Мұстафа Шоқай
Мұстафа Шоқайдың жұбайы – Мария Горина (1888-1969)
Мария Яковлевна Горина 1888 жылы 22 ақпанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер Одесса операсының әншісі болған. Төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрған. Алғаш рет Мария Яковлевна Мұстафамен Петербор университетінің студенті болып жүрген кезінде танысады. Мария Горина күйеуінен ажырасқан соң, екінші рет Мұстафа Шоқайға тұрмысқа шықты. 1918 жылдың 18 сәуірінде Ташкентте өзбек имам некелерін қиды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алды. Мария, ендігі өмірін Түркістанның ұлы тұлғасына қызмет етуге арнауға іштей серт береді. Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстамбұлға барады. 1921 жылдан бастап Францияда тұрады. Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларын келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Сұрыптап, түптеп арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Өмірінің соңғы кездерінде қарттар үйінде болып, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа Мұстафам деп аттанады. Жат жерде жалғыз қалған тұрмыс азабын көре отырып, жарына қарыз болмай кеткен. Мария Шоқайдың жерленген жері Францияның Шелль шаһары.
Әдебиеттер тізімі:
- Бегманов Қ. Мұстафа Шоқай жолымен: кітап-альбом. – Алматы: Қ.қ «Сораба», 2013. – 496 б.
- Қыдырәлі Д. Мұстафа. – Астана: Деловой Мир Астана, 2012. – 276 б.
- Мұстафа Шоқайдың хаттары: қоныс // Түркістан. – 2010. – 29 сәуір. – Б. 6-7
- Мұстафа Шоқай би Шоқайұлын еске түсіру: [Шоқай ұлын еске түсіруге арналған салтанатты мәжілістегі профессор Александр Яковлевич Шульгиннің созі. Париж, 8 ақпан, 1942 жыл] / ауд. Е. Төреқұлов // Ақиқат. – 2014. – № 4. – Б. 23-25
- Мұстафа Шоқай және оның достары // Түркістан. – 2003. – 12 маусым. – Б. 6