Жақыпбаев Нүсіпбек (1890-1932)

Жақыпбаев Нүсіпбек – Алашорданың белгілі қайраткері. 1890 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Үлкен Алматы болысында дүниеге келген. Бала кезінде оқу-білім қуып, талмай талаптанып көп ізденеді. Қоғам қайраткері. 1911 жылы Верный ер балалар гимназиясын, 1916 жылы Киев университетінің медицина факультетін үздік бітірген. Оқуын бітіргеннен кейін Жетісу облысына жұмысқа жіберіледі. 1916 жылы майдандағы қара жұмысқа шақырылғандарға арналған дәрігерлік пункттегі комиссия құрамында жұмыс істейді. Сол жылы желтоқсанда Үржар ауылдық дәрігерлік бөлімшесінде дәрігер болады.

1917 жылы 12-23 сәуірде облыстық қазақ сиезіне қатысқан. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Екінші жалпықазақ сиезіне Жетісу облысынан делегат болып, Алашорда үкіметінің Халық кеңесінің мүшелігіне кандидат ретінде сайланды.

1918 жылы 10-31 тамызда Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының II съезінде Алаш облысы, кентінің жаңадан сайланған құрамына мүше болады. Азамат соғысы жылдарында Жетісу өлкесінде, Үржарда Алаш әскерінің жүздігін басқарып, қызылдарға қарсы күрескен.

Алашорда таратылғаннан кейін Нүсіпбек бір-екі жыл жұмыссыз жүреді, кейін үкіметтің уақытша кешіріміне ие болып, 1923-24 жылдары Жетісу облысында денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1924-26 жылдары Жетісу губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, губерниялық атқару комитетінің мүшесі қызметтерін атқарған. Н.Жақыпбаев 1925 жылы дәрігерлердің Бүкілодақтық I съезіне, Орынборда өткен губерниялық денсаулық сақтау бөлімдерінің сиезіне қатысқан. 1932 жылы қайтыс болған.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда .Энциклопедия / құраст: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.158
Жақыпбаев Нүсіпбек // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.176