Күсепқалиев Дәулетше (1870-1944)

23Күсепқалиев Дәулетше (Дәутетшаһ) (1870, Екатеринослав уезі Старосербск қаласы – 1944) – жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорда қайраткері. Болыстық орыс-қазақ мектебін және Орынбор гимназиясын тәмамдады. Императорлық Мәскеу университетінің медицина факультетін 1900 жылы үздік бітірді. Кейбір деректер бойынша, айтылмыш университеттің заң факультетінде қатар оқып, екі дипломды бірге алған. Сол жылы Орал облысына қарасты Ілбішін уезінде Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетті. 1903 жылдан бастап Орал облысы Гурьев уезіне қарасты Есбол, Қарабау, Кермақас, Тайсойған және Қызылқоға болыстарына қызмет көрсететін дәрігер, әрі осы учаскеде шаруашылық басшысы, Кермақас бір кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі қызметтерін атқарды.

1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі, онымен бір мезгілде крестьянский начальник. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйтқы болды. Саратовтық эпидемиолог дәрігер Г.И.Кольцовпен бірге қазақ даласындағы обаға қарсы күресетін алғашқы лаборатория ұйымдастырып, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самар қаласында өткен обаға қарсы күрес сиезінде мәнді баяндама жасады. Бұл уақиға туралы М.Дулатов «Қазақ» газетінде (1914, №55, 57) мақала арнады.

1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік істің өркендеуіне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бір өркешті бактриян түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйтқы болды.

Күсепқалиев «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердің бірі. Онда (1916, №210) уақ қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. Ақпан революциясынан кейін іле-шала әлеумет жұмысына араласты.

1917 жылы 10-наурызда Жайық сырты қазақтары өкілдерінің жиналысында Ғ.Әлібековтің төрағалығымен құрылған Жайық сырты бөлігі облыстық комитетіне мүше болып сайланды және Орал облыстық азаматтық комитетіне Ғ.Әлібеков, Б.Қаратаевпен бірге өкіл болып кірді. Сол жылы сәуірде өткен I Қазақ Орал облыстық сиезінде Орал облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылы желтоқсандағы II Жалпықазақ сиезінің делегаты, сиез хатшысы болды. Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берді. 1918 жылы қаңтарда өткен земство мекемелерін сайлаушылардың облыстық мәжілісінде Г.Попов, К.Жәленов, Ы.Топаев, Қ.Ғалиев, Ы.Шұғыловпен бірге Жайық сырты облыстық управасының мүшесі болып сайланды. Айтылмыш управа төрағасы Х.Досмұхамедовпен пікірлес, идеялас болды. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен ІҮ Қазақ Орал облыстық сиезінің делегаты, сиез төрағасының орынбасары, ал 1918-1919 жылдары Ж.Мергенов, Ж.Досмұхамедовпен бірге Ойыл уәлаятындағы Алашорда үкіметі кеңесінің мүшесі болды. 1920 жылы наурыз-шілде аралығында Қазәсревкомның денсаулық сақтау бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық қосалқы бөлімінің меңгерушісі, 1921 жылы Тайпақ дәрігерлік учаскесіне меңгеруші болды. Сол жылы мамырда Орынборда өткен I Бүкілқазақ медицина қызметкерлері кеңесінде «Орал губерниясына қарасты Жымпиты уезінің географиялық, этнографиялық, тұрмыстық жағдайы және медициналық-санитарлық ахуалы» тақырыбында толымды да терең мазмұнды баяндама жасады. 1928 жылы күзде «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылады. 1929-1934 жылдар аралығында Алматыда, республикалық венерологиялық диспансерінде дәрігер және Алматы зооветеринарлық институтында оқытушы, 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысының Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысынының Келес аудандық ауруханасының, Семей облысының Абай аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарды.

Әдебиеттер:

1.Күсепкалиев Дәулетше // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.241-243
2. Күсепкалиев Дәулетше // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес.- Алматы: Арыс баспасы, 2002. – б.328-329