Қашқынбаев Иса (1891 – ө.ж.б.)
Қашқынбаев Иса (Ғайса) Таумышұлы – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. И.Қашқынбаев 1891 жылы 15 қыркүйекте Орал облысы, Ілбішін уезі, Қурайлы болысы, 3-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. Әкесі дәулетті, әрі сауатты кісі болған. Тегі – Байұлына жататын Тана руы. 1903 жылы Қарасу-Шалқар болыстық орыс-қазақ мектебін үздік бітірді. 1903-1910 жылдары Орал реальдық әскер училищесінде оқыды. Осы училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін қосымша сыныпты 1911 жылы тәмамдаған. 1912 жылы Орынбор халық ағарту округінің сынақ комитетінде ер балалар гиманзиясының 8-сыныбы көлемінде латын тілінен қанағаттанарлық бағаға емтихан тапсырып, құжаттарын Мәскеу университететінің медицина факультетіне жолдады. Мәскеу университеті қабылдаудан бас тартқан соң сол жылы Қазан университетінің медицина факультетіне түсті. Орал облыстық земство жиынының стипендиясына оқыды. 1905 жылы студенттік толқуларға қатысты, татар М.Уахитов, чувашмары Н.Никольский, В.Охотников, қазақ Н.Залиев, Ә.Имамбаевтармен бірге РСДРП ұйымының оқушы ячейкасына кірді, полицияның жасырын бақылауына ілікті. 1-дүниежүзілік соғысқа байланысты 4-5-курстарды бір жылда экстерн бітірді. 1917 жыл Ақпан революциясынан соң Петроград қаласына келіп, саяси оқиғаларға араласты. I Бүкілресейлік мұсылмандар съезі қарсаңында шығыс зиялылары мен саяси қайраткерлерінің арасында Мұсылман аймақтарының болашақ мемлекеттік кұрылымдарының унитарлық (Ресейден бөлінбейтін) және федеративтік түзілімін таңдау жөніндегі айтысына қатысты. Наурыздың ортасында Мұсылман қайырымдылық қоғамында өткен жиында Лутфи Исхаки, Сұлтанбек Мәмлиев сияқты татар зиялыларымен бірге федеративтік түзілімді қолдап сөйледі. Елде саяси окиғалардың өрістеуіне орай Орынбор қаласына келіп, 1917 ж. сәуірдің басында өткен Торғай және Орал қазақтарының съезіне қатысты. Сәуірдің ортасында өткен I Орал облыстық қазақ съезінің делегаты. Съезді құттықтауға келген қазақтың оқыған қыздары Меңдіқыз Шәпенова мен Қашқынбаевтың зайыбы Жамал Дәулетдинқызы Қашқынбаева бастаған қыз-келіншектер тобын съезден шығарып жіберу жөнінде мәселе көтерген дін иелеріне қарсы шықты. Осы кезде Түркістан губерниясында қызмет етсе керек, себебі, 1917 жылы шілдеде өткен I жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат ретінде Мұстафа Шоқай, Ғабдірасул Мәмбеевпен бірге Әмудария бөлімінен аталды. Депутаттыққа кандидаттар тізімін жасаған съезд бюросы «Қазақ» газетінің бетінде оған «Жас доктор, жігерлі, білімді, ұлтшыл жігіт» деген мінездеме берді. Шамамен 1917 жылы жазда Орал облыстық земство управасында, оның халық денсаулығын сақтау бөлімінің меңгерушісі А.Генкенің көмекшісі болып істейді. Земство съезін шақыру жөніндегі Жымпиты уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты. Осы орайда әкімшілік-аумақтық бөліністі ру жігі бойынша жүргізу көзқарасы салдарынан орын алған қақтығыстар тұсында Киев политехника институтының түлегі М.Балтановпен бірге Е.Қасаболатов тобына қарсы шықты. 1917 жылы желтоқсанда өткен II Жалпықазақ съезінде Уакытша Ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт Кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен III Орал облыстық қазақ съезінде салық мәселесі туралы айтыста Жанша және Халел Досмұхамедовтер тобын қызу қолдады. Сол жылғы мамырда Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ съезінің делегаты, «Ойыл уәлаятының Уақытша үкіметіне» мүше болып сайланды. Облыстық земство жанындағы үкімет мүшесі ретінде әскери кұрама жасақтау, халыққа дәрігерлік, тұрмыстық қызмет көрсету мәселелерімен шұғылданды. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде өткізілген Батыс Алашорда үкіметі мен облыстық земство басқармасының төтенше мәжілісіне қатысты. Бас көтеруден соң әскери кұрамаларды зиялы топ өкілдері мен ел ішіндегі сыйлы адамдардың балаларынан жасақтау, сапалық тұрғыдан жақсарту шараларын колдады. Батыс Алашорда тізе бүккеннен кейін оның белсенді үкімет мүшелері арасынан Жанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге (1920 жылы ақпан айының басында) Орынбор арқылы Мәскеуге жөнелтілді. Маусым айында кеңес басшылығына табыс етілген Батыс Алашорда үкіметінің қызметі туралы мәлімдемені әзірлегендердің бірі. Сол жылғы 3 маусымдағы БОАК қаулысымен Қазәсревком қызметіне ұсынылды. Қазәсревком бұл ұсынысты негізінен кұптағанымен РК(б)П ОК-нің осы мазмұнда жеделхатына Қазақ РК(б)П облыстық комитеті келісім бермеді. Әсіресе 1920 жылы 21 маусымдағы мәжілісінде «әлеумет үшін кауіпті» адам ретінде И.Қашқынбаевты айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда, Қазақ халық ағарту комиссариатының ара түсуімен сол жылғы тамыз айында осы органның Түркістан Кеңес республикасындағы уәкілі ретінде Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында Өлкелік мұсылмандардың фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. 20-жылдардың аяқ шенінде Орта Азия мемлекеттік университетінің педагогика факультетінде ассистент. 1930 ж. 1 қазанда университет аспиранттары М.Әуезов, Қ.Кемеңгеровпен бірге тұтқындалып, Алматы қаласына айдалды. Осында Қазақ КСР Біріккен саяси басқармасы комендатурасының арнаулы түрмесіне 32 қайраткермен бірге қамалды. «М.Әуезов, Ж.Күдерин, Қ.Кемеңгеровпен бірге қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымының Ташкенттегі астыртын бөлімшесіне мүше болды» деген айып тағылды. Тергеу қорытындысымен қандай жаза кесілгені әзір белгісіз. Қауіпсіздік органдары архивінде оның үстінен қозғалған істің құжаттары жоқ. И.Қашқынбаев 30-жылдар ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функциональдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылы 23 сәуірде Өзбек КСР Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы тарапынан ұсталып, «халықаралық буржуазияның реакциялық бөлігіне көмек көрсетті», «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзбек КСР IIХК-ның 1939 жылы 1 желтоқсандағы қаулысымен қылмысы дәлелденбеуі себепті И.Қашқынбаев қамаудан босатылған. Бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.
Әдебиеттер:
1. Қашқынбаев Иса // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес., С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.223-225
2. Қашқынбаев Иса // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.268-270
3. Абдуллаев Қ. Азапты жылдардың азаматтары // Денсаулық. – 2002. – № 6. – Б.20-22