Атшыбаев Беркінғали (1897 – ө.ж.б.)

9Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың жоғары білімді тұңғыш мұнай барлаушы геологы Атшыбаев Беркінғали 1897 жылы Гурьев уезінде Қазыбек болысы Миялы ауданында (қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы кенті) дүниеге келген. Бабасы Қазыбек (1760-1824) Кіші жүздегі белгілі билердің бірі, атасы Атшыбай 1869-1870 жылдары Кіші жүз қазақтары көтерілісінде қол бастаған батыр, өз әкесі Мұқаш Атшыбайұлы Атырау – Орал өңірінің көзі ашық, сауатты, әрі сауда капиталымен айналысқан дәулетті, белгілі адамдарының бірі болған. Б.Атшыбаев 1905 жылы Гурьев уезінде Есбол болысына қарасты Қарақол бір кластық орыс-қазақ мектебін («Қызылүй мектеп»), 1908 жылы Гурьевтегі екі кластық Романов орыс-қазақ училищесін бітіріп, мұнан соң 1909-1916 жылдары Орал реальдық әскер училищесінде оқыды. 1917-1918 жылдары әкесінің жанында болып, шаруашылық жүргізу, сауда жасау ісін үйренген. Оспанов, Домаланов, Абылаев, Балғымбаев, Қаржаубаев, Күсепқалиевтар сияқты реальдық училищенің, мұғалімдер семинариясының түлектерімен бірге ІҮ Қазақ Орал облыстық сиезінің қарарымен 1918 жылы жазда Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлер (кейін прапорщиктер) мектебіне түсті. Мектепті бітіріп, прапорщик шенінде Алаш-Орданың Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесінің Бас интенданты болып тағайындалды. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде Батыс Алашорда үкіметі қаржысының бір бөлігін жігіттердің талауынан аман алып қалып, Ойылға жеткізді. Орал Войско үкіметін күш көлік, ет малымен жабдықтап, майдан шығынын көтеріп отырған елдің күшімен Халық әскерін ұстау қиын болатынын түсінген Батыс Алашорда басшылары Сібір Уақытша үкіметі мен ағылшын көмегіне сүйенуді ойластырды. Б.Атшыбаев 1919 жылдың аяқ шенінде Форт-Александровск порты, Гурьевтегі Толстов әскері арқылы Халық әскерін ағылшын құрал-жабдығымен жабдықталуын ұйымдастырып, екі арада кіре тарту, лау жүргізу ісімен айналысты.

1937 жылы қазан айында «Эмбанефть» тресі бойынша Х.Ақботин, Т.Иманғазиевтармен бірге І.Құрамысовтың «алашордашыл, контрререволюциялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқындалды, сол жылдың аяқ шенінде этаппен Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетті. Б.Атшыбаев Оңтүстік-Орал әскери округі прокуратурасының 1957 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен ақталды.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.63-64
Батыс Қазақстан облысы.Энциклопедия.-Алматы: «Арыс» баспасы,2002.-Б.176-147
Нұрмаханова Ж. Алаштың асылы еді – Беркінғали // Ана тілі. – 2013. – 17-23 қазан. – Б.6-7; 2016. – 8-14 қыркүйек
Нұрмаханова Ж. ” Рухым сөнген менің қайта жанар…” [Текст] / Нұрмаханова Ж. // Ана тілі. – 2014. – 10-16 сәуір