Жанайдаров Сейілбек (1884-1929)

18Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров – (1884, бұрынғы Атбасар уезі, Терісаққан болысы – 1929, Алматы) – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер. 1913 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факултетін бітірген. Әйелі Мәриям – белгілі қазақ заңгері Жансұлтан Сейдалиннің қызы. С.Жанайдаров университетті бітіргеннен кейін Ресейдің Витебск губерниясында қаржы саласының тексерушісі болып қызмет атқарған. М.Дулатов, М.Шоқай, А.Бірімжановтармен бірге Ресейдегі Ақпан, Қазан төңкерістері қарсаңында қазақ даласында етек алған ұлттық-демократиялық қозғалысқа белсене араласқан. 1916 жылы Витебскіден елге оралып, Атбасар қаласында салық инспекторы болып қызмет істейді. 1916 жылы майдан жұмысына алынған қазақ жастарына көмек көрсету ісіне атсалысқан. 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен 1-жалпықазақ сиезіне Ақмола облысынан делегат болып қатысты. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбордағы 2-жалпықазақ сиезіне қатысып, Алашорда үкіметі мүшелігіне сайланады. 1918 жылы Ә.Бөкейхановтың жарлығымен Ақмола облыстық соты болып тағайындалған. Қазақ автономиялық республикасы құрылғаннан кейін Орынбордағы республикалық қаржы халық комиссариатының орынбасары, халық комиссары  қызметін атқарды.

Азамат соғысы кезінде Алашорда жетекшілері өздерінің басты саяси қарсыластары большевиктерге қарсы нақты күрес жүргізгені мәлім. Мәселен, 1918 жылы 13 шілдеде олар қазақтан шыққан большевиктерді жазалау мақсатында ерекше қазақ соты мен тергеу комиссиясын құру жөнінде қаулы қабылдаған. Азамат соғысы барысында Колчак бастаған ақ гвардияшыл қозғалыстың басшылығы тарапынан ашық түрде Алашордаға сенімсіздік танытып, тұңғыш қазақ үкіметін жау ретінде қарады. Ақ гвардияшыл топтың бұл әрекеті Алаш көсемдерін қазақ халқының өзін-өзі билеудің жолдары мен тәсілдерін іздеуге мәжбүр етті. Осынау ұлы мақсатпен А.Байтұрсынұлы Совет үкіметімен байланысты жандандыруға кірісті, оның бұл қаракетін С.Жанайдаров та жақтап, Колчак үкіметіне сенімсіздік білдіретінін мәлімдеген. 1919 жылы  Казревкомның төрағасының орынбасары, 1921-1922 жылдары Қазақ автономиялы советтік республикасының қаржы халық комиссарының орынбасары, халық комиссары міндетін атқарушы болды. Кейін Қазақстанның ауыл шаруашылығы банкін басқарды. Ұлттың тұтастығы мен елдің есендігі үшін тер төккен С.Жанайдаров ұзаққа созылған науқастан 1929 жылы дүние салды.

Әдебиеттер:

1.Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров  // Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.161

3.Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров  // Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006. – Б.250

4.Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.180-181

  1. Әбдіғали Б.Санкт-Петербургтегі хан кесенесі // https://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=6814