Қаратілеуов Сәлімгерей (1887-1938)
Алаш Партиясының, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, арнаулы білімді алғашқы қазақ агрономдарының бірі Қаратілеуов Сәлімгерей 1887 жылы Гурьев уезінде туған. Ол Қазан революциясына дейін Саратов қаласы маңындағы Марийнск ауылшаруашылық мектебін бітірген. Саратов ауылшаруашылық институтында оқыды. Ақпан революциясынан соң оқуын аяқтамастан Орал қаласына келіп, Уақытша облыстық қазақ комитетін құруға атсалысты.
1917 жылы сәуірде өткен I Қазақ Орал облыстық сиезінде Орал облыстық Қазақ комитетіне мүше болып сайланған 20 адамның бірі. Сиез шешімімен жергілікті басқару органы – Жайық сыртын басқару жөніндегі әлеуметтік комитет таратылғаннан кейін ауыл старшындарынан, учаскелік крестьян бастықтарынан тұратын бұрыңғы бюрократтық басқару жүйесінің орнына алқалық халықтың басқару жүйесін енгізу ісіне белсене қатысты. I Облыстық сиездің осы жөніндегі қарарына орай сол жылы маусымда Ойыл жәрмеңкесінде жиналған II Қазақ Орал облыстық сиезі аясында өткен Облыстық қазақ комитеті мүшелері жиналысында Облыстық қазақ управасын сайлаушылардың бірі.
Облыстық земство басқармасы төрағалығына Х.Досмұхамедовпен бірге баламалы негізде сайлауға түскен Ғ.Әлібековтің кандидатурасын қолдады.
1919 жылы көктемде Торғай қаласындағы А.Иманов басқарған Қызыл армия бөлімшесі мен Алаш полкінен құрылған біріккен отряд құрамында болды. 1919 жылдың күзінде Батыс Алаш-Орданың шақыруымен Орал жеріне қайтып, аз уақыт Ойыл түрмесінде отырды. Гурьевке айдалып бара жатқан М.Ипмағамбетовпен бір абақтыда болды. Кешікпей босатылып, 1919 жылдың аяғын ауылда өткізді. 1920 жылдың басында Орал қаласына келіп, Кеңес қызметіне араласты. Орал губкомының 1920 жылғы ақпандағы шешімімен Кирпичников, Финогенмен бірге Ойылға жіберіліп, Батыс Алаш-Орданың дүние-мүлкін, құжаттарын қабылдап алу, Ойыл, Қызыл-Қоға өңірін кеңестендіру ісімен айналысты.
1920 жылдың аяқ шенінде Орал губерниялық жер басқармасының меңгерушілігіне тағайындалды. 1921-1922 жылдары ашаршылықта губернияның ұлан-ғайыр жерінде жаппай тұқым себу науқанын табыспен жүзеге асырды, ауылшаруашылық зиянкестерін жоюда қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, зиянкестерге қарсы күресетің губерниялық «үштіктің» жұмысына белсене қатысты. 1922 жылы жазда Гурьев уезінде шегірткеге қарсы күрес ісін ұйымдастырды. Орал губерниясы бойынша агрожүйе жасақтау, учаскелік агрономия енгізу жөнінде бастама көтеріп, оны жүзеге асырды. Өңірде агроучаскелер ашылып, тұқымдық дән несиеге сол учаскелер арқылы берілетін болды. Бұрынғы ауылшаруашылық училищесін, ауылшаруашылық тәжірибе стансасын қалпына келтірді. Орал ауылшаруашылық стансасы көп ұзамай ел көлемінде үшінші орынға шықты. Сонымен қатар, Орал жерінде келешек асыл тұқымды рассадниктерге негіз болған асыл тұқымды мал басын сақтап қалу ісі де С.Қаратілеуов есімімен байланысты. 1922 жылы күзде РК(б)П Қазақ облыстық комитеті президиумы А.Кенжин екеуінің Алаш Орда құрамындағы қызметіне байланысты мәселе қаралды. Президиум А.Кенжинді қызметтен босатып, ал С.Қаратілеуовті бұрынғы қызметінде қалдыруға болады деген шешім шығарды. 1923 жылы Мәскеуде РК(б)П Орталық Комитеті ұлт республикалары мен облыстардағы басшы қызметкерлерді жинап өткізген мәслихат-кеңеске қатысқан Қазақстан өкілдерінің бірі. Л.Каменев, В.Куйбышев, Л.Д.Троцкий, М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов т.б. қайраткерлер қатысқан мәслихат-кеңесте Орал губерниясы бойынша нақты мысалдар келтіре отырып, Қазақстандағы бөгде ұлт өкілдерінің қазақ тіліне менсінбей қарауы, ұлт тіліндегі мерзімді баспасөздің аз тарауы, қазақ мектептерінің тапшылығы жөнінде өткір мәселелер көтерді. 1924 жылы жазда Қазақ облыстық партия комитеті қарамағына өлкелік деңгейде жұмыс істеуге жіберілді. Сол жылы желтоқсаннан бастап Жер халық комиссариатында істеді. Қазақ өлкелік партия комитетіне мүше болып сайланды. 1925 жылы наурызда Өлкелік партия комитеті бюросында Қазақстанда жерге орналастыру мәселесі бойынша жан-жақты баяндама жасап, жаппай жерге орналастырудың он жылдық жоспарын ұсынды.
1926 жылы күзде Өлкелік партия комитеті бюросының мәжілісінде А.Кенжинмен бірге бұрынғы батыс алаш-орда қайраткерлерінің бірі А.Кенжәлиевті қудалаудан арашалап, Жер халкомының Жер дауы жөніндегі айрықша комиссиясының төрағасы қызметіне жіберткізді. 1927 жылы наурызда Орталық Жерге орналастыру басқармасының төрағасы қызметінен босатылып, Өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен Халкомкеңесі қарамағына, Мемлекеттік Жоспарлау комитеті Су-мақта шаруашылығы секциясының меңгерушілігіне жіберілді.
Ұлтшыл және алашорда қызметіне қатысқанын жасырды деген айыппен партия қатарынан үш рет шығарылды.
КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының қаулысымен 1938 жылы 26 ақпанда атылды. Зайыбы Анна Семеновна Қаратілеуова екеуінен Әлімхан және Сара есімді ұл-қыз қалды. Қазақ Политехника инстиутын бітірген Әлімхан 1942 жылы Мәскеу түбінде қаза тапты. Сара да айтылмыш оқу орнын геолог мамандығымен бітірген, Алматы қаласында тұрады.
Әдебиеттер:
1.Қаратілеуов Сәлімгерей // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.215-218
2. Қаратілеуов Сәлімгерей // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: Сардар баспасы, 2014. – б.256-260.
3. Қаратілеуов Сәлімгерей // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес – Алматы: Арыс баспасы, 2002. – б.354-356.