алған. 1890 жылы шығыстану факультетін «араб-парсы, түрік-татар тілі» разряды бойынша  бірінші дәрежелі диплом және алтын медальмен тәмамдаған.

Университетті бітіргеннен кейін, 1891 – 1894 жылдары Ташкент қаласындағы Түркістан генерал-губернаторлығының қазыналық палатасында столоначальник, кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарып, «Колледжский секретарь» шеніне ие болған. 1894 жылдың 29 қыркүйегінде Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқармасаның іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Сосын ерекше тапсырмалардың кіші чиновигі қызметін атқарады.

1908 жылдың 28 желтоқсаны күні саяси-көзқарасына байланысты қызметінен босап, отставкаға кетеді. Қызметінен кетуінің басты себебі – қазақ жерінің мәселесін көтеріп, Патша империясының саясатына қарсы шығуы.

1903 – 1907 жылдары Патшалық Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне белсене араласып, картаға түсіреді. Қазіргі Алматы облысының Қытай Республикасымен шектесін шекераларын тұңғыш рет анықтап, картаға енгізген болатын. Әлі күнге дейін осы мемлекеттік территориялық саяси межелеу жұмысы өзгеріске ұшыраған жоқ.

1905  жылы  «Қарқаралы құзырхаты» құжатын даярлауға атсалысып, қазақ сиезін ұйымдастыру ісіне қатысқан.

1905  жылдың желтоқсанында Орал қаласында өткен «Бес облыстық делегаттар сиезіне» қатысып, Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құру туралы бастаманы қолдаған.

1905 жылы Алматы қаласынан Мұсылман кітапханасын ашқан.       1908 жылдың 28 желтоқсанында саяси көзқарасы үшін қызметінен босатылған.

1909 жылы Сейітбаттал, Тұрысбек және Есенқұл қажы сынды ағайынды Маманның балаларына Қарағаш қаласынан ашқан медресе, мектебінің  оқу бағдарламасын жасақтауға жөн-жобасын көрсеткен.

1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағашта қазақ-қырғыз болыстарының беделді азаматтарының басын қосып, Николай ІІ патшаның атына хат даярлаған.

1910 жылы туған жері Арасанға қоныс аударып, «Мамания» мектебінің оқу бағдарламасын жетілдіру және шәкірт тарту жұмысын ұйымдастырған.

1910 жылдың желтоқсанынан – 1911 жылдың қыркүйегіне дейін қарашекпенділерге берілген қазақ жерінің тағдыры үшін Петерборға барып, Патша үкіметіне өтініш білдірген. Осы уақыт аралығында Петербор қаласында қоныс қылған.

1910 – 1913 жылдары өз тарапынан құпия түрде қазақ елін Ресейдің ішкі колониясын шығарып, тәуелсіз республика мәртебесі бар Уставын даярлайды. 1911 жылдың 13 маусымында  Петербор қаласында Ә.Бөкейханның тапсырмасымен  «Қазақ елінің Уставы» деп аталған еуропалық стильдегі алғашқы қазақ  конституциясын жазған.

1912 – 1914 жылдары Патша жандармдарының бақылауына алынған.

Барлыбек Сырттанұлы – қазақ ұлтының алғашқы конституциялық заңының авторы. 1911 жылдың 13 маусымы күні Петербор қаласында «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын 4 бөлім, 28 баптан тұратын еуропалық стилдегі құқықтық-саяси маңызы зор заң жобасын жазған. Б.Сырттанұлы «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер» (Оның қолданылу тәртібі мен емдік қасиеті) сынды іргелі еңбектердің авторы.

Барлыбек Сырттаұлы 1914 жылдың 26 қарашасында  48 жасында  Қапал уезі, Сүттіген ауылында дүние салған. Сүйегі Сүттігеннің Бөлек-Бұрған деген жеріне жерленген.

 

Әдебиеттер:

Сыртанов Барлыбек // Тілешев Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы: Сардар, 2014. – 379-380 б.

Исахан М. Барлыбек Сырттанов һәм қазақ елі конституциясы // Өмір-ай. – 2014. – №33. – Б. 4-5

Исахан М.  Сырттанов Барлыбек. Қазақтың алғашқы конституциясын жазған Барлыбек Сырттановты білесіз бе?  // Өмір-ай. – 2017. – №32-33. – Б. 4-6

Сырттанова М. Қазаққа адал болдық // Жұлдыздар отбасы. – 2017. – №11. – Б. 8-11