Қараш Ғұмар (1875-1921)

23Көрнекті Алаш қайраткері, діндар-ақын Қараш Ғұмар 1875 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Қырқұдық ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, Жалпақталдағы Ғ.Ғәлікейұлы ұстаған медреседе оқиды. 1902-1910 жылдары жиған білімімен ауылында Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. Сол шамада әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыруымен Көлборсыға мұғалім болып келеді. Жаңалыққа жаны құмар, имандылық пен дәстүрдің жібін үзбеген әдеби орта қалыптастыруға себепші болады. Қайраткер 1907 жылдан бастап татар және қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарға мақала жариялай бастайды. 1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. Осы кезеңде қазақтың саяси көзін ашатын, рухани байытатын «Ойға келген пікірлерім». «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел қажы» атты кітаптар жарияланды. Ол Ғабдолла Мұштақ (Алланың зерделі құлы) атты бүркеншікпен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне мақалалар жазып тұрды. Орынборда «Шайыр…» және «Көксілдер…» атты жинақ шығарды. Ғ.Қараш ұлт идеясын көтеру мен елшілдік мәселесін талдап-таразылауды бірізді және жүйелі жазған қаламгер. Ол XIX ғасырда мұсылмандық Шығысқа ерекше серпін берген, тіпті Қазақ даласындағы Абай сынды даналардың рухани ниеттесіне айналған Мысыр мүфтиі М.Абдо мен пәлсапашы Ж.Афғани реформаларынан хабардар еді.

Санаткер «Өрнек» аталынған еңбегінде «Адамдар әр ісінде Алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, яғни себебіне кіріспесе, ыждағат етпесе, ғылым-өнер үйреніп, орнына қолданбаса, ол адам иман келтіріп, бойұсынған болып шықпайды. Бұл екпей егін күту һәм әкесіз перзент үміт ету секілді нәрсе»,-дейді. Бұрынғы-кейінгі қазақ шындығын осы қағидатпен сараптап жіберсек, «әй, қап!»-қа үн қосып жіберетін жағдайымыз жоқ та емес. Мұны Қараш та жақсы аңғарса керек, аталған кітабында: «Өнерсіз, жалқау халықтардың ақырында көрешегі өз алдына, дүниеде-ақ бек ащы жаза тартады. Тартқаны сол: басқа өнерлі, ғылымды елдерге құл болады. Қара басының билігі, ықтияры болмайды. Адамдар ретінде кіре алмайды, хайуан деуге сорты келмейді. Екі аралық жануар ретінде аяқ астында тапталып, күні мен дінінен бірдей айырылып, ғақпетінде әлек болады»,-деп жазады. Мұндағы «ғақпет» – өмірдің сын сәті деген мағына береді. Ағартушының пайымынша, ұлттың күйреуі – оны сақтай алмағандардың ісі ретінде бағаланып, олар Жаратқан алдында күнәсіне қарай жаза тартады. Қайраткер-ақынның ұлт бірлігіне қатысты да айрықша ойлары бар. Бұл орайда Ж.Афғани пайымына сүйене отырып айтқан Қараштың мына пікірі аса маңызды деп білеміз: «Әрбір адам сол милләттің бір ағзасы болғандығы үшін өзіне тиіс болған өнер сүнғатты біліп, дәйім милләтке пайда келтіріп, ол арқылы өз басының тірлігін сақтауға міндетті».  Мұны бүгінгі  танымға түсінікті етіп айтсақ, мемлекет халқы бір организм (ағза), бір ұлт болып, елді көтеретіндей кәсіппен айналысуы қажет. Осының нәтижесінде қоғамның әрбір мүшесі өз орнын анықтайды. Бұл қағидаттың адамзат дамуына ешқандай қайшылығы жоқ. Елін, жерін аса қадірлеген, сол үшін азаматтықта да, ақындықта да аянып қалмаған Қараш адамзат пен ұлтқа ең ділгір қасиет ретінде ар-ожданды атайды. Татардың «Шора» журналында 1911 жылы жарияланған «Ар-ождан – сенім өлшемі» атты мақаласында ол: «Әрбір жағдайда ар-ождан биік тұруы керек. Сонда ғана оның қасиеті жоғары болмақ»,-деп жазады. Әлбетте, Қараш сыны ұлтқа шын жаны ашыған адамның сыны. Оның елге, замандастарына айтқан ақылын да осы өреде түсінеміз. Заманаға шынайы көзбен қарайтын ақын: «Дүниеде не арзан?» деп сұраушыға «Біздің қазақ жігіттерінің ғұмыры» деп жауап берілсе, бек дұрыс жауап болмақ» дейді. Бұл пәлсапалық сұрақ пен жауап бүгін де көкейкесті естіледі. Қайраткер 1916 жылы бөкейліктер атынан Петерборға барып, Астрахан қазағы басып алған жерді және тиесілі жерді қазаққа орнымен бөліп бер деген өтініш хатты бас министрге тапсырады. 1917 жылы  Ордада өткен Бөкей қазақтарының сиезіне қатысады. 1917-1919 жылы Алаш қозғалысына белсене араласады. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сиезде қази болып сайланады. 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумында сабақ береді. Сол жылы қыркүйекте Бөкей губерниясының мұғалімдер сиезіне қатысады. 1918-1920 жылдары  губерниялық кеңестердің төрт сиезіне делегат болады. Мұнда мағыналы сөз айтады. 1919 жылы Бөкей губаткомында істейді. Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты журналды шығарушылар алқасына кіреді. Ол осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі әрі тілшісі болады. 1920 жылы маусымда Бөкейдің II губерниялық партконференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып сайланады. Қайраткер жаңа қоғам жұмысына белсене араласып, халық қамқоршысы ретінде танылды. Сөйткен тұлға 1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қашқын әскерилер қолынан қапияда мерт болды.

