Қалменов Алпысбай (1869-1937)
Қоғам қайраткері, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі – Қалменов Алпысбай 1869 жылы Орал облысы Темір уезінде дүниеге келді. Бала кезінде ауыл молдасынан сауатын ашқан. Кейін Орынбор гимназиясында оқып, орыс тілін жетік меңгереді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ қоғамында оқу білімнің қадірі күшті болғандықтан, қолы жеткен ата-ана баласының білім жолына түсуіне ықпал етеді. Соның арқасында қазақ арасынан оқымыстылар көп шыққан. Олар қазақ зиялылары деуге лайық қауым болып, өздерінің ел алдындағы міндеттерін адал атқарды. А.Қалменов те білім жолына түсіп, кейін университет бітірген. Алайда, оның қандай университетте қандай мамандық бойынша білім алғаны туралы нақты дерек жоқ. XX ғасыр басындағы әлеуметтік-қоғамдық жұмыстарға көбірек араласады. 1906 жылы ашылған Ресейдің I Мемлекеттік Думасына Бөкей ордасынан депутат болып сайланған. Думада «Еңбек тобы» фракциясында болды. Орданы басқару жөніндегі уақытша кеңесте кеңесші болды.
1910 жылы кейін қазақ халқының басын қосып, тәуелсіз ел болу жолындағы идея күшейген кезде А.Қалменов те ұлттың алға басар зиялы тобының қатарынан табылды. Оралда, Орынборда, Жымпитыда өткен қазақ сиездерінің бәріне де қатысады. Сол сиездерде Алашорда көсемдерінің бастамасын қолдап отырады. Х.Досмұхамедұлымен бірге жұмыс істейді. Өзінің туа біткен ұлтшылдығының арқасында Батыс Алашорда қозғалысының жетекшілерінің біріне айналады. Алашорда таратылған соң кеңес үкіметінің қызметінде болды, онда да халқы үшін адал қызмет істеу ұстанымынан айнымаған. Ұзақ жылдар Мәскеу, Киев қалаларында жұмыс істейді. Кеңес үкіметі банктерінде жауапты қызмет атқарады. 1937 жылы қуғын-сүргін барысында қазаға ұшырады.
Әдебиеттер:
1.Қалменов Алпысбай // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.213
2.Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред.Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.345-346.
3.«Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті.-Семей, 2010.-153 б.
4. Мәмет С. Үш азамат – үш тағдыр // Егемен Қазақстан. – 2010.- 12 наурыз
5. Озғанбай Ө., Құрманбеков Б. Қайраткер Алпысбай Қалменов. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2006. – 176 б.