Сейдалин Жанша (Жиһаншах) (1877-1923)

joeСейдалин Жанша Әлмұхамедұлы – қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысына қатысушы. Жанша 1877 жылы 10 қазанда Қостанай қаласында дүниеге келген. Ат жалын тартып мінген кезінде Неплюев кадет корпусында, Орынбордағы гимназияда оқыған. Сол кезден-ақ орыс тілін жақсы меңгерген. 1900 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, 1904 жылы оқуын үзік аяқтады. Жолдамамен Кавказда, Қара теңіз жағалауындағы  Озургедь шаһарында 1910 жылға дейін заң қызметінде болды.  1916 жылы тыл жұмыстарына адам алу туралы патша жарлығын қатаң сынға алды. Бақытжан Қаратаевпен бірлесіп «Қырғыздар туралы еске алатын жазбалар» атты қазақтан адам алуды доғаруды талап еткен өтініш хат жазып, Ресей өкіметіне жолдады. Алашорда таратылып, кеңес үкіметі орнағаннан кейін Алаш қайраткерлері әлі де болса өз халқына пайда тигізу мақсатымен жаңа үкіметке қызмет еткені белгілі. Сол сияқты Жанша Сейдалин де 1917-1923 жылдары Кеңес үкіметінің ағарту және жер мәселесі комиссариаттарында жауапты қызметтерде болды.  Ж.Сейдалин 1923 жылы дүниеден өтті.

Жанша Сейдалин өз заманының талабына сай әлеуметтік саяси мәселелерді шешуде құнды ойлар ұсынған адам. Жанша Сейдалиннің: «Азып-тозып кетпеске не амал бар?», «Бас қосу», «Балмұхамет Ташеновке жауап», «Сиез туралы», «Үлгі аларлық іс», «Жер жайынан бір екі ауыз сөз», «Шаһар Троицк, 1 декабрь, 1913 жыл», «Әке мен бала» т.б мақалалары  – оқу-ағарту, елді сауаттандыру сияқты өз кезеңінің шиеленіскен, күрделі, өзекжарды әлеуметтік мәселелерін қозғаған еңбектері. Бұл еңбектері автордың ұлттың жоғын жоқтаған қайраткерлік келбетін айқындай түскен. Ж.Сейдалин өз заманының талаптарына сай әлеуметтік-саяси мәселелерді шешуде құнды идеялар ұсынған  қоғам қайраткері.

 

Әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс, 2009. – 544 б.
  2. Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Таймас, 2013. – 240 с.
  3. Қазақстан: ұлттық энциклопедия. Т.7. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 728 б.
  4. Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2006. – 768 б.
  5. Сейдалин Жаһанша / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.359-360
  6. Тілешов, Ербол. Қайнар: электронды қолжазба: мақалалар, сұхбаттар / Е. Тілешов. – Алматы: “Сардар”, 2015. – 306 б.
  7. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың: Тарихи очерктер. – Алматы: “Жеті жарғы”, 1998. – 192 б.

 

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/

Сейдалин Жанша – http://www.zirozebar.com/pedia-kk/wiki/