 

Әдебиеттер:

  1. Боранбаева Б. Ғұмар Қараш қоғамдық-саяси қызметі. – Алматы: “Арыс” баспасы, 2014. – 232 б.
  2. Боранбаева Б. Ғұмар Қараштың алаш қозғалысындағы орны мен рөлі // ҚазҰУ Хабаршысы. – 2016. – №3. – Б.161-165
  3. Боранбаева Б. Ғұмар Қараштың ағартушылық қызметі // Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік Университетінің Хабаршысы. – 2016. – №1. – Б.87-91
  4. Боранбаева Б. Ғұмар Қараштың Кеңестік билік тұсындағы қызметі // Отан тарихы. – 2016. – №1. – Б.109-114
  5. Боранбаева Б. Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі (1875-1921жж) : автореферат. – Орал: Қазақстан Республикасы, 2009. – 30 б.
  6. Жұмағұл С. Әлихан және Ғұмар // Қазақ әдебиеті. – 2016. – 22 сәуір. – Б.5
  7. Кабиева А. ХХ ғасыр басындағы Батыс Қазақстандағы демократиялық басылым – “Қазақстан” газетінің тарихы // Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал. – 2010. – № 7. – Б.33-35
  8. Кажушева Р. Алмас қылыш қап түбінде жатпайды // Жайық үні. – 2006. – 27 сәуір
  9. Қамзабекұлы Д. Алаш зиялылары дінге қалай қарады?: Тағылым // Ақиқат. – 2014. – № 4. – Б.54-57
  10. Кәкімов Т. Ғұмар Қараш қоры құрылды // Орал өңірі. – 1993. – 22 мамыр
  11. Қараш Ғ. Жұртым саған не болды?! // Жұлдыз. – 1998. – №9. – Б.3-4
  12. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың: тарихи очерктер. – Алматы: “Жеті жарғы”, 1998. – 192 бет.
  13. Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы – Ақтөбе: Полиграфия, 2004. – 390 б.
  14. Тәжімұратов М. Ескерткіш – елдіктің белгісі: Ғұмар Қарашев бейіті басындағы ой // Орал өңірі. – 1990. – 16 қараша
  15. Шканова Б. Ғұмар Қараш – ғұлама дарын // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1997. – № 11-12. – Б.69-72

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Ғұмар_Қараш