Қасаболатов Есенғали (1889-1938)
Қасаболатов Есенғали Керейұлы – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Е.Қасаболатов 1889 жылы Орал облысы, Калмыков уезі, Антоновка селосында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. Әкесі Антоновка станицасындағы бай қазақтарда жалшылықта жүріп, еті тірілігінің арқасында Калмыков уезіне қарасты 3-ауыл маңынан енші жер алып, шаруашылықпен айналысады. Мал бағумен қатар шөп шабатын, балық аулайтын, егін егетін дамыған шаруашылығы бар ауқатты шаруа дәрежесіне жетеді. «Керейдің оры» деп аталатын атажұртының орны әлі де бар. Е.Қасаболатов 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітірді. Содан кейін 1909 жылы Орал реальдық әскер училищесін, 1910 жылы училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын бір жылдық курсты тәмамдады. Сол жылы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданды. Студент кезінде мерзімді басылымдарға бірнеше мақала жазған. Е.Қасаболатов 1915 жылы университеттің толық курсын аяқтап, дәрігер мамандығын алып елге оралады. Калмыков уезінде Жылықоныс ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып қызмет етті. Бұл жөнінде «Қазақ» газеті 1915 жылы 25 маусымдағы нөмірінде «Жас доктор» деген шағын мақаламен хабарлады. 1916 жылы қазақтан тыл жұмысына адам алуға байланысты туындаған толқуға қатысып, алғашкы кезде еріктілер жасағын құруға атсалысты. Кейін «Қазақ» газеті бетіндегі түсінік жұмысынан соң Алаш қайраткерлерінің соғыс жағдайындағы Уақытша үкіметке көмектесу жөніндегі үндеуін қолдады, майдандағы қазақ жасақтарына бас-көз болып, дәрігерлік көмек ұйымдастыруға шақыруын қабыл алды. М.Дулатов 1917 жылы наурызда «Қазақ» газетінде майданға шақырылған дәрігерлерден Ә.Алдияров пен Е.Қасаболтовтың Минскіге келетінін хабарлады. 1917 жылы шілдедегі I жалпықазақ съезіндегі Құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша ұсынылған 43 кандидаттың тізіміне енді. Сол жылы жазда елде земство съезін шақыру жөніндегі уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты, осы орайда Е.Қашқынбаев, М.Балтанов бастаған топпен арада ру алакөздігінен туған қақтығысқа араласты. Қыркүйектен бастап Ғ.Әлібеков, Н.Ипмағамбетов, М.X. Мырзағалиев, Ә.Әлібеков тобына қосылды. Сол шамада Ғ.Әлібековтің қызына үйленді. 1917 жылы желтоқсандағы II жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының Уақытша Ұлт Кеңесі (Алашорда) мүшелегіне кандидат (мүше орынбасары) болып сайланды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен III Орал облыстық қазақ съезіндегі идеялық емес, топтық жікке бөліну тұсында Жанша және Халел Досмұхамедовтер жақтастарына қарсы шықты. Съезден соң кұрылған, кұрамына 13 мүше енген «Ақ жол» саяси ұйымының төрағасы болды. 1918 жылы наурызда өткен Орал облыстық жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының I съезіне қатысты. Сол жылы 29 наурызға қараған түні М.Меңдіғазиевтің пәтерінде заңсыз қару сақтағаны үшін М.Мырзағалиев, Ә.Әлібековпен бірге жергілікті қазақтар үкіметі тарапынан тұтқындалды. Көп ұзамай Жайық сырты қазақтары земство управасы төрағасының орынбасары К.Жәленовтің көмегімен босатылды. Сол жылғы жазды елде өткізді. 1918 жылы күзде Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитеті (Комуч) тарапынан мойындалып, күшейе бастаған Батыс Алашорда үкіметінің қызметіне араласты. 1919 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен Ойыл облысы земство басқармасының съезінде Жымпиты уездік земство управасы төрағасы Б.Жаңқадамовтың орынбасары болып сайланды. Сол жылы тамыз айындағы Қызыл армияның шабуылы тұсында Алаш әскер құрамаларын толықтыру үшін құрылған комиссияны және жүзбасы Балғымбаевтың конвой командасын бастап Жымпиты, Калмыков, Тайпақ өңірінде әскерге жігіт алу жұмысын жүргізді. Батыс Алашорданы тарату кезінде Жымпитыда болды. 1920 жылы қаңтар айының аяқ шенінде Жымпитыға келген Батыс Алашорданы тарату жөніндегі комиссияның мүшесі.
