Алмасов Омар (т.ж.б. – 1920)

16Алмасов Омар (Ғұмар) (т.ж.б. – 1920) – Алаш қозғалысының қайраткері. Мұғалімдер семинариясында оқыған. 1916 жылы тамызда Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстары өкілдерінің Орынборда өткен кеңесінің хатшысы болды. Онда патша өкіметінің маусым жарлығына қарсы қазақ халқының көтерілісі жөніндегі Алаш қозғалысы басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлының пікірін қолдады. 1917 жылы 2-8 сәуірде Торғай облыстық съезін ұйымдастырушылардың бірі әрі хатшысы (Орынбор). ІІ жалпықазақ съезінде (Орынбор, 5-13.12.1917) О.Алмасов Қазақстандағы өзге ұлттар өкілдерінің көзқарасын анықтаған соң және халық милициясын құрғаннан кейін Қазақ автономиясын жариялауды жақтаған көпшіліктің қатарында дауыс берді. Съезде оны Халық Кеңесінің мүшелігіне кандидат етіп сайлады. Торғай өңірінде Кеңес өкіметіне қарулы қарсылықты ұйымдастыруға белсене қатысты. Алашорданың Торғай облыстық әскери сотының бастығы болды. Алашорда атынан А.Байтұрсыновпен бірге Кеңес үкіметімен келіссөз жүргізді (1918 ж., наурыз). Аққұмда (Торғай) өзін тұтқындауға келген қызыл әскерлермен атыста оққа ұшты.

Бұл деректерден Омар Алмасов 1917 жылы Торғайда Уақытша өкіметтің комиссары қызметін атқарса, ал, Алаш Орда үкіметі тұсында аса маңызды әскери соттың бастығы қызметі мен әскери разведка бастығы қызметін қатар атқарғанын көріп отырмыз. Осынша маңызды қызмет атқарардай Омар Алмасов кім еді? Бұл туралы нақты деректер жоқтың қасы. Ал, біздіңше, ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Тарғыбатай (Тарбағатай) тауының күнгей беткейінде «орысқа қараған бес болыс ел» атанып, шекара бойын мекендеген, Қаракерейден тарайтын Болатшы руының Жайықбай табынан. Әрі 1872 жылы Лепсі уезіне қарасты Болатшы-Байғана (Елтай ауылы) болысында дүниеге келген. О.Алмасов 1905 жылдан Алаш ықпалында болып, Алаш партиясының алғашқы күндерінен мүшесі болады. 1916 жылғы шытырман кезеңде болыстық қызметті қалдырып, Омар Алмасов сынды бірқанша жанкештілер ұлт үшін, тәуелсіздік үшін жанын шүберекке түйген Әлихан бастатқан Алаш зиялыларының қатарына барып, тізе қосады. Алаш аманаты Омарды лайықты танып, енді 1916 жылдан күрделі тарихи шырғалаң оқиға қалыптасқан А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың жауынгер елі Торғай жеріне қызмет етуге апарады.

Әдебиеттер:

1. Алмасов Омар // Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.52
2. Нұрпейісов К. Алаш Һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
3. Нүсіпов Р. Аманкелдінің жаласы кімнен?: (О.Алмасов туралы деректер бар) // Қазақ тарихы. – 2014. – №6. – Б.26-28
4. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: Сардар, 2014. – Б.67-68