Сарығожин Сабыр

05Сарығожин Сабыр (т.ж.б. – 1925, Ұлыбритания, Лондон қаласы) – Алашорда үкіметі үшін қызмет еткен, әскери қайраткер, генерал-майор. С.Сарығожин Оралдағы реалды әскери училищесін үздік бітіріп, Мәскеудегі жоғары әскери мектепке жолдама алған. Оның алғырлығы мен тапқырлық талантына қызыққан патша жандармдары Сарығожинді елге қайтармай, өздері үшін қызмет істетудің қамын жасап, Мәскеуге алып қалады. Сонымен, ол көп жылдар Мәскеуде Ресей патшасы әскерінде қызмет етеді. Сарығожиннің елге қашан оралғаны да анық емес. 1918 жылы Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болып тағайындалады. Сол кезде Алаш әскерінің кәсіби деңгейін көтеру үшін барын салып жұмыс істеген. Алашорда таратылып, қызыл үкімет орнай бастаған кезде бұрын ақ патша әскерінің кұрамында жұмыс істеген, кейін Алашорданың әскери комиссары болған адамды кызыл үкіметтің аяусыз жазалайтынын сезсе керек, 1919 жылдың күзінде Қара теңіз арқылы шетел асып, Ұлыбританияға жетеді. Оның Лондондағы өмірі туралы деректер белгісіз күйінде қалды.

Әдебиеттер:

Сарығожин Сабыр // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.350-354.
Сәдуақасов Смағұл // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / Бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.462