Көзеев Қарабай (1894-1938)

Жайық өңіріндегі Алаш қозғалысына және ауылды кеңестендіру ісіне қатысқан қайраткер Көзеев Қарабай 1894 жылы Орал облысы, Ілшібін уезі, Соналы болысы, Үшағаш ауылында дүниеге келген. Ол ауыл молдасынан хат танып, болыстық орыс-қазақ мектебін бітірген. 1916 жылы қазақтан тыл жұмысына адам алынған кезде Батыс майданында, Минск губерниясында қара жұмыста болды. 1917 жылы көктемде елге оралып, ауылда жұмыс істейді.

Қайраткер 1918 жылы Ойыл уәлаятының Халық милициясына (әскеріне) жазылады. 1920 жылы Қаратөбе учаскелік ревкомы жанындағы учаскелік милицияда қызметте болған. 1921-1923 жылдары ЧОН отрядының құрамында қызмет аткарды. 1924 жылы РК(б)П мүшелігіне кандидат, 1925 жылы РК(б)П мүшесі болып сайланды. 1924 жылы Сабынкөл болыстық атқару комитетінің төрағасы, ІІХК өкілі Щитовтың жаңа түзімге бағынбай жүрген Құныскерей Қожахметовты ұстамақшы болған операциясына қатысты. Халықтың іштей Құныскерей жағында екендігін байқап, «Халық оны бізге ұстаттыра қоймас, Құныскерей неде болса көптің жүрегіне жол тапқан адам»-деп, Щитовты райынан қайтарады.

Қарабай Көзеев 1926-1928 жылдары Ащысай болыстық атқару комитетінің төрағасы, Жымпиты және Ілшібін уездерін шағындау мақсатында 1928 жылы жаңадан Шалқар ауданы құрылғанда аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Есенаңқаты өзенінің Шалқар көліне құяр сағалығынан жаңа аудан орталығы салынатын жерді таңдап, өз қолымен қадасын қақты. 1930 жылы Жаңақала аудандық Кеңесі атқару комитетінің, 1931 жылы Семей облысындағы Абыралы аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1932-1934 жылдары Гурьев облысына қарасты Жылой ауаткомының төрағасы, 1934 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозының, 1935-1938 жылдары Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе» ет совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Жаратылысынан батыл да әділ Көзеев 30-жылдардағы асыра сілтеу тұсында, 1937 жылы қуғын-сүргін кезінде бірнеше адамды жолсыз жазадан арашалап қалды. 1938 жылы 20 шілдеде ауырып қайтыс болды. Қ.Көзеев бейнесі жазушы Х.Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» романында сомдалған.

Әдебиеттер:

1. Көзеев Қарабай // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.203-304
2. Көзеев Қарабай // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.235-236
3. Көзеев Қарабай // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: Арыс баспасы, 2002. –б.321-322