Тұрлыбаев Айдархан (1877-1937)

13

Тұрлыбаев Айдархан  (1877, Ақмола облысы, Көкшетау уезі Мезгіл болысы – 1937, Омбы қ.) – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1897 жылы Омбы гимназиясын, 1897-1902 жылдары Санкт-Петербор университетінің заң факультетін бітірген. 1902-1917 жылдары Омбыға заң орындарына қызметке жіберіледі. Заңгердің қайраткерлігі жөнінде «Қазақ» газеті 1917 жылы былай деп жазды: «Айдархан 1 һәм 2-Гос. Думаға лайық еді…»

1917 жылғы төңкеріс жылдары қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласып, Қазақ елінің келешегі үшін келелі істер атқарған.  Оның жетекшілігімен Ақмола облыстық қазақ сиезі өткізіледі.  Онда дәурені өткен бұрынғы жергілікті билік тармағын таратып,  земство енгізу, ана тілінде, жалпы  тегін оқыту, халықтың діни мұқтаждарын орындау мәселелері талқыланады. Әсіресе, жер мәселесі өткір қаралған. Осы сиезде әр уезден келген 150 делегат А.Тұрлыбаевты Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды.

1917 жылы А.Тұрлыбаев Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысқан. Ол І сиезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайға және Бүкілресейлік мұсылмандар сиезі – «Шора-и-Исламға» делегат болып сайланды. ІІ сиезде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесіне Ақмола облысынан мүше болып сайланады. Осы сиез үкімет төрағасын сайлағанда, А.Тұрлыбаев Ә.Бөкейхан, Б.Құлмановтармен  бірге баламалы негізде ұсынылады. Дауыс нәтижесінде А.Тұрлыбаев Әлиханнан кейін екінші орын алады. Большевик пен Алаш ашық күрескен жылдары қайраткер Х.Ғаббасұлы, Б.Мәметұлы сынды азаматтармен бірігіп Семейде бір ұлт полкін жасақтауда ерекше еңбек етті.

1919 жылы 11 ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметінің ішкі істер министрінің  орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалық етуімен алдын-ала талданған  «Қазақ  халқының  әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» бойынша Ә.Бөкейхан,У.Танашевпен бірлесіп  сындарлы ой айтады.

Кеңес өкіметі тұсында Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізушісі болып қызмет атқарады. Саяси қуғын-сүргін  көрген А.Тұрлыбаев 1934 жылы абақтыға жабылып,  6 ай азап шегеді. 1937 жылы 14 маусымда қайта ұсталып, «ұлтшыл», «ұлттық буржуазия өкілдерінің сойылын соғушы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесіледі. А.Тұрлыбаев 1957 жылы ақталған.

Омбы облысының мемлекеттік архивіндегі құжаттар Қазақ елі тарихының әр кезеңінен сыр ақтарады. Құнды материалдар әсіресе, Омбы қаласы Далалық аймақ пен Ақмола облысының орталығы болған уақыт бойынша көп жинақталған.   Ресейдің Омбы облысы федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатында  «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекеті үшін» деген жалған айыппен тұтқындалған  А.Тұрлыбаев пен оның серіктеріне қатысты том-том «істер» сақталған.

Әдебиеттер:

  1.       Ақтаев С. Алаш көсемдерiнiң бiрi Айдархан Тұрлыбаев туралы // Ақиқат. – 2005. – № 8. – Б.77-82
  2. Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Таймас, 2013. – 240 б.
  3. Дулатова Г.М. Алаштың сөнбес жұлдыздары: естелік-эссе. – Алматы: Мектеп, 2012. – 392 б.
  4. Кемеңгер Қ. Айдархан Тұрлыбайұлы // Абай. – 2015. – № 1. –  Б.64-69
  5. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы: публицистикалық зерттеулер мен мақалалар / Б. Толепберген. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – 304 б.
  6. Төлеубаева А. Айдархан Тұрлыбаев жайында не білеміз? // Семей таңы. – 2017. – 7 ақпан. – Б.3
  7. Тұрлыбаев Айдархан // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.399-400.
  8. Тұрлыбаев Айдархан // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы:  «Арыс» баспасы, 2009. – Б.318

Интернет сілтемелер:

https://www.inform.kz/kz/

https://kk.wikipedia.org/

http://alash.semeylib.kz/