Омаров Салық (т.ж.б-1941)

Омаров Салық (т.ж.б., Орал облысы, Жымпиты уезі, Өлеңті болысы, Жетікөл ауданы – 1941) – Батыс Алашорда қайраткері. Қазақ халқының атақты биі, батыры, қоғам қайраткері Сырым Датұлының шөбересі, батырлығына қоса шешен болған, сол үшін ел ішінде «Қанатты қазы» атанған полковник Қазы Сырымұлының немересі. Өз әкесі Омар да сөз ұстаған, ел ішінде ықпалды адам болған. Жырау Мұрат Мөңкеұлының 1906 жылы Қазанда жарық көрген «Ғұмар Қазыұғылына айтқаны» деп аталатын жырында оның көсемдік, адамшылық қасиеттері байыпталды. Ел «Аударылмас томар» атаған осы Омардан туған Мұхтар мен Салықтың екеуі де ел ішінде билік жолын ұстаған кісілер болды. Мұхтар болыстық старшын, болыс қызметтерін атқарса, Омаров көп жыл бойы Өлеңті болысының управителі болып сайланды. 1912 жылы сауда-кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1917 жылы сәуірде өткен I Орал облыстық қазақ сиезіне шақырылған С.Омаров Жайық сырты қазақтарының облыстық комитетіне мүше болып сайланды. Сиездегі ықпал күші С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында суреттелген. 1917 жылы жазда Жымпиты уездік атқару комиететінің жаңа аумақтық межелеу саясатына қарсы шығып, бұрынғы ауылдық-болыстық аумақтық бөліністі сақтап қалуды қызу жақтады. 1917 жылы жазда земстволық сиезді шақыруға байланысты құрылған Жымпиты уездік ұйымдастыру комитеті құрамына кірді.

1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен III Орал облыстық қазақ сиезінде Жайық сырты қазақтарының бөлек облыс болу ниетін қызу қолдап, осыған орай елге түсетін салық ауыртпалығын жұмыла көтеруді жақтады. 1918 жылы сәуірде Орал облыстық қазақ земство басқармасы мен казактардың Войско үкіметі арасында қол қойылған одақтық келісімшартты қолдап, оны сол жылғы мамырда Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ сиезінде бекітуге белсене қатысты. Сол сиезде Жайық сырты қазақтарының жоғары билік органы – «Ойыл уәлаяты» (облысы) Уақытша үкіметіне мүше болып сайланды, жаңа үкімет құрамында жер пайдалану мәселесіне жауап берді, уәлаят аумағында Уақытша үкіметтің 1917 жылғы 3 сәуірдегі өкімімен бекітілген уақытша жер пайдалану тәртібінің орындалуын, яғни Құрылтай жиналысына дейін жергілікті халықтан қазына есебіне жаңадан жер алынбауын, жұт жылдары бұрынғы переселендерден қалған учаскелердің, сондай-ақ, бос жатқан мал жайылымдарының күнкөрісі қиындаған ауылдарға тегін берілуін қадағалады.

Батыс Алашорда таратылғаннан кейін, Орал губерниялық төтенше комиссариаты тарапынан ұсталып, концлагерьге қамалды. 1920 жылы 18 сәуірде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарылды. С.Омаровтың Қазәсревкомға жазған арызынан кейін қайраткерлер Ә.Әйтиев, С.Арғыншиевтің араласуымен үкім күшін жойды. Одан әрі Омаров елде шаруашылықпен айналысты. Күштеп тәркілеудің құрығынан құтыла алмай, «жартылай феодал» аталып, бай ретінде де, Алаш қозғалысына белсене қатысушы ретінде де мал-мүлкі тартып алынып, үй ішімен Жетісу округіне жер аударылады. Мұнда Батыс Алашорданың тағы бір көрнекті қайраткері Қуанай Қосдәулетов екеуі мал шаруашылығын дамытты, ел ішінде беделге ие болды. Шамамен 1937-38 жылдары Жетісудан Челябіге он жылға жер аударылып, сонда 1941 жылы қайтыс болған.

Әдебиеттер:

1. Омаров Салық // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.263-264
2. Омаров Салық // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.329-331.
3. Омаров Салық // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.421-422.