Мергенов Жанқожа

Батыс Алашорда қайраткері Мергенов Жанқожаның туған жылы белгісіз, Көзі ашық, оқыған, ел ішінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. 1915 жылы жазда Көкжар (Ойыл) жәрмеңкесі кезінде Х.Досмұхамедов, Ж.Мырзағалиев, Ж.Меңдібаев, Ш.Есенов, А.Жолдасбековпен бірге Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Ресейге көмек ретінде елден 6 мың сомнан аса каржы жинап беру ісін ұйымдастырды, сол үшін Орал облысының әскери губернаторы Хабаловтың алғысына ие болды. Саяси көзкарас жағынан А.Қалменов, Е.Тұрмұхамедов, Х.Досмұхамедовтермен бірге Ресей конституциялық демократтары бағытына жакын жүрді. 1917 жылы желтоқсандағы II жалпықазақ сиезіне ұйымдастыру тобы тарапынан арнайы шақырылған құрметті адамдар қатарында қатысып, Алашорда Уақытша Ұлт Кеңесі құрамын жасақтасты, Ұлт Кеңесінің жиналыс өкілі болып белгіленді. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен IV Қазақ Орал облыстық сиезінде Д.Күсепқалиевпен бірге съезд төрағасының орынбасары болды. Осы съезде жасақталған Ойыл облыстық Уақытша үкіметіне (Ойыл уәлаяты үкіметі) мүше болып сайланды. Үкімет құрамында уәлаяттағы ішкі істерге жауап берді. 1918 жылы қыркүйекте Уфа Мемлекеттік кеңесі кезінде Ойыл уәлаяты таратылып, Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі Алашорда бөлімшесі (Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі) құрылған соң Батыс Алаш-Орда үкіметі 1917 жылы Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың құзыреті Ойыл облысына жүрмейтіндігіне Комучтің келісімін ала отырып, Мергеновті алдағы Бүкілресей Құрылтай жиналысына дейін 1917 жылы Уақытша үкімет ережесі негізінде жұмыс істейтін Ойыл уәлаятының (облысының) комиссары және Алаш Орда үкіметінің Уфа кеңесінің шешімі негізінде Уақытша үкімет заңдарымен берілген бүкіл құқыққа ие Алашорда облыстық комиссары етіп тағайындады. 1918 жылы күзде Директория таратылып, оның орнына А.В.Колчак басқарған Уақытша Сібір үкіметінің құрылуымен, сөйтіп Комучтің аясындағы демократиялық альянстан монархистік күштердің басым түсуімен облыстық комиссар қызметі өзінен-өзі доғарылды. Уақытша үкімет саясатын жалғастырушы Комуч және Директориямен араны шиеленістірмеу үшін тактикалық мақсатта ғана енгізілген бұл лауазым оның үстіне Ойыл облысы шегінде Уақытша үкімет комиссарлары қызметін жойған IV Қазақ Орал облыстық сиезінің қарарына қайшы келетін, сонымен бірге облыс комиссары ретінде бір мезгілде әрі уәлаяттағы орталық басқару органы – Алашорда қызметіне бақылау жасайтын, әрі Алашорданың облыстық комиссары ретінде жергілікті өзін-өзі басқару органы – земство ісіне араласатын айтылмыш қызмет уәлаят басқару жүйесінде онсыз да ушығып тұрған қосарлануды күшейтіп жіберді.

Осы себептермен облыстық комиссар қызметі тоқтатылғаннан кейін Мергенов Шыңғырлау (б. Орал) уездік земство басқармасының төрағасы болып істеді. Оның жаңа қызметі Орал Войско үкіметінің Жайық сыртын басқару ісін нығайту мақсатында осы өлкеге полковник Ерыклинцевті генерал-губернатор құқымен әскери-әкімшілік басқарушы етіп тағайындап, оның қолына толық басқару билігін берген және қазақ арасындағы большевиктерге тілеулес топтарды қудалай бастаған қысылтаяң кезеңге түспа-түс келді. Ж.Мергенов 1918 жылдың аяқ шені мен 1919 жылдың бас кезінде Халық милициясына жігіт алу, азық-түлік жинау мақсатында Темір Елек, Қобда бағытында әрекет еткен жедел Алаш отрядын басқарды. Бұдан кейінгі қызметі мен өмірі жөнінде дерек жоқ.

Әдебиеттер:

1. Мергенов Жанқожа / Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.241-242
2. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.308-309