Қазәсревком өкілі С.Меңдешевке кейін «Қасаболатов тобының мәлімдемесі» деп аталған мәлімдеме тапсырды. Онда Батыс Алашорда қызметі жөнінде алғашқылардың бірі болып неғұрлым толық мәлімет берді. 1920 жылы басында Мырзағалиев, М.Жолдыбаевпен бірге Ә.Әлібеков төрағалық еткен Жымпиты уездік ревкомының құрамына кірді. Сол жылғы 20 қаңтарда РК(б)П қатарына қабылданды. 1920 жылы көктемнен Орал губерниясы денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. Қазэсревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен кұрамына Чеботарев (орынбасар), Почиталин, С.Қаратілеуов, Н.Ипмағамбетов, т.б. кірген губатком құқындағы Орал губревкомның төрағасы болып тағайындалды. Орал облысындағы қазақ интеллигенттерін Кеңес мекемелеріне жұмысқа тарту жөніндегі Струппе төрағалық ететін айрықша комиссияға Қаратілеуовпен бірге мүше болды. Алайда, сол 24-маусым күнгі мәжілісінде Қазәсревком шешімінен өзгеше шешім қабылдап, Орал губкомының және оның төралқасының төралығына Струппені бекітті, Қасаболатовты губревком мүшесі етіп белгіледі. Кейінірек Струппе губревком төралқасының төрағасы қызметін атқарып, екі шешім бірқатар уақытқа шейін қосарланып келді. Сондықтан көптеген кұжатта және әдебиетте Қасаболатов Орал губревкомы төрағасы деп көрсетіліп жүр. 1920 жылы шілдеде айтылмыш төралқа шешімімен Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезіне дайындық комиссиясына губревком тарапынан мүше болып кірді. Осы съезде Орал облысы делегациясының ұсынуымен КАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. Қазақ РК(б)П облысы комитеті бюросының 1921 жылы 3 мамырдағы шешімімен Орынборға қызметке шақырылды. 1921-22 жылдары Қазақ РК(б)П облыстық комитетінде жауапты қызметте болды. Осы жылдары зайыбы қайтыс болғаннан кейін белгілі дәрігер, Батыс Алашорда қайраткері Д.Күсепқалиевтің қызы Ғайни-Жамалға үйленді. 1922 жылы бұрынғы алашордашыларға қарсы науқан тұсында III Қазақ өлкелік Кеңестер съезінің қаулысымен қызметтен босатылды. Қазақ РК(б)П облыстық комитеті төралқасының 1921 жылы 19 қазандағы шешімімен, Бақылау комиссиясының мақұлдауымен ішкі істер халық комиссариатына жұмысқа жіберілді. 1925-28 жылдары тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобы құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен Ф.И.Голощекин жетекшілік еткен оны Қазақ өлкелік РК(б)П комитетінің бюросы осы қызметтен босатты. Сол жылғы желтоқсандағы мәжіліс Қасаболатовтың өзімен келісе отырып, Қазақстаннан тыс жерге жіберу жөнінде шешім қабылдады. Көп ұзамай РК(б)П ОК-нің карауына шақыртылып, әуелі Саратов, соңынан Астрахан қаласына жіберілді. 1930-31 жылдары Астрахан қаласындағы РК(б)П ауданы комитетінің хатшысы, Астрахан округтік аткару комитеті төрағасының орынбасары болды. Негізінен ұлтаралық қатынас, ұлт мәселесімен айналысты. 1931 жылы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алматы медицина институтына қызметке шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалды. Қазақстанда айтылмыш оқу орны арқылы маман дәрігерлер даярлауды жүйелі жолға қою ісі Қасаболатов есімімен байланысты. Ол директор болған кезеңде әзірленген кадрлар арасынан кейін акад. эпидемиолог И.Қарақұлов, академик-вирусолог Жұматов, профессор-хирург Е.Өмірзақов тәрізді білікті мамандар шықты. 1933 жылы ол «Студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен директорлықтан босатылды. 1933-35 жылдары Алматы облысындағы «Қызыл қайың» кеңшарының директоры. 1935 жылы мамырда РК(б)П қатарынан шығарылды. 1936 жылы мамырда РК(б)П- ға мүшелігі қалпына келтірілді. 1936-37 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында эконмикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқарушысының 2-орынбасары. «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылы 29 тамызда Алматы қаласында ІІХК органдары тарапынан тұтқындалды. 1938 ж. 26 ақпанда «Мемлекеттік кылмыс жасады» деген айыппен ату жазасына кесілді. КСРО Жоғары соты Әскериколлегисының 1957 жылы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталды. Соңында Хүпби-Жамал, Шафхат, Мара, Шәміл, Бану, Нинель, Нәзір, Раиса есімді ұл-қыздары қалды. Республика Опера және балет театрының бұрынғы әншісі Хүпби-Жамал Есенғалиқызы 2001 ж. Алматы қаласында қайтыс болды. Жиен немерелері Ғалия мен Клара аға жолын қуып, дәрігер мамандығын игерген.
Әдебиеттер:
- Амангелдиев К. Адырлы асулар. – “Қазақстан” баспасы, 1977. – 72 б.
- Қасаболатов Есенғали Керейұлы // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес., С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.219-222
- Қасаболатов Есенғали // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.264-358
- 1937-2007 тауқымет пентағзым. – Алматы: РИИЦ-Азия, 2007. – Б.110-111
- Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б. 160-161
Интернет сілтемелер: