Жайнақов Ыбырайым

Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Жайнақов Ыбырайым бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезінде дүниеге келген, туған жылы белгісіз. Ол Верный ерлер гимназиясын бітірген. 1904 жылы Жәркент уездік және Жетісу облыстық басқармасында тілмаш, іс жүргізуші қызметтерін атқарған. 1911 жылы 21 қазанда өткен Жетісу облысы болыстары және құрметті ақсақалдары кеңесінің ұйымдастырушысы болған. Онда облыстық әкімшілік пен қоныстандыру басқармаларының іс-әрекеттері жөнінде және саяси іздестіру бөлімдерінің облыстағы көшпелі халықтың ісіне араласпауы туралы Ресей империясының өкілетті органы Мемлекеттік Думаға өтініш айтып, өкілдер жіберу мәселесі шешілді. Сол шешім бойынша Б.Сырттановпен бірге Санкт-Петербургке барып, Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы мүшелеріне Жетісудағы жергілікті халықтың тілектерін жеткізді. Бүкілресейлік мұсылмандар сиезін әзірлеп өткізуге атсалысады. 1916 жылы 14 шілдеде Верный қаласында Үлкен Алматы болыстығына қарасты жергілікті халық өкілдерінің мәжілісін ұйымдастырушылардың бірі болды. 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығына қарсы көтеріліске шықпай, істі бейбіт жолмен шешу керек екенін әлеуметке түсіндіреді. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістерге белсене араласты. Жетісу облыстық қазақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Сол жылы 12-23 сәуірде Жетісу облыстық қазақтарының бірінші сиезін ұйымдастырып, оған төраға болады. 1917 жылы 19 шілдеде уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. 1917 жылы I, II жалпықазақ сиездерінің жұмыстарына белсене араласады. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа ұсынылады. 1918 жылы шілде, тамыз айларында Алашорда атынан Челябі қаласында өткен Сібір үкіметі мен құрылтай жиналысының мүшелері комитетінің мәжілісіне қатынасады. 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысынан кейін босқын болып, Қытайға ауған Жетісу тұрғындарын елге кері қайтаруға, оларға көмек көрсетуге, ашаршылыққа тап болған халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне атсалысты. 1918 жылы 10-31 тамыз аралығында Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші сиезіне төрағалық етті. 1919 жылы 17 наурызда Жетісу облыстық қазақ комитетінде жергілікті халықтың ауыр жағдайы туралы баяндама жасады. Большевиктер билікпен ымыраға келе алмаған қайраткер Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті тұлғаларымен бірге Қытайға қоныс аударады. Сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыруды жоспарлайды. 1932-1933 жылы кеңес үкіметінен қашып өткен қазақтарды жұмысқа орналастыруға жәрдем береді. Моңғол-Күре ауданының әкімі болады. Сол қызметінде жүргенде 1938 жылы 28 ақпанда тұтқындалып, Гоминдан үкіметінің түрмесіне жабылады. Кейін баласы Омар Жайнақов әкесін 1941 жылы Үрімжі түрмесінен Семейге алып кеткенін Ғабди Сайболатов дегеннің аузынан естиді. Қайраткердің мұнан кейінгі тағдыры беймәлім.

Әдебиеттер:

1. Жайнақов Ыбырайым // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – б.174-175
2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – б.156-157
3. Нұрпейсов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 185 б.
5. Қыдырбекұлы Д. Алаш Орданың Жетісудағы тарихы // Ана тілі. – 2015.- 24 желтоқсан
6. Омарғалиев М. Сол бір жылдар // Егемен Қазақстан. – 2014. – 19 қараша
7. Рахметолла Е.Шығыс Түркістан һәм алаш қозғалысы идеясы // Қазақ үні. – 2016. – 17 маусым